Абай • 10 Тамыз, 2021

Хакім мұраты

509 рет көрсетілді

Абай – қазақ ұлты үшін ерекше дана тұлға. Ұлы дарын иесінен жеткен мұра сөз – қадірін таныған жанның жүрегінен орын тауып, санасын тербейді. Абайға бас қойған пенде баласы іздегенін табады. Бірде қазақы тойда тілек сөзге шорқақ бір ағамыз: «Той десе қу бас домалайды деп» Абай атам айтпақшы» деп салды. Яғни ұтым­ды айтылған сөздің бәрін қазақ Абайға тели салады. Неге?

Бұл сұраққа жауап айтпас бұрын дананың жеке басына және өмір сүрген ортасына үңілген жөн. Жарықтық өзінің әкесі жайлы баласы Әбдірахман өліміне арнаған өлеңінде:

Арғы атасы қажы еді

Пейіштен татқай шәрбәтті, –

деп бастап, адалдық, ақыл жасынан, жанына тыныштық бермеген, мұңлы, шерлі жоқ-жітікке қайыры мол, кісіге алалығы жоқ, әділ, мырза деп толғайды. Қашаннан асыра мақтауға әдеттенбеген Абай әкесі Құнанбай қажыға жоғарыдағы игі қасиеттерді теліп шығады. «Ол сыпатты қазақтан дүниеге ешкім келмепті», дейді. Енді бір өлеңінде «зекет жиып, егін сап, тойдырған ғаріп, жатақты» деп Меккеде уақып үй салды деп тамсанады.

Одан кейін ғұламаның анасы Ұлжан, қалаберді әжесі Зере. Абайдың бұлар жайлы «ана тегің ондағы өзен судың тұнығы» дейді. Екі асылдың біріне теңейді.

Ал Абайдың оқу-тоқуына тоқталсақ, ілімінің іргетасы Ахмет Риза медресесінде қаланды. Онда үш жыл дәріс алды. Әуезов жазғандай: «Оқушы шәкіртінің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары». Енді мағлұм болды. «Халқына деген махаббат, талап пен ұғым шығады» деп дананың өзі айтқандай, ақылы мен қайратына қаруды «жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» тапқан Абай, ислам кәусарымен ауызданып, бала кезден адал мен арамды хақтың заңымен айыра білген.

Сондықтан болар, ғұламаның әр нәрсеге берер бағасы дәл. Айтары анық. «Көңіл құсы шартарапқа шарықтаса да» әсіре шалқу, бей-берекет лағу Абайға жат. Себебі Абай сүйенген тұғыр – ғаділет сезім. Ғаділет дегеніміз – әр нәрсеге берілер бағаның дәлдігі.

Абайды біз хакім деп таныдық. Хакімнің сипаты – ақиқатты мүлтіксіз танымағы. «Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр.(!) Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды (38-ші қарасөз). Абайдың мұраты осы.

Абай – ақын. «Абай – ақылдың ақыны» деген Әуезов. Бұл – барша қазақ келіскен мәміле. Өзі айтады: «Біз жаратушы емес, жаратқанның көлеңкесіне қарай білетұғын пәндеміз. Ол махаббат пен ғаділетке қарай тартпақпыз. Сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады» (!) (45-ші қарасөз). Міне, қадірлі оқырман, Абай мұратын осылай жария етіп отыр.

«Аллаһтың хикметін сезу!». Және анығырақ дейді! Оған барар жол қайсы? Жауап: «Мүмин болсаң әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол». Бұл Абай меңзеген иман мұраты. Абай жазған өлеңін – көңіл сергітерлік ермек емес, көкірегі сезімді, тілі орамды жастарға шашқан үлгім деп жар салады. Тілі орамдыға бағыттауының себебі – сөзінің жалғас табуына іңкәрліктен туса керек-ті. Хакім Абай – ғалым. Ғалымға жүйелілік тән. Ретті сүйеді. Сонымен ол өз қаруын сипаттайды, яғни өлеңге баға береді. Жүйеге жүгіне сөйлейді дана, айтарын саралап анық жазады.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.

Қиыннан қиыстырар ер данасы»

дей келе, қажетті факторларды тізеді. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі шарт, жұп-жұмыр тегістік, бөтен сөзбен былғанбауы керек дейді. Бұған қайшы келсе, шарасы кем, ғылымы аз жанның ақын аты қалғанымен қажетті талап үрдісінен шықпай қалатынын айтады. Сөйтеді де, Абай өз мұратын меңзейді. Сүйенерін паш етеді. Әр сөздің қадір-қасиетін қылаусыз танитын дана «әуелі» деп бас­тайды. Бұл жердегі «әуелінің» жөні тым басқа. Абайдың әуелісі – табан тірер тұғыры, сөзінің басы. Өзі айтқандай «қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» деген иманы. Сонымен Абай:

«Әуелі – аят, хадис сөздің басы,

Қосарлы бәйіт мысал келді арасы.

Қисыны мен қызықты болмаса сөз

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы», – деді. «Жә, бұдан не инандық» демекші – Абай аятқа сүйеніп, хадистен тиянақ тауыпты. Себебі аят – Құран бөлшегі – Алланың сөзі дүр. Хадис – пайғамбарымыз Мұхаммедтің өнегесі! Бұл – мұсылман Абайдың – Құнан­бай қажының ұлы Ибраһим хакімнің мұраты.

 Абай өзінің анық мұратын осылайша айқындайды. «Алладан келген төрт кітаптың» адамзат қолындағы анығы – Құран Кәрімді рас деп таныған – абсолютті ақиқат деп білген Абай ұлы кітаптың түпнұсқасының тұнығынан кәусәр тартады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерін жанына азық ете отырып сөз қозғайды. Шын ақиқатқа өзі айтқандай иманмен бой ұрған Абайға, зердесі орасан, қабілеті жойқын Абайға хас даналық есік ашқан. Сондықтан да ұлы ғылымға бас қойып, мінсізге сүйенген Абайдың да назарынан тыс дүние аз. Сонысымен де Абайда мін жоқ.

«Қисыны мен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы»,

дейді Абай. Абай танымындағы дін – схоластика емес. Өмір сүрудің салты. «Ғұмырдың өзі хақиқат. Ғұмыр жоқ жерде кәмәлат (толысу), кемелдену жоқ», дейді дана. Дін ислам қалғып-мүлгіген сөлсіз сөз, жалаң ғибадат емес, шынның жүзін тану! «Ет жүрексіз ерніңнің сөзін айту» емес. Абай мұраты – хақты тану! Сүйенгені – абсолютті ақиқат. Хақтан тиген қабілетін қару еткен, хақ жолына жұмсаған Абай Гетедей 143 том, Толстойдай 96 том жазбаса да өнімі – адамзатқа үлгі болардай аса сом сөз мұрасын қалдырды.

 

Соңғы жаңалықтар

Киіктер кімге кедергі?

Қазақстан • Кеше

Екі ауылға газ жетті

Аймақтар • Кеше

Инфляция иіле ме?

Қоғам • Кеше

Дәрі мен сөз дәруі

Медицина • Кеше

«Алтайдай жер қайда?!»

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар