Зерттеу тобы саладағы толық картинаға көз жеткізу үшін FinTech-стартаптардың негізін қалаған кәсіпкерлер арасында сауалдама жүргізген. Олар өз тәжірибесі, нарығы, инвестиция тарту және өзге ойыншылармен қарым-қатынас орнату туралы сұрақтарға жауап берген.
– Қазақстанда FinTech-стартаптардың экожүйесі дамудың бастапқы сатысында тұр. Алайда қазірдің өзінде нарықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтуге болады. Демек даму үшін негізгі алғышарт бар. Біздің зерттеу көрсеткендей, FinTech-стартаптардың орташа жасы 1-3 жылға дейінгі аралықты құрайды. Олардың үштен бірі алғашқы сату сатысында тұр. Компаниялардың 40 пайызының кірісі өсіп келеді. Ойыншылардың 16 пайызы жаңа нарықтарға бейімделіп, көкжиегін кеңейтуде. Жобалардың 9 пайызы енді-енді жетілу үстінде, – дейді АХҚО Tech Hub құзыреттілік орталығының басшысы Айнұр Жантөрина.
Қаржылық технологиялардың көп таралған түрінің қатарында төлемдер, аударымдар, мобильдік әмияндар (20 пайыз) және қаржылық бағдарламалық қамтамасыз ету бағыты (18 пайыз) бар. Сонымен қатар стартаптардың 15 пайызы электронды саудамен, 11 пайызы жинақ және инвестициямен, 10 пайызы несие берумен айналысады. Сақтандыру саласындағы жобалардың үлесі –
4 пайыз.
Бұл салаға негізінен кәсіпкерлік тұрғысынан жетілген адамдар келеді. Сондықтан FinTech-стартаптардың негізін қалаған адамдардың орташа жасы 25-40 жасты құрайды. Олардың көбі ІТ немесе бизнесті басқару салаларында жоғары білім алған. Мұндай жобаларды жүзеге асыруға ер адамдар белсене кіріседі екен. Олардың дені Нұр-Сұлтан (49 пайыз) және Алматы (44 пайыз) қалаларында тұрады. FinTech-стартаптардың негізін қалаған әйелдердің үлесі – 18 пайыз.
Сауалдамаға қатысқан кәсіпкерлердің 18 пайызы үшін FinTech-стартап – негізгі қызмет, ал 18 пайызы үшін әдепкі жалдамалы жұмыс. Респонденттердің 31 пайызында бірнеше стартаптың бары анықталды. Атап өтерлігі, сауалдамаға қатысқандардың 14 пайызы жоғары білім алуда немесе штаттан тыс жұмыс істейді.
Отандық FinTech-стартаптардың негізгі нарығы – Қазақстан. Олардың 49 пайызы ішкі нарыққа негізделген. Одан кейінгі орында ТМД нарығы тұр. Өз жобаларын жүзеге асыратындардың 22 пайызы аталған нарықтан орын алуға ниетті. Сонымен қатар FinTech-стартаптардың 12 пайызы Азия нарығына, 10 пайызы Еуропаға және 7 пайызы АҚШ нарығына жол тапқан. Бұл ретте кәсіпкерлердің
72 пайызы халықаралық нарыққа шығуды көздеп отыр.
FinTech-стартаптарды жүзеге асыратын ұжымдардағы адам саны аса көп емес. Мәселен, сауалдама сұрақтарына жауап берген кәсіпкерлердің 8 пайызы жобамен жалғыз өзі айналысады екен. 18 пайызында 2-4 адам еңбек етеді. FinTech-стартаптардың 28 пайызында 5 адамнан жұмыс істесе, 18 пайызы командада 7-10 адам бар деп жауап берген. Тек 15 пайызының штаты ғана 20 адамнан көп.
FinTech-стартаптардың 70 пайызы кәсіпкерлердің өз қаражатына негізделген. Жобалардың 21 пайызын бұл салаға қатысы жоқ инвесторлар қаржыландырып отыр. 7 пайызы мемлекеттік гранттар арқылы іске қосылған.
Қазақстандық FinTech-стартаптардың негізін қалаушылар қаржы институттарымен ынтымақтастықтың басым моделі ретінде банктерді таңдаған. Банктерді әріптестікке тартқан жобалардың үлесі – 42 пайыз.
Кәсіпкерлердің 21 пайызы «Банк – қаржыландыру көзі» нұсқасын таңдаған. Ал 9 пайызы заңгерлік және техникалық тұрғыдан тәлім алуға дайын екендерін атап өткен. Компаниялардың 9 пайызы банктерді клиент ретінде көргісі келеді. Респонденттердің 9 пайызы қаржы институттарымен әріптестік орнатуға мүдделі емес.
FinTech-стартаптарының 32 пайызы үшін табыс табудың негізгі моделі – транзакциялық кіріс. Отандық компаниялардың 29 пайызы тікелей сатылымдарды жүзеге асырады. Жазылымдар арқылы табыс табатындардың үлесі – 27 пайыз. Компаниялардың 12 пайызы жарнамадан табыс түсіреді.
FinTech-стартаптардың жартысына жуығы (41 пайыз) пандемия мен экономикалық дағдарыста бизнес үшін тиімді жаңа мүмкіндіктер барын байқап, соны өз пайдаларына жаратқан. Бұл ретте кәсіпкерлердің 23 пайызы өнімді нарықтағы жаңа жағдайларға бейімдей бастағанын, ал 8 пайызы жобаның өзектілігіне байланысты инвесторлар тарапынан қызығушылықтың күрт өскенін атап өткен. Сонымен қатар кәсіпкерлердің 13 пайызының сатылымы күрт төмендесе, ал 11 пайызы нарықтағы қызметті тоқтату туралы айтылып жүр.
Кәсіпкерлердің үштен бірі ақшаның жетіспеушілігі мен қаржыландырудағы шектеулерді саладағы негізгі проблема санайды. Елдегі реттеу мен бюрократия компаниялардың 25 пайызына үлкен сынақ тудырған. Сондай-ақ сауалдамаға қатысқандардың 15 пайызы бәсекелестіктің бәсеңдігін, 11 пайызы салада сапалы кадрлардың жоқтығын алға тартқан. Кәсіпкерлердің 10 пайызы инфрақұрылым жайын тілге тиек етіпті.
Стартаптардың негізін қалаушылар қаржыландыруды (21 пайыз), халықаралық нарықтарға шығуды (19 пайыз), сапалы команда құруды (19 пайыз), корпорациялармен және банктермен серіктестік орнатуды (16 пайыз), сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістерді
(8 пайыз) бизнестің дамуына оң әсер ететін негізгі факторлар санайды.
Зерттеу барысында АХҚО технологиялар хабы 15 әлеуетті отандық FinTech-стартаптардың қызметіне талдау жасаған. Олар – Biometric, Boollo.safe, Bueno!, Lending Star, Mobile Finance Service, Monetika, Paloma 365, Рахмет, reKassa, Sagi, Senim, Tabys, Tayyab, Tuvis және Verigram.
Еске сала кетейік, АХҚО қаржы технологиялары саласындағы жаңа өнімдер мен қызметтерді әзірлеушілерге әрдайым көмек қолын созып келеді. Сондай демеудің бірі – акселерациялық және инкубациялық бағдарламаларды ұсыну. Яғни стартаптар менторлармен тығыз жұмыс істеп, қажетті құзыреттерді дамытуға мүмкіндік алады. Бұл ретте Орталық Азия мен ТМД-дан келетін стартаптар үшін инвестициялар тарту әрі мәмілелерді жүзеге асыру бойынша мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ететін корпоративтік инновацияларды дамыту және венчурлік капитал үлкен қолдауға ие. Осылайша, АХҚО реттеуші элементті, стартаптарды қолдауды, инвестициялар тартуға көмек көрсетуді және корпорацияларға FinTech-шешімдерді енгізуді қамтитын кешенді экожүйені құру үстінде.