17 Қаңтар, 2014

Атырауда мекеме басшысы парамен ұсталды

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1701-batisАтырау облысындағы қаржы полицейлері Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының басшысы Амантай Ербозовты пара алып жатқан жерінен ұстады. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.

Ол қарамағындағы екі азаматқа қызметтеріңді өсіремін деп олардан пара алған көрінеді. Сондай-ақ қызметкерлеріне қысым көрсетіп, сыйақыға бөлінген қаржының тең жартысын жасырған. Тексеріс жұмыстарын жүргізген қаржы полициясының қызметкерлері мекеме басшысының мемлекет мүлкін өз пайдасына жаратып келгенін анықтады. Нақты айтқанда, ол іс-сапарларға қатысты билетті ұшаққа алынды деп толтыртып, өзі пойызбен жүрген. Ал артылған қаражатты жеке қажеттілігіне жаратқан екен. Мұнан өзге, мекемеге бөлінген жанар-жағармай мен автокөлік бөлшектеріне де сұқ қолын сұқты деп айыпталуда. Естеріңізге сала кетейік, Батыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына қызмет көрсетеді.   

«Батыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы басшысына қатысты пара алды деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 311-бабының 4-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін», - дейді облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Заңғар Заңқанов.

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы

Фото: «Қазақстан» телеарнасы.

Соңғы жаңалықтар