Аймақтар • 13 Тамыз, 2021

Жас мамандарды қолдау қай деңгейде?

392 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Жалағаш ауданында тұратын оқырманымыздан хат алдық. Зейнеткер ұстаз Мәрия Ханзадақызы өз хатында ірі өндіріс орындары жоқтың қасы саналатын аудандағы жұмыссыздық мәселесін көтеріпті. Ауданда мамандық алып келген қаншама жас үйінде отыр немесе Жұмыспен қамту орталықтары тауып берген уақытша жұмысты малданып жүр.

Жас мамандарды қолдау қай деңгейде?

 Солардың бірі – хат авторының ұлы Бақдәулет Ханзадаев. Ол осыдан екі жыл бұрын облыс орталығындағы медициналық колледжді бітіріп, тәжірибеден де өткен. Бірақ қазір дипломды сандыққа салып қойып, орталық берген маусымдық жұмыста жүр.

«Сондағы алатын айлығы бір аяқкиімге жетпейді. Жұмыспен қамту орталығы өз мамандығы бойынша жіберуге құзырлы емес. Жап-жас білімі бар қыз-жігіт­тердің көшеде қоқыс тазалап жүргеніне қарным ашады. Емхана бас дәрігеріне бірнеше рет жұмыс сұрап бардым. Мені «Бір орынға үш-төрт адамнан келеді, жұмыс жоқ» деп шығарып салып, артынша талай адамды қабылдағанын көріп отырмын. Балам екеуміз ғана тұрамыз, асыраушымыз жоқ, яғни әлеуметтік жағдайы төмен отбасымыз. Сай­лаулардың қарсаңында «Біз бір­геміз!» деп ұрандайтын партиялардан да көңілім қалды», дейді хат иесі.

Хат иесі көтеріп отырған мә­селе – жастарды жұмыспен қамту қазір облыстағы өзекті мәселелердің біріне айналғаны рас. Жуырда облыс әкімдігі жа­нындағы Жастар істері жө­ніндегі кеңес отырысында аймақта Қа­зақ­стан Республикасы жас­тарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жос­пардың іске асырылу барысы баян­далды. Бүгінде аймақта 14 пен 28 жас аралығындағылардың саны 176  300 адам. Жұмыссыздық деңгейі 4,2% болса, NEET сана­тындағы жастар 8,3%-ды құрай­ды. Жиында мамандарды мұ­қият тыңдаған облыс әкімі Гүл­­шара Әбдіқалықова тиісті бас­қармаларға Ресей Феде­ра­ция­сының жоғары оқу орында­рын бітіруші түлектерді маман­дық­тарына сәйкес жұмысқа ор­наластыруға тапсырма берді.

Жалпы, Сыр бойы жастарын Ресейдегі жетекші оқу орын­дарында оқыту тәжірибесі 2014 жылдан бері бар. Осы күні облыс әкімдігі мен Ресей Федера­циясының жоғары оқу орындары арасындағы меморандумға сәйкес Мәскеу мен Санкт-Петер­бургтің 4 жоғары оқу орнында 212 жас білім алып жатыр. Ресей Үкіметінің гранты негізінде сол елдің техникалық жоғары оқу орындарын тәмам­дағандардың алғашқы легі «СКЗ-У», «Қызылорда жарығы», «Ансар Сервис», «Теплотехник» серіктестіктері мен мамандан­дырылған мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасқан. Одан кейінгілер де жергілікті кәсіпорындарға орналасып, маман атанып жатты.

– Былтыр 20-25 баланы жұ­мысқа орналастырдық. Биыл диплом алған 77 түлектің 17-сі магистратураға түсіруді жос­пар­лағаны анықталды. Жи­ыр­ма шақты жастың жұмыс тап­­қаны, үйленгені, басқа ай­маққа көшіп кеткені белгілі болып отыр. Қалған 40 түлекті жергілікті мекемелерге орналас­тыру үшін келісімдер жасалып жатыр, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Нұркен Мықбасов.

 Биыл оқу бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру бойын­ша облыстағы мұнай, уран өндіретін компанияларға, басқа да ірі кә­сіпорындарға ұсыныс хат жолданыпты. Жуырда 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» бағ­дарламасы аясында біздің ай­маққа насихат жұмыстарын жүр­гізуге солтүстік өңірден кел­ген­дер де осы жастарға назар аударыпты.

 Кейбір мамандық иелеріне сай жұмыстың облыс тұрмақ, рес­публикада сирек кездесетіні де қиындық туғызып отыр. Табылған жұмысты місе тұт­пай­­тындардың кездесіп қала­тынын да жасыруға болмас. Бірақ мамандардың сө­зінен аңғар­ғанымыз, тәп-тәуір баста­ма­ның жалғасып кетуіне басты кедергі осы мәселемен нақты айналысатындардың анық­тал­мағанынан болып отырған сияқты. Бірнеше басқармаға тең бөлінген міндеттің соңы «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім саларға» айналып кеткендей әсер қалдырып отыр.

Осыдан да облыс әкімі Жас­тар істері жөніндегі кеңес отырысында осы мәселеге баса назар аударып, Ресейден оқу бі­тіріп келген жастарды жұ­мыспен қамтудың жол картасын әзірлеп, бекітуге енгізуді тапсырды. Сонымен бірге жоғары және орта арнаулы оқу орындарын тәмамдағандарды тиімді жұмыспен қамту мақсатында техникалық, кәсіптік және жо­ғары білім беру ұйымдарының ма­мандықтары бөлінісіне талдау жүргізіп, еңбек нарығына қажетті мамандықтар тізбесін қайта жа­сақтау қажеттігі басқарма бас­шы­ларының назарына салды.

Әкім берген тапсырманың межелі мерзімі де өтіп барады. Есітуімізше, көрші мемлекеттен оқу бітіріп келген жастарды жұмыспен қамтудың жол картасы жасалып та қойыпты. Бірақ бұл бастама оқуын бітіріп келгенімен, жұмысқа орналаса алмай талай жерде меселі қайт­қан жастарға жол аша ма?

ҚЫЗЫЛОРДА