Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік жаңғырту үдерісін күшейту мәселесін айрықша атады. Ал халыққа білім беру ісі әлеуметтік мәселелердің беломыртқасы деп айтуға болады. Білім, жас ұрпақ және елдің болашағы деген ұғымдарды бөле жаруға болмайды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру және кәсіптік мамандар дайындауда шешімін күтетін түйінді мәселелер бар. Одан Қостанай облысы да құралақан емес. Осы орайда Қостанай облысы білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Бәтима Даумованы әңгімеге тартқан едік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік жаңғырту үдерісін күшейту мәселесін айрықша атады. Ал халыққа білім беру ісі әлеуметтік мәселелердің беломыртқасы деп айтуға болады. Білім, жас ұрпақ және елдің болашағы деген ұғымдарды бөле жаруға болмайды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру және кәсіптік мамандар дайындауда шешімін күтетін түйінді мәселелер бар. Одан Қостанай облысы да құралақан емес. Осы орайда Қостанай облысы білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Бәтима Даумованы әңгімеге тартқан едік.
– Бәтима Бексұлтанқызы, бақылау департаментінің екі жыл аралығындағы жұмыс қорытындысы бойынша облыстың білім саласындағы жетістігін бір ауыз сөзбен қалай айтар едіңіз?
– Қостанай облысының білім саласында айтарлықтай жүйе бар екендігін айта аламын. Облыс оқушылары 2013 жылғы республикалық пәндер олимпиадасында зор жетістіктерге жетті. Кәсіби байқауларда педагогтар да жеңімпаз атанып жүр. Департаменттің екі жылдық жұмыс тәжірибесінен де оңды нәтижелер көріне бастады. Олар материалдық базаны нығайтумен қатар, білім берудің сапасын арттыруға мақсатталған шаралар.
– Өткен оқу жылы облыстағы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден неге көңілдегідей көрсеткішке жете алмады? Әсіресе, «Алтын белгіге» үміткерлер сенімді неге ақтап шыға алмады? Осының себебі не?
– Иә, қайсыбір істің де түпкілікті нәтижесі болады. «Алтын белгінің» үміткерлері туралы да осыны айтқан дұрыс болар. 2011-2012 оқу жылы облыстағы мектептерден 169 түлек он бір жыл бойы алған білімін «Алтын белгіге» лайық деп санады. Содан Ұлттық бірыңғай тестінің таразы-сүзгісінен өткенде солардың арасынан 60 бала ғана өз білімін дәлелдей алды. Бұл «Алтын белгіге» үміткерлердің 35,5 пайызы ғана еді. Ал 2012-2013 оқу жылы «Алтын белгіге» талаптанған 135 түлектің 41-і ғана, яғни 35,4 пайызы өзінің үздіктігін көрсетті. Осыдан-ақ облыстағы білім беру саласындағы проблемалардың бар екендігін көруге болады.
– Баланың білім алуына тұсау болатын өзекті мәселенің алдына қайсысын қояр едіңіз?
– Білім саласындағы проблемалардың барлығы да өзекті. Алайда, солардың арасында уақыт көтермейтін мәселелер бар. Мысалы, шағын жинақы мектептер тек біздің облыста ғана емес, бүкіл республикадағы түйінді түйткіл болып отыр. Олардың жағдайы дабыл қағарлық. 2013-2014 оқу жылында Қостанай облысындағы жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың 6,7 пайызы, яғни 6578 бала немесе әрбір он төртінші оқушы бірігіп жинақталған сыныптарда білім алады. Онда негізінен бастауыш және негізгі орта сыныптары біріктіріліп оқытылады. Облыс бойынша біріккен сыныптардың үлесі жалпы сыныптардың 13,1 пайызын құрайды немесе әр жетінші сынып – біріккен сынып болып құрылған. Екі сыныпты біріктіру үлесі 81,8 пайыз болса, үш сыныпты біріктіру 10,8 пайызды, 4 сыныпты біріктіру 0,6 пайызды құрайды. Бастауыш білім беруде 20 жинақты сынып мектепалды дайындық сыныптарымен біріктірілген, негізгі орта мектептерде 31 жинақты сынып 9 сыныптармен біріктірілген. Бұл жағдайда білім алушылардың жас ерекшеліктері, сыныптардың оқу жүктемесі ескерілмейді. Мұнан баланың танымдық белсенділігі, оқу-тәрбие жұмысының тиімділігі төмендейді. Білім ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау нәтижесі көрсеткендей, үстіміздегі жылдың басынан қазан айына дейінгі уақытта облыстағы 70 шағын жинақты мектепте 274 мұғалім сабақты өз мамандығы бойынша жүргізбей отыр, яғни олар басқа сабақтарды қосымша береді деген сөз. Өзінің мамандығы болмаған соң, ол сабақ жөнінде мұғалімнен қандай біліктілік күтуге болады? Мұның барлығы баланың сапасыз білім алуына себеп болды. Оның көрсеткіші де дайын. 2012-2013 оқу жылында ҰБТ-ға шағын жинақы мектептердің 183 түлегі қатысты. Бұл барлық түлектердің 5,7 пайызын құрайды. Ал олардың жинаған баллы облыстық орташа көрсеткіштен төмен болды. Шағын жинақы мектептерді бітіргендер арасында жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін ең төменгі баллдың өзін жинай алмағандардың үлесі облыстық орташа көрсеткіштен 6,1 пайызға артық. Солай бола тұрса да, шағын жинақы мектептерде бір балаға жұмсалатын жылдық қаржының көлемі ішіңді ашытады.
Таяуда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов өткізген мәжілісте ауылдардағы шағын жинақы мектептердің жағдайы басты мәселе болып қаралды. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік бақылау жүргізгенде де терең зерттелетін болады, қолдағы мәліметтер Қостанай өңірінің шағын жинақталған мектептерін дамыту бағдарламасын құруға негіз болады.
– Шағын жинақы мектептер мәселесін шешуге министрлік тарапынан белгілі шаралар қабылданды. Бірақ солардың барлығы сәтті болды деп ойлайсыз ба? Мысалы, тірек мектептер немесе ресурс орталықтар өзін ақтады ма? Қостанайдағы жағдай қалай?
– Шағын жинақы мектептердің білім беру ресурсын нығайту мақсатында тірек мектептері белгіленген. Олардың базасында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде шағын жинақты мектептердегі білім сапасын жақсарту көзделген. Қостанай облысының бірқатар ауданында мұндай 9 орталық, яғни 9 мектеп жұмыс істейді. Оларға 29 шағын жинақы мектептер бекітіліп берілген. Екі ресурстық орталықта оқытудың қашықтық түрі, алты мектепте сессиялық, бір мектепте сессиялық және сессияаралық түрі ұйымдастырылған. Тірек мектептердің жұмысын ұйымдастыру үш жылдан бері сатылап жүзеге асырылып келеді. Әрине, жаңадан енгізілген әр істің алғашқыда бұлттан шыққан күндей бір сәттік әсері болады. Бұл ата-аналар, педагогикалық жұртшылық және оқушылар тарапынан жақсы пікір туғызған еді. Алайда, ресурстық орталықтарды құрғанда еленбеген қиындықтар білініп отыр. Оқушыларды жинағанда 3 ресурстық орталық жанындағы интернатта орын тапшылық етеді, екі ресурстық орталықта интернат жоқ, 3 ресурстық орталыққа балаларды таситын көлік қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, еліміздің «Білім туралы» Заңына сәйкес ресурстық орталықтарда жақын маңда орналасқан магниттік мектептердің білім беру қорлары шоғырланып, шағын жинақталған мектептердің оқушыларына сапалы білім алу жетімді болу үшін оқытудың қысқа мерзімді сессия және сессияаралық формалары және ағымдағы, қорытынды аттестаттау өткізілу көзделген. Сессиялық оқыту жыл бойы оқушылардың каникулдары кезінде жүзеге асырылады. Оқытудың сессиялық формасында жұмыс-оқу жоспарының вариативті бөлігін не апталық жүктеменің оқытылуын қамту басым болып отыр. Ол оқушының сабаққа деген құлшынысын кемітеді, магниттік мектептерде жұмыс-оқу жоспарының вариативті бөлігінің орындалмауы жиі орын алады. Ресурстық орталық пен магниттік мектеп мұғалімдерінің еңбегін бағалау механизмі жоқ. Қысқасы, дәл бүгін ресурстық орталықтар шағын жинақы мектептер проблемасын шешуге ықпалды болып отырған жоқ. Оны әлі де талдап, зерттей түскен дұрыс болар еді. Ал, 2011-2020 жылдарда білім беруді дамытудың бағдарламасына сәйкес елімізде осындай 160 ресурстық орталықтар жасау белгіленген.
– Қазір пәндік оқу бағдарламаларының жеңіл емес екендігін мұғалімдер де, ата-ана да айтып жатады. Әр оқу тоқсанынан кейінгі каникулды оқушылар асыға күтеді. Бір апталық демалысында баланы өзге мектептерге тасығанша, интернаттарды қайта жаңғырту тиімділігі қалай болар еді?
– Қазір интернаттар оқушы саны жыл сайын азайып бара жатқан ауыл мектептерінің өзекті мәселесін шешудің нағыз баламасы болар еді. Бүгінде Қостанай облысында 29 мектеп-интернат бар, оларда небәрі 915 оқушы жатып оқиды. Бұл барлық шағын жинақты мектеп оқушыларының 2,7 пайызын ғана құрайды. Қазір ауылдардағы аз ғана бала оқитын шағын жинақты мектептерге жұмсалатын қаржының есебінен интернаттар желісін кеңейтуге бағыт алсақ, әрине, білім де сапалы болар еді.
– Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мен оның әр ата-анаға қолжетімділігінің маңызы орта, кәсіптік немесе жоғары білім беруден кем түсіп отырған жоқ. Оның облыстағы өзекті тұстарын айтсаңыз.
– Білім саласына мемлекеттік бақылау жүргізу мектепке дейінгі білім берудің үш басты проблемасын анықтап отыр. Оларды білім саласының барлық құрылымдары бірлесіп қана шеше алады. Оның ең бастысы – кадр мәселесі. Қазір облыс бойынша бұл салада 3336 педагог бар, оның 328-інің ғана мектепке дейінгі білім беру бойынша жоғары білімі бар. 829 мұғалімнің мектепке дейінгі арнаулы орта білімі бар, сонда әр үшінші мұғалімнің ғана білімі өз мамандығына сәйкес, яғни мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің әдістемесін меңгерген. Кадр мәселесін шешуде «Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі» мамандығын орыс, қазақ тілдерінде дайындайтын облыстағы екі колледжге 2012 жылы лицензия берілді.
Облыста барлығы мектепке дейінгі 630 мекеме бар, соның 480-і мектептер жанындағы шағын орталықтар. Барлық бүлдіршіндердің 66,6 пайызы осындай мекемелерде тәрбие алып жатыр. Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында шағын орталықтардың үлесін 2010 жылы 59,7 пайыздан 2015 жылға қарай 50 пайызға дейін азайту жоспарланған.
Нарық қиындықтары орын алған бұрнағы жылдары мектептер жанындағы шағын орталықтар өз міндетін атқарды, ал қазір олар уақыт талабына жауап бере алмайтынын білуіміз абзал. Балабақшаларда баланың дәмді тағаммен тамақтандырылуы, медициналық бақылауда болуы және тәрбие алуы қажет. Мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларында бүлдіршіндердің интеллектуалдық, физикалық, психологиялық және эстетикалық жағынан жан-жақты дамытылуы көзделген емес пе? Сондықтан биыл «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламаларының мазмұнына толықтырулар енгізілді.
Облыстың білім ұйымдарының желісін Үкіметтің 2007 жылғы желтоқсан айындағы қаулысы бекіткен кепілді норматив талаптарына сәйкестендіру үшін білім саласындағы бақылау департаментінің 2012 жылы өткізген мониторингінің қорытындылары қозғаушы күшке айналды. Өткен оқу жылына қарағанда, биыл жүйе қысқарды, яғни 14 мектеп жабылды. Небәрі 60 бала ғана оқыған бұл мектептердің екеуі негізгі, қалған он екісі бастауыш білім береді. Барлығы 389 оқушы білім алып отырған он білім ошағы орта мектептен негізгі орта мектепке, 68 бала қалған 9 негізгі орта мектеп бастауыш мектепке айналдырылды. Жабылған мектептерден балалар интернаты бар мектептерге тасымалданады. Осылай оқушыларға мемлекеттік стандартты игеруге неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалуда. Дегенмен, үстіміздегі оқу жылында облыстағы барлық білім ошақтарының 77,7 пайызы оқу-тәрбие үдерісі ерекше түрде ұйымдастырылатын шағын жинақы мектептер болып отыр. Облыстағы әр үшінші оқушы осындай мектептерден білім алуда...
– Білім сапасына көлденең тұратынның бірі оқулық екені жиі айтылып жүр. Сіз осыған не дер едіңіз?
– Бүгінде мұғалімдері өз бетінше жұмыс істей алатын, өзін өзі басқара алатын мектептер қатарының көбеюі және білім беру ісіне қатысты барлық субъектілерді қатыстыра білу жоғары білім сапасының кепілі болмақ. Алайда, жас ұрпаққа білім беру ісіндегі басты құрал – оқулық екені естен шықпаса керек-ті. «Біздің кітаптан алатын білімімізді ұстаздарымыздан басқа ешкім білмейді» деген екен Вирджиния Хадсон. Оқулық сапасы туралы айтылып-ақ келеді. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талабы бойынша жасалған оқу бағдарламаларын орындау қиынға соғып отыр. Сараптама көрсеткендей, бірқатар оқулықтардың мазмұны оқу бағдарламаларының мазмұнын ашпайды, жеке пәндер бойынша оқу жүктемелерін қысқарту кезекті оқу жылында министрлік кепілдеген және рұқсат еткен баспалардан шыққан оқулықтарда ескерілмеген. Қысқасы оқу бағдарламасы мен оқулықтың мазмұны сәйкес келмейді. Сөзіміз құрғақ болмау үшін мысал келтіре кетейін. 7 сыныпқа, 10 сыныпқа арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Ағылшын тілі» (авторы Т.Аяпова), 6 сыныпқа арналған «История древнего Казахстана» (авторлары Т.Садықов, Г.Төлеубаева, Б.Халидуллин), осы оқулықтың 2 шығарылымы («Алматы», «Атамұра» баспалары) 11 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы (авторлары Т.Тұрлығұл, С.Жолдасбаев, Л.Қожакеева, «Мектеп» баспасы 2007 ж), 4 сыныпқа арналған «Русский язык» оқулығы «Алматыкітап», «Атамұра» баспаларынан шыққан, авторлары С.А.Никитина, Л.П.Якунина, Р.Т.Мендикинова, Т.А.Кульгильдинова. Осылай жалғастыра беруіме болады.
Мұның барлығы да жөндеуге келмейтін кемшіліктер емес. Олар кеше мен бүгін туындаған жоқ. Қазақстанның бірқатар дүниежүзілік ұйымдарға мүше болуы біз әңгіме еткен мәселелердің шешімін табуды талап етеді. Себебі, еліміздің алдында биік белес – әлемнің ең дамыған 30 елі қатарынан көріну міндеті тұр. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан біраз елеулі істер атқарылуда, қаржылай көмек те аз емес. Жас ұрпақтың сапалы білімі қаржыдан да қымбат екенін тағы түсінуіміз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.