Қоғам • 17 Тамыз, 2021

Өңірлік комиссия өзекті мәселелерді көтерді

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргінді архив құжаттарының негізінде зерттеп, жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау жөніндегі комиссиялар жер-жерде жұмыс істеуде. Қызылордада да жыл басында өңірлік комиссия құрылып, оның жанынан қала және аудан орталықтарындағы жұмысшы топтары жасақталды.

Өңірлік комиссия өзекті мәселелерді көтерді

 Тұтқын ба, сатқын ба?

Осы күні комиссия мен оның жұмысшы топтары әр апта­ның сәрсенбі және бейсенбі күн­дері Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойын­ша департаментінің, Бас про­кура­тураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасының және облыстық Полиция департаментінің архив­терінде сақталып тұрған құпия құжаттармен жұмыс істеуде.

Мысалы, Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда университеті ғалымдарынан жасақталған об­лыстық жұмысшы топ ішкі істер департаментіндегі «ақталуға жатпайды» деген 12 қорды зерттеп, 1940-1950 жылдар аралығында сотталған азаматтардың үстінен қозғалған 70 істі қараған. Соның нәтижесінде 141 адам ақтауға ұсынылды. 

– Бұлардың денін «Түркі­с­тан легионы» құрамында бол­ған­дардың, «Жапон шпионы» деген жаламен атылғандар мен Сыр өңіріне жер аударылған корей, не­міс­тердің үстерінен қоз­ғал­ған істер құрап отыр, – дейді өңір­лік комиссия мүшесі, тарих ғы­лым­дарының кандидаты Уәли­хан Ибраев. – Қазір «Түркіс­­тан легионының» құрамына кір­гендерді зерттеудің арнайы әдіснамасы жоқ. Тіпті аракі­дік болса да «олар тұтқын ба, сат­қын ба?» деген мәселе көтеріліп қала­ды. Неміс әскерінде тұтқын­да болған олардың кеңес әс­керіне қарсы соғысқа қатыс­қан, қатыспағанын да анықтау қиын. Зерттеу кезінде олардың алғашқы тергеуде ештеңе мо­йындамағанын, кейіннен бәрін қол­мен қойғандай қылып айтып бергенін байқадық. Тіпті көп­шілігінің жауап алу кезінде орыс тіліндегі сауалдарға орысша жауап беріп, сотта аудармашы сұрағаны тергеудің заң талаптарына сай өткеніне күмән тудырып отыр. Жас жігіттерді алдап-арбап, тіпті жапқан жаласын ұрып-соғып мойындатуы да мүмкін. Легион құрамында болғандардың кейіннен партизан қозғалысына қосылып, жауға қарсы соғысқаны да есепке алынбаған.

Архив құжаттары арасында тұтқындар арасында үгіт-наси­хат жұмыстарын жүргізген дін өкілдері туралы да деректер кездесіп қалады. Комиссия мүшелері көңілде еш дүдәмал қалмас үшін архив қорларындағы құ­жаттарды саралай отырып, власовшылар мен кәнігі баске­сер­лердің қылмыстық істері­нен басқа құжаттарды құпиясыз­дан­дырған жөн деген пікірде.

 

Көтерілістер туралы көп дерек бар

Комиссия жұмысы барысында кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер туралы естелік­тер жи­нақталып жатыр. Со­ны­мен қатар әлі ақталмаған азаматтардың жақын туыстарынан маңызды мәліметтер алынған.

Өңірлік комиссия облыс аумағында кеңес билігіне қарсы халық наразылықтарының да санын анықтау бағытында да біраз іс бітірді. Оның ішінде әміршілдік жүйеге қарсы бағыт­талып, Қазалы, Қармақшы, Те­рең­өзек аумағын қамтыған Қара­­құм көтерілісінің орны бө­лек. Шаруа жайымен көшіп-қо­нып жүрген шаруалардың бас көтеруіне кейінірек көршілес Ыр­ғыз, Арал мен Қарсақпай тұрғын­дары да қосылған.

Комиссия мүшелері Қазалы­дағы дәл осындай көтеріліске басшылық жасаған Ақмырза ишан сарбаздарына, Алаш қай­раткерлеріне тағылған айыптарды да зерттеу үстінде. Жұмысшы топ архивтегі 1996 жылғы облыс аумағында қуғын-сүргін құр­бандарының жерленген жерін анықтау жөніндегі комиссияның құжаттарында көрсетілген орындарда болды. 

Көп жылдар бойы облыс орталығындағы Арай саяжайы аумағына, яғни репрессияға ілін­­гендер оққа байланған жер­ге ес­керткіш қойып, еске алу ша­­ра­ларын өткізіп кел­дік. Құ­­жат­­тарды зерттеу кезін­де Бір­қазан, Қарауылтөбе елді мекен­дерінің маңынан, Қызыл­орда қаласындағы Орал казактары қорымы жанынан тағы осындай орындар табылып отыр. Қорым жанында аласапыран заманда оққа байланған қырық молда­ның денесі жатыр деген дерек анық­талып, қазір ол зерттелу үстінде.

– Жұмыс тобы Қожбан хан бастаған сарбаздар түгел жан қиған Қарақұм көтерілісінің соңғы ұрысы өткен Көжебай са­йы­­на, Қарауылтөбедегі Үшағаш­­қа, Бірқазандағы Қоңыр­төбе­ге ес­керткіш орнатуды ұсынып отыр. Сонымен қатар саяси-қу­ғын сүргін құрбандары жерлен­ген жерлерді анықтау үшін ҰҚК Қы­зылорда облысы және Бай­қо­ңыр қаласы бойынша депар­та­менті архивінде 1991, 1996 жыл­­­дары жұмыс істеген комис­сия­­н­ың іс-құжаттары негізінде ар­­найы археологиялық экспеди­ция шығару керек деген пікір­де. Білікті заңгерлермен бірлесе оты­рып, Қазақстан Республи­касы­ның 1993 жылы 14 сәуірде қа­был­д­анған «Жаппай саяси қу­ғын-сүр­гiндер құрбан­дарын ақ­тау туралы» Заңына өзге­рістер енгізу қажет, – дейді Уәлихан Ибраев.

Жақын арада өңірлік комиссия мүшелері аудандарға сапарлап, саяси террор құрбандары атылған аумақтарды аралап, сол кезеңнің бір дерегін білетін көнекөздермен тілдесіп қайтпақ. Мұның бәрі жалалы болып, жан қиған ерлер есімін ортамызға оралту үшін, тарихи санамызды жаңғырту үшін керек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА