Қоғам • 13 Тамыз, 2021

"Хат қоржын" оқырман жаңалығымен бөліседі

417 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
"Хат қоржын" оқырман жаңалығымен бөліседі

...ой бөліседі

Ауылымыздың іргесі берік, түтіні түзу

Кеңес Одағы ыдыраған соң ауылдан береке кете бастады дейтіндер көп. Бұл сөз негізсіз де емес. Өйткені өмірімізге дендеп енген нарық­тық экономиканың заңы аса қатал. Өкімет өлтірмейді дейтін қатаң көзқарастан арылып, әркім өзінше тырбанып тіршілік етпесе, алдағы күнің бұлыңғыр болмақ.

Ауыл – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған алтын қазынасы, ұлттың ұстыны. «Ауыл – алтын бесігіміз». Ауыл жоқ жерде қазақ та жоқ. Сондықтан ауылды сақтап қалудың маңызы аса жоғары.

Осы жерде менің айтпағым, біздің ауылдың іргесі берік, түтіні түзу. Қаңырап бос қалған бірде-бір үй жоқ. Қайта үйлерін жаңалап, ертеңгі күндеріне бек сенімді екендіктерін аңғартқан отбасылар баршылық.Мәселен, биылдың өзінде жаңадан жеті-сегіз үй бой көтерді. Алда да көтеріле беретініне сенім мол. Ал бұған ауылдастарымның өмірдің мәні де, сәні де еңбек дейтін ұстанымдары дәлел.

Бір ғана әттеген-айы, осыдан біраз жыл бұрын өртеніп кеткен клуб үйі қайтып қалпына келтірілген жоқ. Осы мәселе оң шешілсе, ауыл өмірі көңілді бола түспек.

Жеңіс СМАҒҰЛОВ,

ауыл тұрғыны

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы,

Сәуле ауылы

 

...қынжылысын білдіреді

Екпе алмай, еңсеміз көтерілмейді

COVID-19-дың елімізге дендеп енгеніне де бір жарым жылдан асып барады. Тиісті жауапты орындар тарапынан қабылданып келе жатқан қажетті шараларға қарамастан, індеттің беті қайтар түрі байқалмайды. Бұған бір жағынан өзіміздің де кінәміз бар. Сақтық шараларына толық мойынсына бермейміз. Той-томалақ, басқа да көпшілік іс-шаралар мен басқосу, жиындар бір сәт толастаған емес. Осындай жауапсыз қадамдардың салдары да ауыр, соңы кейбір жағдайларда өлім-жітімге соқтырып жатыр.

Меніңше, бұл індетке қарсы тұрудың ең бір ұтымды жолы – екпе салдыру, сөйтіп ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Қазір не көп, ақпарат көп. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, екпеге қарсылық танытқан, бірақ көлденең тартар бірде-бір айғақ, дәлелі жоқ ақпараттан көзің тұнады. Ал фейктерге сеніп, екпе десең ат-тондарын ала қашатындар қатары көбеймесе азаяр емес. Бір қызығы, ондайлардың арасында қарапайым азаматтармен қатар, оқыған-тоқығаны бір басына жететіндер көп.

Бұдан шығатын қорытынды мынадай: халық арасында әлі де болса вакцинаның маңызы туралы насихат жұмыстары жеткіліксіз. Екпенің тиімділігін білікті мамандар жіліктеп түсіндіріп берсе, қол-аяғын тіреп сіресіп тұрғандар қатары айтарлықтай селдірейтіні сөзсіз. Әйтпесе күні кеше өткен Үкімет отырысында ауырып жатқандардың 99,9 пайызы екпе алмағандар екені атап көрсетілді. Кім-кімге де ой салатын жайт.

Хамза ТАШАУОВ,

«ADM Machineri&Service» ЖШС

директорының сату жөніндегі орынбасары

НҰР-СҰЛТАН

 

...бірізділікке шақырады

Аты-жөнімізді қашан дұрыстаймыз?

Еліміз тәуелсіздігін жариялағалы бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Бірақ азаматтарымыз әлі күнге өздерінің аты-жөндерін бір ізге түсіріп, қазақшалай қойған жоқ. «Ов» пен «ев»-ке кенеше жабысқандар арамызда әлі толып жүр. Қазақтығымыз толық қалыпқа түспей, бұл мәселе жөнге келе қоймайтын секілді. Бұған арамызда орыс тілінің ықпалы бұрынғысынша күшті болып тұрғаны да өз кесірін аз тигізіп отырған жоқ десек, қателеспейтін шығармыз.

Жалпы, өзге ұлттардың кім екенін ата-тегінің жазылуынан-ақ бірден аңғарасың. Тіпті кеңестік кезеңде де ұлттық қалыптарынан ажырамаған халықтар баршылық. Сондықтан осы ұлтымыз үшін маңызы айтарлықтай жоғары іске баса мән беретін кездің келгені анық. Және бір атап айтар жайт, ата-тегімді қазақшалаймын дегендерге тиісті органдар тарапынан бюрократиялық тосқауылдарды мейлінше азайту керек. Өйткені осы бір қақпақыл мен созбұйдадан қашып, ХҚО жаққа аттап басқысы келмейтіндер де аз емес екені анық.

Ердахмет ДОСТЕМЕСҰЛЫ,

еңбек ардагері

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы,

Шығанақ ауылы

 

...ұстанымын ортаға салады

Бұл – менің жеке көзқарасым

Кейбіреудің жеке ұстанымы, өмірдегі құбылыстарға көзқарасы көпшіліктің пікірімен қабыспай жатуы әбден мүмкін. Бірақ қазіргі демократия деп айдар тағылған заманда кез келген адамның өзінің белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасы мен ұстанымын ашық білдіруге толық құқығы бар ғой деп білемін.

Осы орайда менің айтпағым мына бір шетін мәселе жайында еді. Бүгінде қыз ұрлау үдерісі бұрынғы кездердегідей кең етек жаймаса да кездесіп қалып жатады. Ал бұл мәселеге қарсылар қатары да күн өткен сайын қалыңдай түсіп отырғандай. Қыз ұрлағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс дейді осы көзқарастағылар. Олардың уәждері де белгілі: екі жас өз еріктерімен сүйіп қосылулары керек.

Бұған қарсы уәж келтіретін болсам, мен де қыз алып қашып үйлендім. Қазір заңды некедеміз. Тегін де өзіме ауыстырып алдым. Біз сияқты осындай жолмен бақытын тапқандар да аз емес екені тағы аян. Барлығы қыздың ақыл-парасатына байланысты. Ал ұрлаған жігітке тұрмысқа шығуға үзілді-кесілді қарсылық танытса, ондай қызды зорлықпен ұстаудың да қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Сонда «құда да, құдағи да тыныш» болады, яғни жігіт жағы істі болудан басын арашалап қалады.

Кенжетай БАЙҚОЖА

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы