Мемлекеттер басшыларының өңірдің дамуы мен өзара интеграциясына қатысты 28 баптан тұратын Бірлескен мәлімдемесі өте құнды. Бауырлас елдер тәуелсіздіктерінің 30 жылдығы қарсаңында өткен кездесуде Арал теңізінен бастап, су мәселесі және қазіргі жаһанды алаңдатқан пандемия да талқыланыпты.
Тарихқа сүйенер болсақ, Орталық Азия мемлекеттері дербес әрі тәуелсіз жағдайда өз тағдырларын дәл осындай форматта талқыламаған. Үнемі Батыс пен Шығыстың геосаяси мүддесінде тұратын тілі, ділі, менталитеті ұқсас Орталық Азия елдері заманауи сын-қатерлерді қазіргі кезеңде дұрыс бағамдаған секілді. Түркі тілдес емес жалғыз ел – Тәжікстан шекарасына тіреліп тоқтаған Ауғанстандағы жағдай да аймақтағы онымен шектесетін тағы бір ел – Өзбекстанның ғана емес, өңірдегі 70 млн-ға жуық халқы бар өзге елдердің де ортақ мәселесі.
Одан бөлек, соңғы жылдары әлемдік аренада түрлі бастамашылық идеяларымен көзге түсетін Қазақстаннан бөлек, Орталық Азия елдерінің де тың ұсыныстар көтеріп жүргенін жиі байқаймыз. Мәселен, осы кездесуде өзбек тарапының Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Көліктік-коммуникациялық өзара байланысты дамытудың өңірлік орталығын құру туралы бастамасы қолдау тапты.
Оған қоса, мемлекеттер басшылары Тәжікстан Президенті Э.Рахмонның 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау және Мұздықтарды қорғау халықаралық қорын құру туралы ұсынысын да қолдағанын және Түрікменстан Президентінің Төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға бағытталған БҰҰ Стратегиясын әзірлеу туралы бастамасына, сондай-ақ БҰҰ аясында энергетикадағы басым бағыттардың бірі ретінде сутегін дамыту жөніндегі халықаралық «Жол картасын» құруға қолдау білдіргенін де айтқан жөн.
Орталық Азия көшбасшыларының Консультативтік кеңесінің бірыңғай рәмізі туралы да шешім осы жолы шешіліпті. Алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін Консультативтік кеңестер нәтижесінде аймақтағы ең күйіп тұрған шекара мен анклавтар мәселесі және ауыз суды бес ел өзара бөліске салғанда да оң шешімдер қабылданады деп үміттенеміз.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
Орталық Азия бойынша шолушы