Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.ТОҚАЕВ Елбасы Жолдауы туралы ой толғайды
Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.ТОҚАЕВ Елбасы Жолдауы туралы ой толғайды
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз сізбен сенбіде, Елбасының дәстүрлі Жолдауы жария етілген күннің ертеңінде әңгімелескелі отырмыз. Жедел сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамын. Сіз ұзақ жылдар бойы Сыртқы істер министрі болып жұмыс істедіңіз, Үкіметті, Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатты басқардыңыз, осы заманның көрнекті қайраткерлерімен кездестіңіз, сөйлестіңіз, ал кейінгі жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде, былайша айтқанда, Қазақстанға сырт көзбен де қарай алдыңыз. Біздің еліміз бүгінгі әлемде қалай бой көрсетеді екен?
– Иә, Қазақстанда жұмыс істеген кезімде де, шетелдегі қызметімде де менің ірі мемлекеттік қайраткерлермен кездесуге, сөйлесуге және келіссөздер жүргізуге мүмкіндігім болды. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жоғары лауазымда мен, әрине, туған елімдегі оқиғаларды ықыласпен қадағалап отырдым, Отанымның Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделді басшылығымен қол жеткізген табыстарына қуандым. Жасыратыны жоқ, осынау күрделі де кереғар әлемде ықпалды мемлекетке айналған Қазақстанның азаматы екендігім үшін мақтаныш сезіміне талай бөлендім.
Шетелде Қазақстан қысқа ғана тарихи кезең аясында мемлекет құру мен экономикада қайран қаларлықтай табыстарға жеткен ел ретінде қаралады. БҰҰ-да Қазақстанға «жедел дамып келе жатқан мемлекет» деген ерекше мәртебе берілген. Көптеген мемлекеттер «жолы болмаған мемлекеттер» деген таңбаны арқалап жүрген кезде мұның өзі ең алдымен әлемдік қоғамдастық жаһандық ауқымдағы саясаткер деп таныған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың талассыз табысы. Қуатты, тұрақты және серпінді Қазақстан қазірдің өзінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің елеулі факторы болып отыр.
Қазақстанның дамуы әлемдік оңды үрдістердің аясына толықтай сай келеді. Біздің елімізге осы заманның барлық көкейкесті мәселелері бойынша сенімді әріптес деп қарайды. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажырағысыз бөлігіне айналды. Мемлекетімізді ядролық қарусыздануға, халықаралық қауіпсіздікті, интеграция мен көпқырлы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін құрмет тұтады.
– Президенттің қызметі әлемдік қоғамдастық тарапынан қалай бағаланады? Сіздің Назарбаев феномені әлемнің екі бөлігінің – Еуропа мен Азияның, екі өркениеттің – Батыс және Шығыс өркениеттерінің, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның түйіскен тұсында шыққан деген сөзіңіз кеңінен белгілі. Сіз жаңа өзіңіз айтқан табыстарға қол жеткізуіміздегі Елбасының рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Бүкіл әлем біздің Президентімізді талантты да жігерлі басшы, аса көрнекті реформатор, жасампаз тұлға және стратег ретінде біледі, солай деп құрметтейді. Еліміздің жолы болған деп кәміл сеніммен айта аламыз, өйткені, тарихтың талмау тұсында оны дәл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі басқарды.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары бола жүріп, мен көптеген мемлекеттердің басшыларымен кездестім, олардың қызметін бақылай келіп, стратегиялық ойлау жүйесі, тәжірибесі мен беделі тұрғысынан бүгінгі әлемде біздің Президентіміздей лидер тұлға жоқ деген қорытындыға келдім. Бұрынғы кеңестік республиканы табысты мемлекетке, пікірімен барлық белді елдер санасатын өңірлік державаға айналдырған дәл сол тұлға.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде қазірдің өзінде әлем тарихына енді. Мұндай құрметті мәртебеге мемлекеттердің бірде бір басшысы ие болған емес.
Елбасының тарихи еңбегі тоқырауға түскен саяси жүйенің тар күпісі мен тозығы жеткен экономиканың шапанынан шыққан біздің ұлтымыздың бітім-болмысын өзгерте алғанынан көрінеді. Нұрсұлтан Әбішұлының жетекшілігімен Қазақстан серпінді дамыған, ашық әрі бәсекеге қабілетті экономикасы бар ел ретінде танылды. Біздің еліміз парламентаризм мен азаматтық қоғамды дамытуда алға қарай қуатты серпіліс жасады, мұның өзі Қазақстандағы демократиялық үдерістерге енді беті қайтпайтындай сипат берді.
– Әртүрлі елдерде мемлекеттер басшыларының халыққа сөз арнауының әртүрлі пішіндері бар екенін білеміз. Қазақстан Президентінің Жолдаулары несімен ерекшеленеді? Олар еліміздің дамуында қандай рөл атқарды және қандай рөл атқаратын болады?
– Көптеген елдерде олардың басшыларының жолдаулары парламенттерге бағышталады да негізінен ішкі саяси жағдай мен экономикалық ахуалды, сондай-ақ сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын белгілейді. Әдетте жыл сайынғы ресми сөз арнау Мемлекет басшысының белгіленген конституциялық міндеті болып табылады.
Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін Парламентке ғана емес, бүкіл халыққа да арнайды. Сондықтан да осынау, шын мәніндегі тарихи Жолдауын жария ететін орын ретінде Президент Тәуелсіздік сарайын таңдады. Жолдау – Мемлекет басшысы мен бүкіл қоғамның арасындағы өзара байланыстың тиімді пішіні. 1995 жылы Конституция қабылданғалы бері Президент Жолдаулары еліміз өмірінің маңызды саяси оқиғаларына айналып келеді. Жолдаудағы Үкіметке және биліктің заң шығарушы тармағына берілген тапсырмалардың негізінде еліміздің орнықты дамуына бағытталған нақты шаралар қабылданады.
Елбасымыздың Жолдаулары – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық қырларына терең талдау жасайтын аса маңызды құжат. Сондықтан да олар елімізді орнықты дамудың жаһандық сара жолына шығаруға шешуші серпін қосты.
– Енді Президенттің биылғы Жолдауына қатысты сұрақтарға көшсем деймін. Бұл құжаттың қандай басты сипаттарын алдымен атауға болар еді? Мұның алдындағылардан осы Жолдаудың айырмашылығы неде?
– Біз бәріміз шын мәніндегі тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз, өйткені Мемлекет басшысының бұл Жолдауының жөні бөлекше. Онда 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді Стратегияны жүзеге асырудың нақты бағдарламасы белгіленген.
Елбасы Мәңгілік Елді – отандық тарихтың атымен жаңа тұжырымдамасын баян етті және негіздеп берді. Іс жүзінде бұл – Қазақстанның ұлттық идеясы және мемлекеттік идеологиясы. Мәңгілік Ел ұлы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған барлық қазақстандықтардың бірегей тарихи миссиясы болып табылады.
Мәңгілік Ел идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына ғана емес, Қазақстанның тәуелсіз жылдарындағы дамуының нақты нәтижелеріне арқа сүйейді.
Биылғы Жолдау, сөз жоқ, өткен жылдардағы осындай құжаттардан сапалық тұрғыдан жаңа міндеттердің ауқымымен ерекшеленеді. Қайталап айтайын, Қазақстан қазір бұрынғы Қазақстан емес, бүгінде ол ішкі жалпы өнімінің ауқымы бүкіл Орталық Азия елдерін қоса есептегеннен де асып түсетін қуатты мемлекет. Сонымен бірге, мұның бәрі үлкен жолдың басы ғана деп айтуға бізде толық негіз бар. Елбасы Жолдауы мемлекетіміздің жарқын болашағына деген үміт пен сенімді бойға ұялатады. Президенттің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу Стратегиясы – мемлекеттің ұлттық мүдделеріне мемлекеттік тұрғыдан қараудың, ел азаматтарына, әсіресе Жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыратын жастарға деген шын мәніндегі әкелік қамқорлықтың айшықты айғағы.
Елбасымыз ғылыми қамтымды экономика жасаудың, қуат тиімділігі мен еңбек өнімділігін арттырудың, шағын және орта бизнесті дамытудың, қызмет көрсетуді жақсартудың, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың айрықша маңыздылығын атап айтты. Қуатты экономикалық іргетасқа арқа сүйей отырып, сыртқы болса да, ішкі болса да қандай саясатты да әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыт ұстап тиімді жүргізуге мүмкіндік бар.
Тұтастай алғанда, Президент Жолдауы – біздің бәріміз талай рет жүгінетін және бойынан осы заманның барлық қатер-сынақтарына нанымды жауаптар таба алатын құжат.
Тарихи тұлғалар «өтпелі» саяси фигуралардан стратегиялық көзқарасымен, ойының ауқымдылығымен айрықша болып тұрады. Жолдауды оқи отырып, Елбасының алысқа қарайтынына және көз жетпесті көретініне тағы да сене түсесіз.
– Президент Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс деп талап қойды және оны жүзеге асырудың жолдарын көрсетіп берді. Сіз бұл жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары және биліктің заң шығарушы тармағының осы үдерістегі рөлі туралы не айта аласыз?
– Қауіпсіздік пен жайлылық туралы айтқанда Президент дамыған елдің бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі деген маңызды сипаттарын бөле айтты. Тарих осынау қастерлі қағидаттарды ұмыт қалдыру құлдырауға, торығуға, кейде тіпті салдары ұзаққа созылатын қасіреттерге әкеліп соқтыратынын көрсетеді. Сондықтан да Жолдау болашаққа бағышталған, оның мән-маңызын адамдардың бір буынының өмірімен өлшеу мүмкін емес, бұл – шын мәнінде тарихи маңызды құжат.
2050 Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу дамыған демократиялық қоғамда өмір сүргісі келетін әрбір азаматтың осы іске өзінің тікелей қатысуы мен белсенді ұстанымын талап етеді. Біздің әрқайсымыздың «Ал мен өз мемлекетім үшін не істей аламын?» деп өзіне өзі сұрақ қоятын тұсы дәл осы.
Мысалы, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қызмет көрсетудің тиісті деңгейіне қол жеткізу немесе мүгедектерге кедергісіз аймақ жасау үшін, қанша жерден ықпалды болса да, тек мемлекеттік аппараттың күшіне сеніп отыра беруге болмайды, бұл міндетті шешуге бүкіл қоғам болып жұмылуға тиіспіз, өйткені мұның бәрі жалпыұлттық сипаттағы істер. Жолдаудың басқа тұжырымдары туралы да солай айта аламыз. Бұл құжаттың маңыздылығы да осында. Өйткені, Елбасымыз ырысты-берекелі, табысты Қазақстанды құру ісіне ел болып жұмыла кірісу үшін өз сөзін бүкіл ұлтқа, барлық азаматтарға арнап отыр ғой. Сондықтан да біз Мәңгілік Елді халқымыздың біріктіруші идеологиясы деп білеміз.
Ал енді заң шығарушылық қызметке келер болсақ, сіз білесіз ғой, Президент Үкіметке Жолдау тұжырымдарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін заң жобаларының дестесін Парламентке енгізу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Таяу уақытта депутаттар Президент Жолдауын түсіндіру үшін жұртшылықпен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен кездесу мақсатымен өңірлерге аттанады. Мұның өзі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін егжей-тегжейлі жұмыстың алдында еңбек адамдарынан және оқушы жастардан нақты ақпарат алудың маңызды кері байланыс арнасы.
– «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет», деп айтылған Жолдауда. Бұл тұрғыдан қарағанда, бізде жақсы заңдар қабылдануын қабылданады, бірақ олардың орындалуы нашар деп айтатын адамдар аз емес. Сіз мұндай пікірмен келісесіз бе? Сіздің ойыңызша, қоғамда құқықтық мәдениетті жақсарту үшін не істеу керек?
– Құқықтық мәдениетіміз төмен деген пікірмен белгілі бір дәрежеде келісуге де болады, бірақ бұл істе ілгерілеу бар екенін де айтқан жөн, халықаралық ұйымдардың есептері осыны көрсетіп отыр. Қадағалаушы органдар заңдылықтың сақталуына ықтиятты зер салуы керек, ал біз, депутаттар, заңды сақтамаудың мысалдарына қатты назар аударуға тиіспіз.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан заңның үстемдігі күшейе түскен құқықтық қоғамға айнала алды. Біздің еліміздегі демократия енді бері қайтпастай, кері кетпестей сипатқа ауысты. Биліктің заң шығарушы тармағына келсек, парламентаризм мемлекеттік жүйеде өзіне сай орынға ие болды. Мен бұл сөзді сізге өздерін демократиялық деп атайтын бірқатар елдердің өміріне қарап айтып отырмын, олардың парламенттерінің өкілеттіктері біздің еліміздің заң шығарушы органының өкілеттіктерімен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Біздің азаматтарымыз өздерінің құқыларын біліп қана қоймай, оларды заң жүзінде қорғай алуға да тиіс. Мұның өзі демократиялық қоғамның негізгі қағидаты. Құқықтық әділеттілігі жоқ елдер кері кетпей қоймайды.
Құқықтық мәдениетпен қоса, бізге өз бойымызда еңбек мәдениетін де тәрбиелеу маңызды. 2050 Стратегиясының мақсаттарына жету үшін мемлекетіміздің барлық зияткерлік күш-қуатын жұмылдыру керек, көп жұмыс істеуіміз керек.
Бұл тұрғыдан алғанда Оңтүстік Кореяның үлгісі үйренерліктей. Табиғи қазба байлықтары жоқ осы ел, Солтүстікпен қақтығыса жүріп, Жапониямен, Қытаймен қатты бәсекелесе жүріп, еңбек қоғамын құрды да аз уақыттың аясында индустриялық державаға айналды. Корейлер көп жұмыс істейтін болды, өйткені олар не үшін еңбек ететінін білді, түпкі мақсатын көре алды.
Елбасы Жолдауы бүкіл ұлттың алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қояды. Енді Мәңгілік Ел болу үшін көп жұмыс істеу керек.
– Нұрсұлтан Әбішұлы жалпыәлемдік дамуға барабар тұру қағидатын ұстану қажеттігін қадап айтты. Сіз бертінге дейін әлемнің ең беделді ұйымы – БҰҰ басшыларының бірі болдыңыз. Сіз жалпыәлемдік дамудың басты үрдістерін қалай деп айқындар едіңіз?
– Осы заманғы әлемдік үрдістер өте қарама-қайшылықты болып келеді. Бір жағынан, әлем нағыз инновациялық зерттемелерді арқау ете отырып, технологияны бұрын-соңды кездестіріп көрмегендей жаңартудың, ақпараттық-коммуникациялық секторды қуатты дамытудың жолымен жүруде. Әлем адамзаттың болмыс-бітімін түбірінен өзгертетін жаңалықтардың табалдырығында тұр.
Орнықты даму, экономика мен экологияның үйлесімі тұжырымдамасы бүгінгі өмірдің императивіне айналды, БҰҰ-ның Мыңжылдық саммитінде сонау 2000 жылдың өзінде айтылған орнықтылық қағидаттарын енгізбейінше ендігі жерде жекелеген елдердің де, тұтастай адамзаттың да келешегі кемел болмайтынын пайымдау күшейе түсуде.
Екінші жағынан қарасаңыз, байлар мен кедейлердің арасы барған сайын ашылып кетуін, қатты аштықты, миллиондаған адамдар үшін ауыз судың жетіспеуін, ең кәдуілгі жағдайлардың жасалмауын, гендерлік және этностық белгілер бойынша кемсітушілікті, мәселесі ушыққан елдерден босқындардың тасқынын, заңсыз миграцияны, есірткі бизнесін, ауру-сырқауды және адамдарды саудаға салуды көресіз. Көптеген дамыған елдер жаппай жұмыссыздықтың шырмауында қалды, олардың кейбірінде жұмыссыздық, Испаниядағы сияқты, 30 пайызға жетті.
Жаһандық саясат пен экономикада тұрақсыздық пен болжамсыздық белең алып барады. Сондықтан Елбасымыз өз Жолдауында ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайтынын өте әділ ескертіп отыр. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы терең талдаудың негізінде таяудағы 15-17 жыл Қазақстан үшін «мүмкіндіктер көзі» бола алады деген болжамын жасады. Бұл арадағы ең басты мәселе – жайлы конъюнктураның мүмкіндігін қолдан шығарып алмау, табанды да мақсатты жұмыс істеу.
– 2050 Стратегиясының басты мақсатына – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуына қол жеткіземіз деген біздің сеніміміз қандай күшке арқа сүйейді?
– Осы заманғы Қазақстанның үлкен артықшылығы – ерен Елбасымыз. Ұлт басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты аса көрнекті саясаткер тұрмаса, біз өмірдің барлық саласында бүгінгідей табыстарға жете алар ма едік? Әрине, жете алмас едік. Оған қоса, түпкі табысқа деген сенімділік Қазақстанның адами әлеуетіне негізделеді. Біздің азаматтарымыз – бар күш-жігерін ұлы ел тұрғызу үшін жұмсауға дайын, зияткерлік тұрғыдан өрелі және ой-санасында отаншылдық орныққан адамдар қоғамдастығы. Қазақстандықтар барынша дамыған елдердің алдыңғы қатарына қосылатын ырысты-берекелі елде өмір сүруге әбден лайықты.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.