Коллажды жасаған: Амангелді Қияс
Әдебиеттану саласындағы теоретик ғалымдар автор санатын талдау барысында нақты автордың даралық сипатынан гөрі нарраторға, имплицитті (жасырын) авторға, яғни автордың шығармаға қатысатын «Меніне» басымдық береді. Мысалы, М.Бахтиннің пікіріне сүйенсек, шығарманың ішіндегі автор – шығармашылық принциптер жиынтығы әрі оқырманның әлеміне белсенді қатысушы. «Автор өзі жасаған көркем әлемнің шекарасынан шықпауы тиіс, ал шығып кеткен жағдайда эстетикалық тұрақтылықты жояды» дейтін ой айтады әдебиеттанушы. Біз бүгін нақ осы «шығарма ішіндегі автор» немесе шығармаға қатысушы «Меннің» дара кейіпкерге айналуы жөнінде ой қозғамақпыз.
Постмодернистік әдебиеттің бір елеулі сипаты – жанрлық және формалық өзгешеліктерге байлығы. Жанраралық тектерге, түрлерге нақты бір жіп таға алмай қиналасың. Бұл ерекшелік жазушы Т.Шапай шығармашылығына да тән. Оның кейіпкер «Мені» қатысатын бас-аяғы жұп-жұмыр шығармаларының бәрін бірдей әңгіме деуге келіңкіремей тұрады, бірақ әңгіме емес деп кесіп те айта алмайсың. Мұның себебі, біз қанша уақыт бойы әңгіме деп басқа біреудің басынан өткен оқиғаларды қабылдап келдік. Яғни әңгіме болу үшін ол оқиғаның ішінде міндетті түрде Қанат, Серік, т.б кейіпкерлер жүруі керек. «Мен» деген кейіпкер болса да, оның өзінің аты-жөні, түр-тұлғасы болуы шарт. Сосын оқиға өткен кеңістік пен оқырман кеңістігінің арасында шекара болады. Ал Тұрсынжан Шапайдың «Менінің» нақты тұлғалық сипаты дараланбаған, аты-жөні жоқ (мүмкін ол сен шығарсың!), шығармаларындағы оқиғалардың кеңістігіне шекара қойылмаған (дәл сондай оқиғалар сенің де басыңнан өткен шығар!). Міне, осы себепті оның кейіпкер «Мені» мен сол кейіпкер қатысатын оқиғалардың көпшілігі әңгіме ретінде емес, кейіпкер «Менінің» сырбаяны сияқты қабылданып, оқырманға мол эмоция тудырады. Бір назар аударатын жайт, Т.Шапай шығармашылығының ерекшелігі, жоғарыда айтқанымыздай нәзік рухани байланыс автор мен оқырман арасында емес, кейіпкер мен оқырман арасында орнайды. Ал нақты автор өзін бұл байланыстан қашық ұстайды...
Таңертең әйелі бетінен сүйіп оятып, сосын күні бойы ерегісіп, жауласып жүрген таныстары жылы қабақ танытып, бірінен кейін бірі телефон шалып, «алдымен кешірім сұрау» арқылы сауап жинағысы келген, жасандылықтарымен есін шығарған «Ғажайып күн» туындысының ең шешуші сәтінде бас кейіпкер кабинетіне кіріп келген Жексенмен төбелесе жаздайды. Ондағы ойы – Жексен де бұған жылы қабақ танытуға не кешірім сұрауға келді. Бірақ керісінше, ол да «тәтті сөзден» мелдектеп тойып, бұған тиісуге келген түрі екен. «...Басымыз салбырап, әрқайсымыз өз ойымызбен – біраз үндемей отырдық. Осы отырғанда маған қалған жалғыз жұбаныш – аяқ астынан ізгілік пен мейірге жойдасыз толып кеткен осынау жүрек айнытар тәп-тәтті қалада шіреп ішкен майлы тамақтың басыртқысындай мына жексұрын Жексеннің бар болғаны. Бүгінгідей ғажайып күнімен де ол үшін бір жұтым ауа, адам айтқысыз бақыт екенімді түсінем. Бір күндік мұсылман, қыруар әулиенің ішінде бар сыбаға-сауаптан мақұрым қалған екі мұңлық…екі оңбаған! Біле білгенге, дәл қазір екеумізден тағдырлас тату, екеумізден жақын бауыр бар ма дүниеде?
– Екеуміз бір жерден шай ішсек қайтеді, – дедім ақыры.
– Шаршаған шығарсың. Мен де қажыдым бүгін.
– Ішейік... – деді Жексен, ойланып барып.
– Қайда барамыз?
– Бірақ сен ойлап қалма, сенімен татуласып, сауап жинағалы отыр екен деп. Құдай сақтасын. Бәрібір суқаным сүймейді сені.
– Мен де сені... жек көремін! – деді Жексен кенет жарқ етіп, серпіліп.
– Иттің етінен жек көремін! – Ойындағы бар күмәннан арылғандай ширап, жайнап кетті. – Бастай бер!
Адалдығына риза болдым. Мен де арқамнан ауыр жүк түскендей, жадырап: – Кеттік онда, – дедім». Осы туындыда жүрек айнытатын тәтті сөздермен, жасанды қарым-қатынаспен, бұлт-бұлт, жылп-жылп етіп ұстатпайтын принципсіздікпен бітіспес қырғи-қабақ екенін көрсететін «Мен» шынайылығын жоғалтпаған кез келген оқырманның жан серігі сияқты қабылданады. Адам жаны әрқашан шынайы, табиғи мінез-құлықты іздейтінімен келісесің. «Меннің» юморына риза боласың. Өз-өзін сынап-міней алатын «Меннің» де, Жексендердің де аз екенін мойындайсың.
«Айтыс» туындысындағы жазба ақынның бір мәшине міну үшін өзінен әлдеқайда жас жігітпен айтысқандағы көңіл күйі мынадай: «Бұрын кім көрген – мадақ айтыс дегеніңіз... кәсіби боксқа ұқсайтын өнер ме деп қалдым... Қарсыласымның (ауыр салмақты екенін енді байқадым) оңнан, солдан, тіке жауған ауыр мақтаулары мені қаңғалақ қақтырып, бара-бара... мүлде қаңғытайын деді. Басым істеуден қалып, титықтап, қажи бастадым. Өйткені, соңғы бір-екі соққысы, анық, иектің астынан кетті... Әрине, қорғана білу, дәл соққы жасау және оны, ретіне қарай, ес жиғызбай, үстемелете жаудыру – үлкен өнер. Бірақ қарымта соққыға төзе білу одан да маңыздырақ екен... Бет қаратпай борандатқан сұрапыл мадақтардан миым айналып, әткеншекте отырғандай, көз алдымда шайқалып тұрған дүние, енді аударылып-төңкеріліп, аунай бастады». Екі ақынға да бір-біріңді мақтайсыңдар деген шарт қойылғанда ешқашан ешкімді мақтап көрмеген, тек жазба поэзиямен айналысқан ересек ақын мақтау сөзді суша сапырып, қарша боратқан жас періден жеңіліп қалады. Шамасына қарамай жас перімен айтысқан жасамыстың қылығы күлкі шақырады әрине. Бірақ бұл таза күлкі емес. Таза күлкіге көз жасының кермек дәмі тамып кеткендей. Дұрысы, қышқыл күлкі...
Жазушы «Менінің» оқырманды баурап алатын жөні бар. Өйткені автор қоғамдық өмірдің кез келген қырын шынайылықпен суреттейді. Ол өз «Менін», яғни жалғыз бас кейіпкерін дәрменсіз, қорқақ, бақытсыз, үнемі жеңіліс тауып жүретін бейшара қылып көрсетуден қорықпайды, сондай-ақ сол «Меннің» әлсіздігінің түп-тамырын қопара сипаттайды. «Меннің» әлсіздігін қоғамдық формация ауысқанда құндылықтардың да кемпірқосақтай құбылғанымен байланыстырады.
Оқырманмен «Мен» арқылы сырласатын автор юмор мен сарказмды егіз қозыдай қатар өреді. Өз «Менінің» сау-тамтығын қалдырмай сынайтын автор қоғамды аясын ба, жебедей қадалатын оқ сөздерді миыңа жаудырады...
«...Менің достарымның аты – Асқан, Зор, Керемет, Ғажап, Біртуар... Арамызда Өте, Әсіре сияқты қыздарымыз да бар... Айтарлықтай, Әжептәуір деген біреулер қатарымызға ұмтылып көрді, бірақ оларға – қайда... Көп кешікпей бізге Жойдасыз деген бір мықты келіп қосылды. Іле-шала, кезінде жер өртеп аты шыққан Сұмдық мырза атышулы Сұрапыл деген досын ерте келді. Міне, бұлардың жөні басқа... Бастас, дәрежелес тұлғалармен дос болудың өзі бір ғанибет!..» дейтін автор әрі қарай асықпай «іреп-союды» бастайды. Шындық екенін білесің. Күлмейсің. Қышқыл күлкімен күле бергеннің несі жақсы?..
Жазушы Тұрсынжан Шапайдың тұрақты стиліне айналған, имплицитті автормен тұтасып кеткен кейіпкер – «Мен» жалықтырмайтынымен ерекшеленеді. Бұл «Меннің» ең басты қасиеті – оқырманның «Менімен» сәйкесе алуында. Бұл – «тек қана мен» деген кеудемсоқ, тәкаппар «Мен» емес, пайымды оқырманның рухани дүниесіне сәуле түсіретін көп қырлы, сан сырлы «Мен». Сондықтан тоғышарлық пен керанаулыққа, жасандылық пен жалғандыққа күнде бетпе-бет келіп, надандықтан, дөрекі дөкірліктен, пенделік астам пиғылдан күніне неше рет жеңіліп жүрген нәзік жанды, ішкі мәдениеті жоғары кез келген оқырман жазушы «Менін» іш тартып тұрады.