19 Қаңтар, 2014

Жылқы жылының жорығы

274 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әңгіме өзегі – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың жылқы жылы жария етілген Қазақстан халқына Жол­дауы. Елбасы Жолдауы еліміздің да­муының ең басты құжатына айналып, қоғамның жетекші қозғаушы күші болып қалыптасқаны, тұрмысымыз бен тір­шілігіміздің көрнекті көрсеткіші болғаны туралы толғамдарымызды Аға газет оқушыларының назарына салып, бұдан бұрынғы жолдаулар тұсындағы әңгімені жалғастыру ниетінде, әрі жаңа Жолдаудың кейбір айрықша ерекшеліктеріне де тоқталудың жөні келіп тұр.

Ең алдымен, жыл сайынғы Елбасы Жолдауының мемлекет өміріндегі айрықша орнын, оның ел өркендеуіндегі ықпалдылығын, халықтың әр жылы жаңа Жолдауды күтіп жүретіндігін атап өту орынды болмақ.

Әңгіме өзегі – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың жылқы жылы жария етілген Қазақстан халқына Жол­дауы. Елбасы Жолдауы еліміздің да­муының ең басты құжатына айналып, қоғамның жетекші қозғаушы күші болып қалыптасқаны, тұрмысымыз бен тір­шілігіміздің көрнекті көрсеткіші болғаны туралы толғамдарымызды Аға газет оқушыларының назарына салып, бұдан бұрынғы жолдаулар тұсындағы әңгімені жалғастыру ниетінде, әрі жаңа Жолдаудың кейбір айрықша ерекшеліктеріне де тоқталудың жөні келіп тұр.

Ең алдымен, жыл сайынғы Елбасы Жолдауының мемлекет өміріндегі айрықша орнын, оның ел өркендеуіндегі ықпалдылығын, халықтың әр жылы жаңа Жолдауды күтіп жүретіндігін атап өту орынды болмақ.

Екіншіден, Жолдау – Ата За­ңы­мыз – Конституцияның талаптарын бұлжытпай орындау тәр­ті­­бін қалыптастырып, құқықтық мемле­кет орнатудың негізін қалаушы бір­ден бір іргелі факторына, сондай-ақ өр­кениетті дәстүріне айналды.

Үшіншіден, Президент Жолдауы – халық пен билікті бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыра отырып, бүкіл елдің ынтымағы мен жасампаздығын ұйымдастыратын рухани басты құжат болып, тұрмысымызға, өмірімізге енді.

Жолдау арқылы елдің әл-ауқа­ты жақсарып, әлеуеті көтеріліп, өмір­ге, адамдардың, қоғамның қа­рым-қатынастарына жаңа көзқарас, жаңа сана қалыптаса бастады.

Сондықтан жыл сайынғы Қазақстан халқына Президент Жолдауының қоғам, мемлекет дамуындағы атқарар рөлі өте зор.

Экономикалық дағдарыс, дағдарыстан шыға бастаған алғашқы жылдар кезінде күнделікті тұрмысымызда мұқтаждық мол болғаны да көпшілігіміздің есінде. Уақыттың тездігі соншама – тіпті қазір дағдарысты көрмеген, ол туралы хабары жоқ ұрпақ та есейіп, еңбекке араласты. Қандай да дағдарыс әуелі өмір сабағы, тағылым екендігін де ескергеніміз орынды болар. Дағдарыс сабақтарынан шығарған қорытынды болашақ дамуға септігін тигізетіні де болады. Сондықтан да сол жылдардағы жолдауларды сараптай қалсаңыз – халықтың тұрмысына тікелей мемлекеттік көмек, атап айтсақ – мәселен, ана мен балаға, мүгедектерге, тұрмысы төмен, асыраушысы жоқ отбасыларына жәрдемақы сияқты мәселелер немесе әлеуметтік нысандар құрылысы сияқты кемістіктердің орнын толықтыру мәселелері қаралған. Олар өзінің оң нәтижелерін берді. Әсіресе, соңғы он екі жылда елімізде бұрын-соңды болмаған әлеуметтік жақсылықтар мен өзгерістерге қол жеткізе алдық.

Астанада, Алматыда, өңірлерде сегіз жүзге жуық мектептер мен балабақшалары, 450-ден астам ауруханалар мен дәрігерлік қызмет орындары, тағы да басқа көптеген әлеуметтік нысандар мемлекет есебінен салынды. Кеңес Одағының тұсындағы ахуалымызды біле бермейтін жас ұрпақ назарына салыс­тырмалы түрде айтар болсақ, ол кезде әрбір мектеп, аурухана кешендерін салу үшін Мәскеудегі Одақтық Жоспарлау комитетінің келісімін, рұқсатын алу арқылы әр жылда әр облыста мықтаса 2-3 мектеп немесе аурухана салуға зорға қол жеткізетін едік. Бұл – бір ғана бағытты айтқанымыз. Жалпы, бүкіл әлеуметтік тұрмысымыз Мәскеудегі Орталық биліктің құзырына байланысты болды.

Қазір Астанада салынған медицина­лық кластерді еске алсақ та жеткілікті. Қаншама жаңа әрі ең озық әлемдік технологиялармен жабдықталған орасан ауқымды медициналық орталықтар елге қызмет ете бастады. Сондай-ақ, әрбір облыс орталықтарында ашылған кардиологиялық ауруханаларда өз хирург мамандарымыз тек бір жылда жүрек қан тамырларына ота жасау арқылы он мың адамның өміріне араша түсіп, аман алып қалғанын да бұрын арман болып, бүгін қол жеткізген тамаша табыс деуіміздің әбден жөні бар. Осы қысқа ғана бір үзік мысалдың өзі ойланған адамға Тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін көрсетсе керек.

Бүгінгі барлық рухани еркіндігіміз бен өрлеуіміз, тұрмыстағы баршылы­ғымыз бен келістілігіміз тұтастай ұлттық, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің нәтижесі екендігін есімізден шығарма­ғанымыз жөн. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ерекше құрметтеу арқылы санамыздың шектеулігі мен тоқыраушылығынан да арылып, елге, жерге, Отанға деген жауапкершілігіміз бен сүйіспеншілігіміз қалыптасып, арта түспек.

Тәуелсіздік, тәуелсіз мемлекеттігіміз болмаса бүгінгі әңгіменің бірі де болмайтыны хақ.

Нұрсұлтан Әбішұлының кешегі Жолдауының бүкіл мазмұны, оның тұжырымдары мен айшықтаған мін­деттері тұтастай осынау тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғап, оны сақтап, нығайту шараларына, даму, өсу, өркендеу арқылы жаһандық бәсекелестік пен қақтығыстардың алапат толқындарында қапы қалмай, төтеп бере аларлық білім, сауатты әрі озық технологиялық үрдістерге сай өндіріс құру, елдің, Отанымыздың қуаттылығы жолындағы рухани бірлігін қамтамасыз етерлік нақты қадамдар мен бағдарламаларға арналған.

Елбасының мемлекеттік тәуелсізді­гіміз­дің 21 жылдығында жариялаған Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі Стратегиясы елді айқын мақсат, жарқын болашаққа жұмылдырып отырған аса маңызды құжат. Әрине, ол алдымен жас ұрпақтың кемел шағына бағытталған орасан еңбекті талап етері де белгілі. Сол дамудың жақсылығын көрсем деп армандау аға ұрпаққа да тән. Мұндай түйсіну мен сезімнің өзі де Елбасы жолдауларының рухани қуатын көрсетсе керек. Яғни, осы ұзақ кезеңге арналған Ұлы жобаның өзі ұрпақтар сабақтастығын меңзеп, мемлекет тұрақтылығы мен ұлт өсуін де көмкеріп қамтып тұрғаны анық.

Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясы бүгінгі еңбек пен тіршілік­тің нәтижелерінен басталары да хақ.

Өз Жолдауында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы мәселенің осы бағытына айрықша екпін берді. Жолдау өркениет жолында жаңа технологиялық даму биіктерін игере отырып, халық тұрмысы мен мүмкіндігін жақсарту, күшейту арқылы әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену бағдарламасын ег­жей-тегжейлі баяндауға арналды. Жоспардағы 40 жылға жуық мерзімді Елбасы екі кезеңге бөлді. Оның бірінші кезеңі 2030 жылмен шектелсе, келесі кезеңі 2030-2050 жылдар аралығы болмақ. Осы кезеңдерден асу жолында Қазақстан жеті бесжылдықтан өтері көзделуде. Ол бесжылдықтардың әрқайсысында жаһандық даму мен өркендеудің ең үздік үлгілеріне біздің мемлекетіміздің, еліміздің қол жеткізуі – басты мақсатымыз.

Бұл Жолдауда да әдеттегідей көп­теген әлеуметтік жаңалықтар, атап айтқанда мемлекеттік бюджеттің құзырындағы әртүрлі салалар қызмет­керлерінің жалақысының, студенттер стипендиясының, мүгедектерге көмек, қамқорлық шараларының сапасы мен ауқымын кеңейту сияқты жақсылықтар мейлінше көзделген. Сөз жоқ, бұл сияқты көптеген әлеуметтік топтарға мемлекет тарапынан жасала­тын қамқорлық бағытындағы бағ­дарламалар көптеген адамдардың еңсесін, көңілін көтеріп, әлеуетін жақсартары да қоғам дамуына оң ықпалын тигізеді.

Сонымен бірге, өз Жолдауында Елбасы елді әр адамға игілікті Үкімет, билік, мемлекет жасап береді екен деп арқа сүйеушіліктен, керенаулықтан, масылдықтан да сақтандырады. Елімізде қандай да тұрмыс, тіршілік әлеуеті бүкіл халықтың қатынасуымен, қоғамның белсенділігімен жақсара­тынына екпін түсіре айтты. Әрбір адамның, әрбір отбасының өз тағды­рына өзі бейжай қарамай, зор жауап­кершілікпен қарауына пәрмен берді.

Тіпті, мүмкіндігі шектеулі адам­дардың өздерін әлсіздіктен, шара­сыздықтан, бойкүйездіктен, үміт­сіздіктен, сенімсіздіктен арылып, еңсесін көтеріп, еңбекке араласуға шақырды. Осы орайда барлық атқару­шы билік буындарына, Үкіметке де олардың қоғамдық еңбекке араласуы­на жағдай туғызуға арнайы тапсырма да берілді. Өйткені, бұл – өр­кениетті елдердің тәжірибесіндегі қалыптасып, адам құқын, оның қоғамның басқа мүшелерімен тең құқықтығын қамтамасыз ете алатын, Конституциямыздың талаптарына сай құқықтық кеңістіктің шынайы жұмыс істеу көрінісі болмақ. Осы бағытқа сәйкес, елімізде мүмкіндігі шек­теулі 400 мыңнан астам мүгедек азаматтардың қоғамдық тіршілікке араласуын қамтамасыз ету Үкіметке, Парламентке тапсырылады. Бұл орайда көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен мейірімділік қорларының да атсалысатынына сенім білдірілді. Осы істе, әрине, мемлекет тарапынан немесе әртүрлі қоғамдық құрылымдар, бизнес тарапынан көрсетілетін қам­қорлық немесе көмек тек қана әртүрлі мерекелер қарсаңындағы сый-сияпатпен шектелмеуі тиіс екендігіне де мән берілді. Негізгі қамқорлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше өздеріне лайық еңбекпен қамтамасыз етіп, қоғаммен араласуы­на ықпал етуге екпін түсіргенін де Президенттің ұсынысы, әрі тапсырмасы деп қабылдағанымыз жөн.

Міне, осының бәрі әр адамның, қоғамның, ресми үкіметтік орындар қызметкерлерінің санасын өзгертуі тиіс. Яғни, Президент сана, дүниетаным бағытындағы ежелден қатып-семіп қалған көзқарасты түбірімен өзгертуге шақырып отыр. Бұл – жаңа көзқарас, мұндай көзқарас көпшілік қолдауына ие болары да сөзсіз.

Жалпы, әр адамның денсаулығын сақтау жауапкершілігі туралы Прези­дент үнемі айтып, ескеріп келеді. Осы Жолдауда бұл мәселеге де жаңа сипат беріп, енді талап жағына екпін қосты. Дәрігерлік көмек, ауруханалар, басқа да медициналық қызмет қа­жеттігін айта келіп, әр адамның өз денсаулығына мемлекет тұрғысынан қарауға кеңес берді. Қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы азаматтардың денсаулық сапасын жаңа сатыға, жаңа сапаға көтеру қажеттілігіне зор мән берді. Мемлекетіміздің азаматтарының орта жасын 80 жасқа жеткізу көзделетініне тоқталды. Әрине, бұл дүние жүзі елдеріндегі қазіргі замандағы жоғары көрсеткіш. Алайда, бұған мүмкіндік бар. Еліміздің өркендеуі арқылы елдің тұрмыс әлеуеті жылдан-жылға жақсарып келеді. Барлық жасалып жатқан шаралар алдымен адам игілігі үшін екендігі де белгілі. Дәрігерлік көмек мүмкіндігі де жаңа сапаға ие болуда. Балалар, жастар баратын спорт кешендері де аясын кеңейте түсуде, бұл бағытқа болашақта да зор мән берілетін болады. Сондықтан, әсіресе, жастардың мектеп жасындағы оқушылардың жаппай спортпен үнемі, жүйелі түрде шұғылдануы ұлттың денсаулығын, мүмкіндігін арттыра түсетініне сенім мол. Дәл осы талап та мемлекеттік қызметкерлердің, басқа қоғамдық қозғалыс белсенділерінің аталмыш проблемаға жаңа көзқараспен, яғни, сана өзгерісімен кірісуіне жол ашады.

Жолдаудың әрбір тиянақталған ойы, ұсынысы, тапсырмасы, тұжырым­дамасы жеке-жеке мақалаға, сараптап-талдауға жүк екеніне ешкімнің күмәні бола қоймас. Сондықтан, олар­дың бәрін жұманың түнінде қағазға түсе қалған бір мақалада қамту мүм­кін болмағанмен, кейбір қоғам сұранысының алдыңғы шебіне бүгін шығып тұрған жағдайларға тоқтала кетпесек болмас.

Менің пайымдауымша, сондай мәселелердің бірегейі – орта және шағын кәсіпкерлік­тің орнығуы, қоғамға қызмет етуі. Елбасы бұл мәселеге айрықша мән беріп, Үкіметке, құқық қорғау органдарына, Ұлттық Банкке нақты тапсырма берді. Елімізде 2,4 миллионға жуық адам осы орта және шағын бизнеспен күнелтетінін де, осы сала өнімдерін таяу жылдарда жалпы өнімнің 50 пайыз­ға жеткізу қажеттігін де айтты. Әсіресе, бүкіл халықтың жүрегіне жеткені – Нұрсұлтан Әбішұлының шағын және орта бизнесті «отбасылық дәстүрге» айналдыру қажеттілігі. Бұл – біздің халқымыз үшін тың ой, жаңа ұсыныс, жаңа серпіліс, жаңа мақсат, Үкіметіміз, банктер, құқық қорғау органдары үшін – жаңа міндет. Әсіресе, құқық қорғау, жергілікті әкімшіліктер саналарына сіңіп, жайылып, терең бойлап, улап кеткен бюрократтық, үстемшілдік мінез-құлықтарынан арылып, тазарып, Елбасының сөзіне айрықша жауапкершілікпен қарап, түсініп, іскерлікке көмектесуге жұмыс істеп, осы мәселеге тура Елбасының көзімен қарауға тырысқандары жөн болар еді. Сонда өздері де серпіліп, іштей тазарып, Елбасының тапсырмасына кедергі болмай, керісінше, шынайы қолдаушы болар еді. Ауанымыз да бұлттай торлаған жемқорлықтан сейіліп, қоғамның тынысы кеңіп, кәсіпкерліктің тұсаулы, шідерлі аяқ­тары көсіліп, көп елдің тұрмыс-әлеуеті жақсарып қалар еді.

Бизнесті тексергіштер мен оларға сынықтан сылтау тауып соқтыққыш әкімшілік қызметкерлері орта және шағын бизнес арқылы елде жұмыс­сыздыққа жол бермейтінін, сондай-ақ олардың әлі ешқандай алпауыт, олигарх еместігін, алдымен күн көрісін қамтамасыз етіп жүргендерін ескере, түсіне алмай жүргендеріне таң қалмасқа болмайды. Міне, бұл да біздің мемлекеттік қызметкерлердің санасының жетімсіздігі, мемлекетшіл сананың орнықпағандығы. Осыдан айығу, арылу қажет. Сонда олардың да, қоғамның да дені сау болмақ.

Жаңа Жолдаудың бел омыртқасы – жоғарыда айтылған білім, ғылым экономика, технология, бизнес, күнделікті тұрмыс көрсеткіштерінің бәрінің сая­тын ең үлкен арнасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы. Елбасы бұл ойын тұңғыш рет ресми түрде ел алдында «Қазақстан-2050» Стратегиясында жарияласа да, оны ұзақ жылдар ой-санасында толғатып, жүрегінде тербетіп келгені елге мәлім. Оған дәлел Нұрсұлтан Әбішұлының Елбасылық мемлекеттік қайраткерлігі, мемлекет басындағы қызметі үстінде жария еткен шығармашылық еңбектері, дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары.

Елбасының Жылқы жылындағы Жолдауы «Қазақстан-2050» Стратегия­сының әрі жалғасы, әрі сол арманға жету бейбіт жорығының бір арнасы. Қойылған міндет, айтылған мақсатты жинақтап түйіндей келе Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.

Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыз­дың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым» деген ұранды сөздері қаны бар, жаны бар, санасы бар әр қазақтың, әр қазақстандықтың жүрегіне жетер деп ойлайтын, жылқы жылғы ақжолтай Жолдау жұртшылықты жаппай жігер­лендіреді, сыпыра сілкіндіреді деп сенетін мен де бір қазақпын.  

Еліміздің мәңгілігі үшін бас тіге алуы­мыз, бәс тіге білуіміз әркімге де зор абырой болса керек.

Жылқымен жаны жарасқан қазақтың тұлпары, Алаштың арғымағы  жал-құйрығы желкілдеп әлемдік бәйгеде оза шауып жүргей.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің бюро мүшесі.

 

Соңғы жаңалықтар