Аймақтар • 18 Тамыз, 2021

Топтан озған өрендер

814 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда былтырдан бері «Та­лант­тарды анықтау жә­не қолдау» орталығы жұ­­мыс істейді. Орталық ди­­рек­­торы Руслан Сарба­лин­­­нің айтуынша, мақсат – бала­лардың зияткерлік және жеке әлеуетін, өзін-өзі ай­қын­дауын, қалыптасуын дамы­­ту, сондай-ақ дарынды балалар мен талантты жас­тарды зияткерлік-та­ным­дық ортаға енгізудің жа­­ңа түрлерін тауып, «әлеу­меттік лифт» жүйесін құру.

Топтан озған өрендер

– Бар игіліктің бастауы – білімде. Әсіресе ең озық технологиялар енгізіліп жатқан кезде қабілетті балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу өте қажет. Сол себептен біздің орталық дарынды балалардың білімін жетілдіруі, ғылыми жобаларды қолға алуы үшін қолайлы орта қалыптастырып, серіктестерімен, мамандандырылған білім ошақ­тарымен бірлесе жұмыс істейді. Білімнің биік шыңына ұмтылған оқушыларды түрлі олимпиада мен ғылыми жобаларды қорғайтын сайыстарға қатысуына қолдау білдіріп отыр, – дейді Р.Сарбалин.

Биыл республикалық олимпиа­даға қатысатын оқушыларды да­йын­дау мақсатында «Онкүндік» жо­басы ұйымдастырылыпты. Елі­міздің барлық аймағынан 1 557 оқушы қатысқан білім дода­сында аты­раулық 42 оқушы жүл­де­гер атанып, 6-уы алтын, 17-сі күміс, ал 19 оқу­шы қола медаль ал­ған. Респуб­ли­ка­лық олимпиада­дан өңір коман­да­­сы жалпы есепте е­кінші орын­ды, қо­ғам­­дық-гума­­ни­­тарлық бағыт­тағы пән­­дер бо­­йын­­ша бірінші орын­ды ие­ленді. Ал ма­те­матика мен фи­зи­ка пән­­дері­­­нен өткен халық­ара­лық олим­­­­­пиа­­дада топтан озған «Білім-Ин­­­но­­­­ва­­­­ция» лицей-интерна­тының екі оқу­­­­шы­­­сының мерейі үстем болды.

– 1959 жылы бастау алған халық­а­ралық математика пәні олим­пиадасы 14-25 шілдеде Ресей­д­е өтті. Оған «Білім-Инно­ва­ция» лицей-интернатының 11-сы­­нып оқушысы Айбек Мыр­за­тай қатысып, бірінші жүлдеге бе­рі­летін алтын медальды жеңіп алды. Ал 1967 жылдан бері өтетін халықаралық физика олимпиа­дасын Литва Республикасы ұйымдастырды. Бұл олимпиадада аталған лицей-интернаттың 10-сы­нып оқушысы Ризабек Ал­па­мыс екінші жүлдені иеленіп, күміс ме­даль­мен марапатталды, – дей­ді ор­талық директоры Р.Сарбалин.

Оның айтуынша, Айбек Мыр­за­тай 2019 жылы Балқан түбегі мен Туймаада, Қытайда, Баку мен Алматыда өткен халықаралық математика олимпиадаларынан төрт алтын, бір күміс медаль ие­лен­ген. Ал былтыр осындай халық­аралық білім додасында есепке жүйріктігімен ерекшеленіп, алтын медальға қоса абсолюттік чемпион атағын жеңіп алды. Биыл төрт олимпиадада бақ сынап, төрт алтын медальға ие болып отыр.

Аталған лицей-интернаттың тағы бір оқушысы Ризабек Алпа­мыс­тың да халықаралық білім­ сайы­сы­нан иеленген жүл­десі жетерлік. Биыл ол бірнеше олимпиадаға қа­тысып, қатар­ластарынан оқ бойы озды. Сөйтіп, зеректігімен танылған оқу­шы төрт күміс медальмен білім шыңын бағындырудан алған жүлдесін толықтырды.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар