Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Жолдау туралы осындай тұжырымға кеді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі кезекті Жолдауын жолдағаннан кейін, Қостанайдағы «Достық» үйіне облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени ұйымдарының, ғылыми-сараптау тобының және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері жиналып, кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің мүшелері Жолдау туралы осындай тұжырымға кеді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі кезекті Жолдауын жолдағаннан кейін, Қостанайдағы «Достық» үйіне облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени ұйымдарының, ғылыми-сараптау тобының және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері жиналып, кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Олар ғаламтор мүмкіндігін пайдаланып, электрондық ақпарат құралдары арқылы берілген ақпараттарды көріп, тыңдап, Жолдауда айтылған мәселелерден біраз хабардар болып үлгерді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Бағытұр Әлімбаев Жолдаудың маңызына тоқталды.
– Елбасының бұл кезекті Жолдауы ел Тәуелсіздігін алған жылдардан бері Қазақстанның өсу, даму жолын көрсеткендей болды. Елбасының әр Жолдауында еліміздің болашағын айқындайтын мақсаттар қойылып келді. Осы кезге дейін Нұрсұлтан Әбішұлы көтерген көптеген мәселелер жүзеге асты. Қазақстанның дүниежүзіндегі мойны озық елу елдің арасынан орын алуы, енді ең үздік отыздықтың қатарынан көріну үшін алға үлкен мақсаттар қоюы осының дәлелі, – деді Б.Әлімбаев. – Дамудың үлгілері өзіміздің облысымыздың мысалынан да жетерлік. Қаншама инновациялық кәсіпорындар, зауыттар іске қосылды. Ауыл шаруашылығындағы жетістіктер өз алдына. Әрине, дамудың жолы тақтайдай тегіс болмайды, кемшіліктер, әлі де көп еңбекті қажет ететін олқылықтар да бар. Оның барлығы да еңбектің, бірліктің арқасында жөнделеді.
Мұнан кейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы ғылыми-сараптау тобының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл сөз алды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жолдауының басты ерекшелігі стратегиялық жоспарлаудың қажеттілігін айтуында деп білемін. Кеңес Одағындағы жоспарлы экономикадан кейін жоспарлау тәсіліне кері көзқарас қалыптасып қалғандай еді. Алайда, ол жоспарлау мен бұл стратегиялық жоспарлауды салыстыруға болмайды. Жоспарламаса ауажайылушылық болмай ма? Жоспар атқаратын ісіңді реттеу, оған ұмтылу, күш-қуатыңды жинақтау деген сөз ғой. Елбасы «2030» Стратегиясы туралы айтқанда кейбіреулер оған күмәнмен қарағаны жасырын емес. Сонда айтылған ірі-ірі мәселелердің көпшілігі он бес жылдың ішінде-ақ жүзеге асты ғой. Елбасының Жолдауында атан түйе тарта алмайтындай асқақ цифрлар бар. Бірақ айтылды ма, алға ұмтылсақ, көрінген төбенің алыстығы болмайды, игереміз. Ол үшін Қазақстанда мүмкіндік, жағдай толығымен жетеді. Мысалы, шикізат бар, қаржы бар, кадр дайындау тәжірибесі бар, егер оларды оқыту керек болса, қайда оқыту керек екенін білеміз, – деді Еркін Аманжолұлы.
Мұнан кейін поляк, тәжік, әзербайжан, орыс, т.б. этномәдени бірлестіктер өкілдері Жолдау туралы өз ойларын ортаға салды. Поляк ұлтының өкілі Виктор Радумский: «Маған Елбасының медицина туралы айтқаны өте ұнады. Адамдар өз денсаулығы туралы өздері ойлануы қажет, қоғамға бұл пікір сілкініс береді. Дүниедегі елдердің тұрғындары денсаулығын жөндеу үшін Қазақстанға келетін күн де туар», десе, тәжік Эргошвой Холматов: «Нұрсұлтан Назарбаев орта және шағын бизнес туралы өте орынды айтты. Ірі инновациялық зауыттар керек, бірақ олардағы жұмыс орны шектеулі болады ғой. Сондықтан адамдарға жұмыс беруші негізінен шағын және орта бизнес болуы қажет. Кім де болса жұмыс істегенде ғана жақсы тұрады», деді. Орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Юрий Ивлев: «Президенттің Жолдауында көтерілген мәселелер мен алға қойған мақсаттардың барлығы шынайы деп білемін. Өйткені, осыдан он бес жыл бұрын Қазақстанда машина жасау ісі осынша дамиды деп кім ойлаған еді? Болашақта роботтехника да қазақстандықтар үшін жат болмайтынына сенемін», деді.
Қостанайда бір атаның балаларындай татулықты ту етіп тұрып жатқан көп ұлттың өкілдері Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында өмірдің барлық саласы қамтылғандығын тілге тиек етті. Олардың барлығы да ендігі мақсат – бұл құжаттың қазақстандықтардың тегіс танысуы, әркімнің жүрегінде жүретін алдағы уақыттың бағдаршамы болуы қажеттігін айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.