21 Қаңтар, 2014

Дарын қуаты

583 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Ғұламалық, тереңдік, кемелдік – оқымысты-филолог, жазушы, түркі тіл­дерінің білімпазы, ұстаз, қайраткер Әзиза Нұрмаханованың (1924-2001) әдеби-көркем, ғылыми және публицис­тика­лық шығармашылығына тән сипаттар.

11 бетке 21 01 2014-1

 

11 бетке 21 01 2014Ғұламалық, тереңдік, кемелдік – оқымысты-филолог, жазушы, түркі тіл­дерінің білімпазы, ұстаз, қайраткер Әзиза Нұрмаханованың (1924-2001) әдеби-көркем, ғылыми және публицис­тика­лық шығармашылығына тән сипаттар.

Профессор Әзиза Нұрмаханованың өмірбаяндық мәліметтерін, қызметтік баспалдақтарын бір сәт еске түсірсек, ол филология ғылымдарының докторы (1966), профессор (1970), Қара­қал­пақ АССР-інің ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1975), 5-сайланған Қара­қал­пақ АССР-і Жоғары Кеңесінің депута­ты, Нүкіс педагогика институтын тәмам­даған (1949), 1942-1948 жылдарда Мойнақ қаласындағы В.В.Куйбышев атындағы орта мектептің директоры, 1948-1951 жылдарда Нүкіс педагогика училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1951-1954 жылдарда СССР ҒА Тіл білімі институтының аспиранты, 1954-1957 жылдарда Өзбек ССР ҒА-ның Қарақалпақ АССР-дегі ғылыми қызметкері, 1957-1960 жыл­дар­да Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1960-1962 жылдары Қарақалпақ АССР-і Оқу министрі, 1962-1968 жылдарда Өзбек ССР ҒА-ның түркі тілдері секторының меңгерушісі, 1968-1978 жылдарда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, 1973-2001 жылдарда Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінде кафедра меңге­рушісі, профессоры. 1954 жылы Мәс­кеу­де «Қарақалпақ тіліндегі төл сөздер мен төлеу сөздер» атты еңбегі жарық көрді.

Ә.Н.Нұрмаханова «Шығыстың шынары» дейтін шығармасында тумысынан от жүректі, ұшқыр ойлы, ақ жібектей таза, толық мінезге бай, сыры терең өрен тұлға, заты пәк пейіштің шынарындай жас жайнақ Кеңес Одағының Батыры, асқан снайпер Әлия Молдағұлованың балғын да балауса шағы, Қобыланды батыр, Асан қайғының баласы Абат батырдың сүйегі жатқан ұлы Қобда өзені бойы, Байтақ қауымы, ата-баба қонысы, Ақтөбе, Мәскеу, Ленинград шаһарларында оқыған жылдары, мектеп қабырғасындағы өрелі, өнегелі істері, кісілік келбеті, мейірбан шырайы, сөзге сараң, сырға берік сәулетті бейнесі, сайыпқырандық, сұңқарлық қасиеттері өнерпаздықпен өрнектеледі. Туындыда оқиғалар белгілі бір жүйелілікпен өрбиді. Архитектоникасы шымыр. Ұлттық көркемдік нақыштар, тәмсілдер, кейіпкерлердің сөздік-лұғаттық сипаттамасы, жан-сезім дүниесі табиғилықпен өріледі. Көркемдік пен дәлел-дәйек, жинақтылық пен тұтастық бар.

Жазушы әу баста ұлы Қобда мен Ойыл бойын жайлаған Молдабек пен Молдағұлдың көгілдір көк майсаға бөленген ауылдарын, әсіресе, Молда­бектің «би түскендей үйін», жер-су, жесір дауын білгірлікпен шешетінін, суырып-салма айтқыштармен, би-ақсақалдармен ой, сөз жарыстыратынын соншалықты нанымды суреттейді. Сондай-ақ, қырық құбылған заманды, көз жасы телегей отаршылдықтың отты кісені салынған қайран қазақтың мүшкіл халі, Молдабек пен Молдағұлдың құдаласуы тебіреністі әңгімеленеді. Яғни Молдабек ұлына «тал бойында тарыдай міні жоқ» Молдағұлдың Маржан атты қызын айттырады. Бет біткеннің көріктісі Маржанды былайша сипаттайды: «Маржанның басындағы сәукелесінің төбесі күміспен әшекейленген болатын да, ақ жібек желек бергекке тоты құстың екі-үш қауырсынын тігінен бекітіп қойған. Сәукелесінің арт құлағы беліне жетеді де, оның сыртына жауып қойған шашақты жібек мата, көйлектің етегі құсап жерге сүйретіліп жатыр. Үстінде ақ жібектен тігілген көйлектің етегі қосарлана келіп, бірнеше қатар желбіреген қатпар түзеп, етегін дөңгелете түскен, сыртынан қызыл мақпалдан қыналған қызыл киген, аяғын­дағы биік өкшелі етіктің артында да неше түрлі асыл тастар жарқырайды...».

Жазушы Ә.Нұрмаханованың дүние­танымының кеңдігіне, ұлттық этнопе­дагогиканың сырларының мәнісіне жетіктігіне, өмір, тұрмыс, тіршілік құбы­лыстарына, салт-дәстүр, ырым-наным­дарға зейінділігіне, көреген түйсігіне, көсем тіліне дән разы боласыз. Кіші жүзден шыққан асқан дәулет иесі Бай­сақал деген кісінің қызының жасауы қиялдағыдай еді. Сәукелесінің өзі бес жүз биеге бағаланған. Осы жайтты ауыл әйелдерінің аузына салады. Бұл дерек Мәшһүр Жүсіп жазбасында бар.

Аузы оймақтай, қасы қарлығаштың қанатындай, көзі мойылдай анасы Маржан қандай еді! Он саусағынан өнері тамған, оюлардың нешеме түрлісін (теңдеме, жүздеме, сыңар оюлар дегендей) жасайтын, «бір тізерлеп отырып, әдеп сақтап, шәйнек пен самаурыннан құйғанда шайдың дыбысын шығармай, шынаяқтың бір шетіне қиялай тидіріп құйып отырғанын» еске түсіруші еді көз көрген келіншектер. Әлия аяғын апыл-тапыл басқан кезінде анасы Маржанның татар дәм-тұзы таусылды. Ол Маржан анасының ағасы Әбубәкірдің қолында, әжесінің бауырында өсті. Оның келіншегі Сән, балапаны Сапура Әлияға әрқашанда жылы қабақ танытты. Әбубәкірдің қызғылықты ертектерін, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батыр жырларын, Құрманғазы мен Динаның құдіретті күйлерінің шығу тарихын құмарлықпен тыңдайтын. «Әлияжан! Сенің анаң да ер мінезді, асыл адам еді. Құрманғазының шешесіне ұқсатамын да жүремін» – дейтін Әбубәкір. Осынау ой-толғаныстар Әлия­ның жас жүрегін оттай маздатушы еді. Ой-санасы сергек балғын Әлияның өмірге, жаратылысқа қызығушылығы ересен. Қабылдауы, түсінуі, ой қорытуы да шапшаң. Айталық, Әбубәкір қызмет бабымен Алматыға, Әулиеатаға көшкен­де Айшабибі мазары, Баба-хатун саға­на-кесенелеріндегі жазулардың мән-мағынасын айтып беруді өтінеді. Сонда келешектің тұлғасы «жүзінде қайсарлық пен ерлік оты» жанып тұрған Әлияға нағашы ағасы: «Бұл жоғары мәртебелі, құрметті, мейірбанды да жомарт, шанышқы мен қылыш сайысының жеңімпазы Әбіл әмірдің өнегелі, ақылды да пәк қызы, бақытты айдары, Кәназектің зәулім бейіті. Бұл (қаза) Рамазан айының бас кезінде, жылдың төртінші айында болды». Әрі қарай Әулиеатада 22 мешіт, қаншама әулиелердің мазар­лары, Тараз шаһарының пирамидасы – Тектұрмас әулие, Ақыртас сынды ғажайып жәдігерлер барын, білгір, шебер, мәдениетті, көреген ата-баба­ла­рымыздың рухын және асылды ардақ­тайтын, ұл мен қызды айырмайтын, «жолбарыстың еркегі де, ұрғашысы да бірдей мал алады, соны қазақ жақсы білетін, сен Әлия зерделісің, саған даңқты әжелеріңнің аруағы жар болсын!» – деп сөзін аяқтады Әбубәкір. Сөйтіп, уыздай уылжыған Әлияның тарихи танымын біршама кеңейтті. Әлия да әсерленді.

Ағасы Әбубәкірдің аузынан «Қызға бір үйден жыю, қырық үйден тыю», «Қыздың жолы қылдан тар», «Құдайдан қорықпа, Ұлдайдан қорық» деген мақал-мәтелдерді естіген-ді. Тағы бірде мынадай тәмсіл айтқан еді... 1740 жылдарда Әбілқайыр ханның қызы, Нұралы ханның қызы Тойқара Орынбордағы қыздар гимназиясында оқыпты. Үріп ауызға салғандай Тойқараны қалмақ ханы Ғалдан Серен ұлына айттырады. Орынбордағы Дала генерал-губернаторы Гессеннің жүрек түкпірінде де қазақ аруына ғашықтық оты тұтанады. Осы бір шақта Ғалдан Сереннің баласы қалыңдығына келеді. Екі оттың ортасында қалған Нұралы ханның халі мүшкіл күйде Тойқараны қалмақ еліне ұзатайын десе, хан 1731 жылы ауыз жаласқан орыс халқының өкілі генерал-губернаторға не дейді. Гессенге қосса, тағы шатақ. «Ақ батаны бұзу» – екі мемлекеттің ортасына от қоюмен тең. Осыны білген Тойқара өз төсегінде жалғанмен қош айтысыпты. Осындай қазақ қызының ерлік ісін есті Әлия ерте қабылдаған, көңілге тоқыған, білімдінің ойын оқуға шүу бас­та дағдыланған.

Әлия Мәскеу мен «орыс ғылымының бесігі» Ленинградта оқыды. И.С.Тургенев, Н.Г.Чернышевский, Д.Н.Менделеев, К.А.Тимирязев, И.П.Павлов, Д.Н.Писа­рев, А.Н.Ульянов, А.А.Блок оқыған уни­верситетте оқимын деп армандады. Ғасырлар тарихының куәсі, ұлы тұлға­лардың ордасы болған атақты шаһар­дың сән-сәулеті ой-санасын оятты. Исаакий Соборы, Қысқы Сарай, Петро­павл қорғаны, Адмиралтейство, Мыс салт атты, Александр ұстыны, Эрмитаж, Екатерина ІІ ескерткіші, Таврия бағы... «Тілсіз табиғат, әрбір көрініс, әрбір ескерткіш, тіпті әрбір тас пен кірпіштің өзі де Әлияға ой салатын, тебіренттіретін» дейді жазушы.

Ұлы Отан соғысы басталар алдында ағасы Әбубәкір Ташкент қаласына қызмет ауыстырды. Әбубәкір хат жазған сайын келіншегі Сәнге: «Әлияны қалды­рушы болма!» дейтін.

Әлия «Германиямен соғысу – жеңіл соғыс емес» екендігін бек түсінді. Осы уақытта Белоруссия, Балтық бойлары, Украина, Фронт Житомир, Проскурова, Могилев-Подольск, Прут пен Дунай дариялары қанға бөгіп, халық қасірет құрсағында қалған еді. Жендеттер Батыс Двинадан өтіп, солтүстік Псков пен Таллинге, Ленинградтың оңтүстік-баты­сындағы Островка мен Лугаға ауыз сала бастады... Ленинградқа қасі­реттің қара бұлты үйірілді, Қап тауындай қауіптің құшағында қалды. Ұлы шаһар тастай қараңғы. Су құбырлары жүйесі мен канализация тас-талқан. Пошта істемейді. Аштық жайлаған. Ажал жалмаған. Қырғын-сүргін заман. Радиоқабылдағыштан Жамбылдың «Ленин­градтық өрендерім!» атты толғауы саңқылдап естілді. Және де «Правда» газетінің 1941 жылдың 5 қыркүйегіндегі санында жарияланған еді. Невский алаңына жиналған жұрттың Жамбыл атаның жырын оқып, рухтанғанын Әлия көріп, қанаттанды.

Әлия мергенші-нұсқаушылар мек­тебінде оқып жүргенде үздік өнері үшін ВЛКСМ Орталық Комитеті салтанатты түрде винтовка сыйлады. Атқыштар мектебінің комиссары Е.Н.Никифорова жаңадан қабылданған курсанттарды оқытасыз дегенде: «Егер майданға жібер­месеңіз, қазір биік ағаштың басына шығамын да түспеймін, сонда күні-түні отырамын да қоямын! – деді Әлия.

– Жібереміз майданға! – деді ко­миссар.

Снайпер Әлия Молдағұлованы полковник Горохов бірде былайша сынады. Ол ішкі гимнастеркасының түймесін 150 метр қашықтыққа қойып көздетті. Әлия нысанаға дөп тигізді. Бұдан кейін талай рет дұшпанды сұлатты.

– Әлия, сенің оғыңа ұшқан офицер мерген жігіттің қолынан өлдім-ау деп кетті-ау шамасы – дегені бар еді қазақ жігіті Айдардың.

Лейтенант Гусев Новичка селосын­дағы неміс офицерлерінің қайсы үйден кіріп-шығатынын күндіз анықтап, түнде сол үйдің өзін аңдуға бел байлайтынын ескертті». Белгіленген күн мағынасыз өтті. «Тіл» керек-ақ.

– Мен сол деревняның қызы болып киініп аламын да, жағдайын білемін. Өздерің менен көз жазбаңдар, – деді Әлия. Әлияның тар кезеңдегі жортуылын жазушы: «Молдағұлова деревняның жолына түсіп алды да, көлбеңдей түсіп, басын бір оң жаққа, бір сол жаққа былғай салып бара жатты. Шамасы көңілді сауық кештен қайтып, өлең айтып келе жатқан қызға ұқсайды» деп суреттейді. Оқыста немісше сөйлеген адамдардың даусы жарығы мол үйдің ішінен самбырлап естілді. Шалт қимылдап, қол автоматынан оқ жаудырды. Бірі сұлап түсті, екіншісін тірідей қолға түсірді. Немістің құнан пілдей офицері «қыздың қолына түсіп ырқына көнгеніне күйзелді».

Қанды қырғында мейірім-қайырым­нан жаралған фәрзана Әлия «ертектердегі батырларға ұқсады. Ол оқтан да, оттан да қорықпайды, сескенуді білмейді», өте-мөте терең қазылған траншеяда тапжылмай аңдып, талай фрицтердің көзін жойды. Оқыста бірнеше жерден неміс солдаттары мен одыраңдаған офицерлері шыға келмесі бар ма? Әлияның өр кеудесіне автомат пен пистолеттің оғы қатар қадалған.

«Ой, жалғаншы! Қыршын жасты қалай жерге қиясың? Сенен қатал, сенен мейірімсіз дүниеде не бар? Ой, қара жер! Әлияны қалай құшағыңа аласың? Оның үлкен ер жүрегі қалай сыйып жатады? Ол қыршын жас еді ғой! Ол не жазды саған? Өткен күнге қосқан олжасы болмаса, опық жасамап еді ғой! Ол махаббат пен жастықтың жырын жырлай алмай, арманда кетті! Оның сұлу саусақтары гүл ұстамай, үлбіреген ерні сәбиді сүймей, иығы торқаны кие алмай кетті. Осы кезде табиғат та мүлгіп, аспан жүзін қара бұлт басып, ұйтқып соққан самал жел де, тау да, тас та «Әлия» деп зарлағандай болды. Жапырақсыз ақ қайыңдар мен шашақты шыршалар да, құндағына құлаш жетпейтін алып тұлғалы емендер мен тіп-тік шаншыла біткен қарағаштар да «Әлия» деп бас иді.

Ерлік өмірі таусылмас дастандай гөзел ғазиз жүректі Әлияның орасан қуат-бітімі, от жүрегінің құдіреті, нұр нұсқа сүгіреті, биік парасаты, иман қуаты трагедиялық-философиялық түйдекпен сипатталған.

* * *

Жазушы Әзиза Нұрмаханованың «Қыздар» повесінде (1969) бір кіндіктен тараған тірідей жетім жеті бірдей қыз балалардың анасы сүйек сипаты, келбеті келіскен Маржанның тағдыры және оған деген елдің игі жақсыларының қамқорлығы шынайы суреттеледі. Мектепте үй сыпырушы болып істейтін ақкөкірек Маржанның өмірі тіршілік, тұрмыс жүзінде шырмауықша шырмаған қайшылықтар тұтқынында жаны да күй­зе­леді, «ұятсыздың тілі – мың құлаш» де­гендей, өсекші Жәмиланың тұзағына ілінеді.

Мектеп директоры Ісмет Сейітов «қасарысқан жерінен қан алатын, біреуге қасын тіксе, қан қақсататын» көздің бұқасымен қарайтын дүлейдің өзі. Бірде оның үйіне қонақ келгенде дереу көмектесуге Маржанды шақыртады. Жеті бірдей қуыршақтарды бағу, асырау, киіндіру, мектепке әзірлеудің үстіне кішкентайы Нағима қызылшамен сырқаттанып, бара алмаспын деген. Сонан соң ол үйге «қолы-қолына, аузы-аузына жұқпайтын, тілімен бидай қуыратын жел сөзді Жә­мила барған. Ол: «Тойынып кеткен, көзі жер көрмейді. Несіне кеудесін керіп, қайқаяды екен? Ыбырсыған қыз­дарының буы көтеріп бара жатыр ма? – деп Маржанды Гүл­сараға жиір­кенішті көрсетіп, мысық тілеулі ішмерез мысқылдайды екен.

Қашанда болсын рақымы мол мұғалім Нина Владимировна Маржанды жан-тәнімен қолдайды. Үйіне барып, хал-ахуалымен танысып тұрады екен. Дирек­тор Ісмет Сейітов Маржанға зілденді, көкбет Жәмила болса Маржанға жұдырық ала жүгіреді, онымен қоймай ұлы Кенжемұрат Маржанның шаңырағына келіп, соққыға жығады.

Ақырында Маржан жаны сүйген асылы, сыйынары – «ашуы – жұт, күлкісі – құт» ақбас толқындардың мекені, көңілдің тірегі Аралмен қоштасып, Мойнаққа көшіп, балық зауытында жұмысшы болып істейді. Еңбеккерлігімен, ізгілігімен, сақамырзалығымен елдің қадірлісі атанды. Маржанның «адамның денесі де көңілден су ішеді» дейтіні бар.

Шіркін, ана мейірі, ана махаббаты қандай керемет десеңізші! Жеті бірдей қызғалдағы желкілдей өсіп, қанаттанып келеді. Бір-бірлеріне қамқор, сүйеніш. «Сүйек тамыр сүйенісіп күн көреді» деген рас-ау! Әмина 8-сыныптан бастап комсомол ұйымының хатшысы және сіңлілерінің күнделіктерін тексереді. Еңбектенудің арқасында Әмина облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Бұл хабарды Маржан радиоқабылдағыштан естіп, көңілі марқайды. Ажар болса, мектеп директоры, ғылым кандидаты, оқу министрі лауазымына дейін көтерілді.

«Қыздар» повесінде Әминаның енесі пәлеқор Қалампыр кемпір, сөз тасығыш Бейсенбай, Ажардың күйеуі маскүнем Мырза, кім көрінгенге бізін шанышатын Шаншу бейнелері де өмірдің бірыңғай тамашалардан тұрмайтындығын, ұры байымайтынын, сұғанақ семірмейтінін, екінші жағынан өнерлілердің ар-намысқа, таза еңбегіне сүйеніп от-жалында шынығатынын, адамгершілігімен аршындап алға озатынын көрсетеді.

Шығарманың соңында құмырсқаша қимылдап, тұрмыстың теперішін көрген, бейнетқорлықтың азабын тартқан, енді зейнетінің жемісін татқан ақылды, парасатты Маржан ананың көл-көсір қуанышына куәгер боламыз.

Жазушы адам характерін даралап көрсетуге кәнігі шебер. Кейіпкерлерін әрекет үстінде, сөйлеу, ойлау үдерісінде, бір-бірлерімен өзара қарым-қатынас барысында, қаһарманның бет-әлпет, қимыл-қозғалыс пішінін бейнелеу сәтінде толық танытады. Портрет, пейзаж, диалог, монолог тәрізді бейнелеу құралдарын қолдануы да сәтті.

* * *

Жазушы, публицист Әзиза Нұр­маханова әйгілі күрішші, Социа­листік Еңбек Ері, Батыр ана Ұлбала Алтайбаеваның өмірі турасында қалам тербеді. Өз заманының айтулы тұлғасын жарасымды қарапайымдылықпен, кемел дарқандықпен келісті мүсіндеді. Оның «Ұлбала» атты деректі повесі (1976) қазақ әйелінің мүбәрак болмысын, көңілі күріштей кіршіксіз аппақ жан дүниесін құштарлықпен жырлады. Ұлбаланың дүние есігін ашуы, нағашысының қолында тәрбиеленуі, ақсүйек ойнауы, соғыс кезіндегі балалардың психологиясы («Бозторғайлар соғысты біле ме?» дегендей), оның балаларды тәрбиелеуі, оларға жыр жаттатуы, атақты орақшы, озат күрішші, сушы дәрежесіне жетуі, сезімтал дақыл күріштің сырын жетік білуі, күндік мөлшерді, бескүндік қорытындысын абыроймен орындауы, апта жемісін ел игілігіне жаратуы. Дала академигі Ыбырай Жақаевтың: «Әрбір топырақ аяласаң иеді, әрбір жапырақ сипағанды сүйеді», «Арғымақтан есек тумайды, егер жақсы егін алғың келсе, жақсы тұқым сеп. Ол үшін тұқымды сұрыптай біл» дейтін тәжірибеден туындаған ғибратты, мағыналы ойларын еңбегінің өзегі еткені, жайқалтып, толқытып күріш өсіру ақыл-парасатқа негізделетіні деректілік пен көркемдікті қатар ұстаған қаламгер Әзиза Нұрмаханованың «Ұлбала» шығармасында шынайы баяндалады.

Күріш гүлше мәпелеуді сүйеді. Жазушының суреттеуінше, Ұлбала әрқашанда терең ой құшағында. «Жерге түскен тұқым лезде-ақ құлпырып шыға келеді. Осы кезде жерге жасыл кілемді төсеп тастағандай көздің жауын алады... көздің жауын алып тұрған көк құрақтарға қарап, «бұлар да тілсіз нәресте секілді, қанша тәрбиені талап етеді...».

Адам еңбегімен көрікті. «Түбінде баянды­ еңбек егін салған» деп Абай қалай әдемі айтқан. Күріштік жерде Ұлбала ұлы Оралханымен жүргенде күрішпен бірге өсіп тұрған шиін мен күрмек туралы ойын былайша тарқатты:

– Зейінді Ыбекең «Күріштің басты екі жауы бар: олар шиін мен күрмек. Алғашқыда бұл шөптердің екеуі де күріштің көгімен бірдей болады» деп бекерге айтпаған ғой, – дейді. Оралханның түйсігінше, шешесі Ұлбала күріштің атасы, ақылдың алтын астауы Ыбырай Жақаевтың алдында сөзін ұйып тыңдап тұрғандай сезінді.

– Шынында да арам шөптердің күріштен түк айырмашылығы жоқ екен – десті балалары.

– Мұның күллісін Ыбырай атаң тек­сер­ген. Мынау шиін мен күрмектің са­бағы, бұл күрішке қарағанда жапы­рақ­ты келеді. Оның үстіне күрмектің жа­пы­­рағының өзегі боз болады да, шиін жа­пырағының өзегі қызғылт болады. Күріш жапырағының өзегі оның өз түсін­дей болады және сол өзекшеден бір­н­еше талшықтар тарап жатады. Ыбы­рай атаның айтуынша, күріштің сабағы ешкінің түбітінен де нәзік, бірақ оңай үзіле қоймайтын созылғақ нәрсе, оны тамырымен үзіп аласың. Жер неғұр­лым дымқос болса, күріштің тамыры со­ғұрлым мықты келеді» – деді ақы­лымен сұлу, еңбегімен ер атанған Ұл­бала.

Тағылым һәм танымдық мәні терең «Ұлбала» повесінде заманмен аяғын тең басқан ақылман абыз Ыбырай Жақаев, Социалистік Еңбек Ерлері Исатай Әбдікәрімов пен Орынбасар Бәйімбетов, күріш даласының құдіреті Шырынкүл Қазанбаева, ұстаз Ұлмекен Рыспекова бейнелері жарқын көрініс тапқан. Олардың Ұлбала туралы сырлы лебіздері қандай жарасымды десеңізші!

Үлгілі отбасы Ұлбала мен Сұлтан­ханның адамгершілік мұраты, ой-парасаты, биік мақсаты көңіл сүйсін­діреді. Көкірегі сезімді, жаны ізгі Ұлбала «Менің қуатым, қанатым – перзенттерім, бәйтерегім – Сұлтанхан» деп ағынан ақтарылса, Сұлтанханның «әйелді сыйлау – ананы сыйлау, апа-қарындасты сыйлау, қызыңды сыйлау» дегені кісіліктің белгісі ғой.

Жазушы Әзиза Нұрмаханова халық тілінің лексикалық байлығын, терең тамырлы көркемдік дәстүрін терең мең­герген және ой-толғаныстарын сыршыл­дықпен суреттеп жеткізеді.

* * *

Озат ойлы әмбебап оқымысты Ә.Нұр­маханова «Түркі тілдерінің салыс­тырмалы грамматикасы» атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арнал­ған соқталы оқу құралында (1971) Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген байырғы халықтардың тілі, түркі ру-тайпаларының жазу-сызулары, тарихи-әдеби жазба ескерткіштері, сонымен қатар қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түркімен тілдерінің фоне­тикалық, морфологиялық, грам­ма­ти­калық құрылымындағы, лексикалық құра­мындағы ұқсастықтар мен айырма­шы­лықтар білімпаздықпен талданады. Кейбір өзгешеліктер ұлт тілінің қа­лып­тасу және даму кезеңдерінде пайда болғандығына, түркі тілдерінің тарихи дәуірлеріне, тектік байланыстарына, этнографиялық көзқарасына, ру-тайпа аттарының бірөңкейлігіне, кірме сөздер табиғатына үңіледі, түркі тілдерінің жіктемесіне, мән-мағыналы сипаттарына барлау жасайды. Қыпшақ, Қарлұқ, Оғыз топтарына енетін тілдерді түр-түсіне орай нақтылы атайды. Түркі тілдерінің классификациясы жөніндегі Абель Ремюза, Вамбери, Г.И.Рамстед, В.В.Радлов, П.М.Ме­лиоранский, Г.Винклер, Е.Д.По­­лива­нов, Б.Я.Владимирцев, Н.В.Катанов, Ф.Корш, А.Самойлович, В.А.Бо­горо­дицкий, С.Е.Малов, Н.А.Баскаков сынды түркітанушылардың ой-пікірлерін таразылайды.

* * *

Ойы сергек, қимылы кесек, тумысынан ерек тарлан талант Әзиза Нұрмаханова алтын уақыттың қадір-қасиетін нәзік түсініп, ересен еңбектеніп мағыналы ғұмыр кешті. Түркі тілдерінің білгірі, сөз өнерінің дүлдүлі, көсемсөзші, санаткер, қайраткер дәрежесіне абыроймен жеткен. Оның телегей әдеби-ғылыми шығармашылығы, ұйымдастырушылық, ұстаздық еңбегі мұны нақты айғақтайды.

Бастан кешкені, көргені, естігені, ой тұжырымдары өлшеусіз тәжірибелі дарқан дарынның өмір тарихы эпопеяға лайық. Ғұламаның сырларына ден қойсақ, 1944 жылы Қарақалпақ елінде орта мектепте мұғалім болып жүргенінде радиодан СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға Совет Одағының Батыры атағы берілгенін естиді. Және де сол күнгі газетті сатып алып, көңілі бір жайланады. Әлия туралы шығарма жазу үшін өзіне ант береді.

1947 жылы Қарақалпақ АССР-і Оқу министрлігінің жолдамасымен Ленинград шаһарына келіп, Әлия оқыған №140-мектепке бас сұғады. Әлияның сыныптастарымен, құрбыларымен, оқушыларымен дидарласады. Мектепте күн сайын оқу басталар алдында кезекші оқушы: «Алия Молдагулова отсутствует. В январе 1944 года она погибла смертью храбрых в боях за Родину» деп хабарлап отырады екен.

Не деген ілтипат, ізет десеңізші!

1951-1954 жылдарда СССР ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасында оқығанда орыс әдебиетінің марқасқалары Константин Симонов және Александр Фадеевпен сыйластықта болыпты. Сонда мархаббатты Константин Симонов: «Азизочка, будет хорошо, если ты напишешь книгу об Алие. Я сделаю тебе пропуск в архив Министерства Обороны СССР. Начинай работать» – деген.

Ұлттың интеллектуалдық мәртебесін, әдебін, мәдениетін құрметтеген дарқан пейілді, мейірбан шырайлы қайран, жақсылар-ай! Әділдікті аяққа бас­пайтын, ар мен намыстан, ақыл мен қайраттан жаралған маңғаз келбетті, салиқалы сабаздар-ай! Солардың сом тұяғы «қазақтың адал перзенті» Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтен ардақты ақын Төлеген Айбергенов жұмыссыз жүр деп Әзиза апай өтінгенде, іле-шала Сарыағашқа мектеп директоры етіп орналастырыпты. Иә, тұтас миллеттің, ауыл-аймақ, бота-тайлақтың жайын мәністейтін халық қызметкері жақсылығын ірікпепті.

* * *

Төрт тұяғын тең басқан, қайсарлық пен ізденімпаздықты, қабілет-қарым мен өнерпаздықты, ұлтжандылық пен отаншылдықты, қалам қаруы мен білім, парасат қуатын серік еткен ғұлама, фәрзана Әзиза Нұрмаханованың сүйегі де асыл, текті. Ойы да, сөзі де дария шалқар шабытты Тұрмағамбет Ізтілеуов Мир – Араб медресесінде нағашы әжесі Бибіжан Шектібайқызымен сабақтас болыпты. «Соңынан Көкелташқа түскенде дәріс парсы, тәжік тілінде өтеді екен. Әкесі Шектібайдың өтініші бойынша парсы тілін жетік білетін Тұрмағамбет Бибіжанға біраз уақыт тәжік тілін үйретіпті, – деп жазады Әзиза Нұрмаханова. Тұрмағамбеттің араб, парсы, түркі, шағатай тілдерін жетік білетіндігі, Шығыс шайырларының шығармаларын жатқа айтатындығы, оған қоса суырыпсалма ақындығы өз замандастарын таңдай қақтырған, әлбетте, менің әжем сол жастардың қатарынан болыпты. Бибіжан да, оның күйеуі Әмет те Тұрмағамбет ағадан көз жазып қалмаған, өле-өлгенше қатынасын үзбеген».

Зерттеуші Ә.Нұрмаханованың «Тұр­мағамбет шайыр» атты мақаласында мұрағат материалдарына үңілу барысында Т.Ізтілеуұлының оқу бағдарл­а­маларына есеп, әдебиет, тарих, жағра­фия пәндерін енгізгені, Ыстамбұл мен Бұхарада медресе бітірген Зия – мақсұм Жолымбетұлы, Атажан – мақсұм, Алауатдин – мақсұмдардың жазбаларында айтылғандығын алға тартады. Ол 1960-1962 жылдарда Қарақалпақ АССР-інің Оқу министрі лауазымында жүргенде мүмкіндік тауып архивте жұмыс жасаған. Жоғары лауазым маңдайына бұйырса да, кісімсінуді, қораздануды ұнатпайтын ұстаз, білімпаз, қаламгер Әзиза Нұрмаханова «Сөз жерден ауыр, Күннен ыссы» екендігін жан-тәнімен танып, ұшқыр қиялымен, ішкі қуат-түйсігімен, даңғайыр тәжірибесімен, саңлақ сана-зердесімен еңбектеніп, асыл ойлар қалдырды. Мейірбан тұлғаның өзі өрде, сөзі төрде. «Асыл шірімес, ақыл ірімес» деген осы да.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Соңғы жаңалықтар