Өңірдің бас дәрігері жағдайдың бұлайша қалыптасуының бірқатар себебін атап көрсетті.
– Өкінішке қарай, соңғы уақытта бізде ауыр науқастардың жұқпалы аурулар ауруханаларына түсуі жиілеп кетті. Ықтимал байланыстарды талдау кезінде науқастардың Бурабай, Баянауыл, Балқаш сияқты жерлердегі демалыс орындарынан келгені немесе түрлі мерекелік отырыстарда болғаны анықталды. Бұдан бөлек науқастардың көбі ауырғанын сезінгенмен, ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбей жүріп алады. Ауруханаға тыныс алу жеткіліксіздігі, әлсіздік, айқын интоксикация өршіген кезде ғана келеді, – деді ол.
Қазіргі уақытта облыстағы инфекциялық төсек-орындардың 52,7%-ы бос емес екен. Стационарларда жаман тұмаумен ауыратын 3 мыңға жуық науқас емделуде. Жансақтау бөлімшелеріндегі 163 ауыр науқастың 45-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Індеттің өршуіне байланысты, кеншілер астанасында медициналық көмек көрсету үшін қосымша 380 төсек-орын ашылды. Қала бойынша жалпы қуаттылық 2 971 төсек-орынға дейін ұлғайтылған, оның 58%-ы қазір жұмыс істеп тұр.
Г.Тоқсамбаев жедел медициналық жәрдем бригадаларының санын арттыруға мәжбүр болып отырғандарын атап өтті. Неге десеңіз, соңғы кездері тұрғындар тарапынан шақырулар тым жиілеп кеткен. Қазір жедел медициналық көмектің 105 бригадасы халыққа қызмет көрсетіп жүр. «Қажеттілік болса, тағы 20 бригаданы желіге шығара аламыз», деді ведомство басшысы.
Өкініштісі сол, қазір кейбір тұрғындар коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері пайда бола бастағанда бірден медициналық көмекке жүгінбей, өздері үйде өз беттерімен емделіп, ауруды асқындырып алады екен. Бұған қоса тұрғындардың вакцина салдыруға салдыр-салақ қарауы да жағдайдың күрделене түсуіне зардабын тигізіп жатыр.
Брифинг барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы пандемиямен күресудің ең тиімді амалы вакцина алу екенін жұрттың есіне тағы бір мәрте салды. Алдағы уақытта облыстың 42 мың тұрғыны Қытайда шығарылған Vero Cell вакцинасын салдыратынын айтты. Аталған препарат жақын арада жеткізілетін көрінеді.
– Sinopharm компаниясы өндірген Vero Cell вакцинасының 84 мың дозасын күтіп отырмыз. Бұл – екі фазалы препарат. Вакцинаны облысымыздың 42 мың тұрғыны алады деген жоспарымыз бар, – деді Г.Тоқсамбаев.
Қытайлық Vero Cell вакцинасын осы жылдың 7 мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдағанын айта кеткен жөн. Шілде айында бұл COVAX вакциналар банкіне кірді.
Сонымен қатар облыста ресейлік Спутник V вакцинасы мен отандық QazVac препараты да бар. Сондай-ақ басқарма басшысы Hayat-Vax және CoronaVac вакциналарының екінші компоненті тек алғашқы дозасын алған және иммундауды аяқтаған адамдарға қолжетімді екенін айтты.
Соңғы мәліметтерге сай, Қарағанды облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 432 331 адам, екіншісін 322 175 адам алған.
Еске салар болсақ, Қарағанды облысында пандемия басталғаннан бері 70 мыңға жуық адамның жаман тұмаумен ауырғаны ресми тіркелген. Оның ішінде науқастардың 79%-ы жазылып шықты. Ал өткен тәулікте облыстың 1 127 тұрғынының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Аталған сырқаттан 835 адам сауығып шыққан.
Қарағанды облысы