Коронавирус • 19 Тамыз, 2021

Бақылау бір сәтке де бәсеңдемейді

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вирустың таралу деңгейі бойынша Қызылорда облысы әлі «қызыл аймақта» тұр. Шілде айында індет жұқтырғандар саны 3 387-ге жеткен. Ал тамыз айының алғашқы онкүндігінде дертке шалдыққандар қатары 2 мыңнан асып барады. Осы жағдайды ескере отырып, өңірде инфекциялық төсек-орын саны 4 есеге дейін ұлғайтылды.

Бақылау  бір сәтке де бәсеңдемейді

Өткен апта соңында медици­на­лық мекемелер індеттің таралуын тоқтатып, жұқтырудың алдын алу бағытындағы даярлығын пысықтау үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан ашылған модульді жұқпалы ауруханаға барды. Коронавируспен кү­ре­сіп жүрген дәрігерлермен пікір­лесіп, жансақтау бөлімінде жатқан аза­маттардың жағдайын білді.

Үкіметтің қолдауымен 200 төсек-орынға арналған модульдік стационар өткен аптадан бас­тап науқастарды қабылдай бас­тады. Жаңа емдеу меке­ме­сінде нау­қастарға қажетті дәрі-дәрмек толық жет­кілікті, мамандардың жұмыс режімі жолға қойылған.

Облыс әкімі ем алушылармен әңгіме барысында соңғы күндері вирустың жаңа штамдарының пайда болуы себепті індеттен сақтану амал­дарына жете мән беруді, қор­ғану­дың төте жолы вакцина алуға шақырды.

– Коронавируспен күреске облыстық медициналық ұйымдар толығымен да­йын. Дәрі-дәрмек қоры, медициналық құрал-жаб­дық­тар жеткілікті. Бірақ ви­рус­тың жаңа штамдары жылдам таралып, түрлі өзгеріске түсіп жатқаны бәрімізді алаңдатып отыр. Кеше ғана АҚШ-тың Нью-Йорк қала­сын­да жаңадан «Йота» штамы білінді. Осыған байланыс­ты вакциналау жұмыстарын қарқынды түрде күшейтуіміз керек. Той-жиын мен дәстүрлі шаралардан тыйылып, дертті жұқтырып алмаудың амалын жасауымыз керек. Балалардың қауіпсіздігі, жақындарымыздың сау­лығы үшін облыс тұрғындарын екпе алуға шақырамын. Әрбіріміз жауапкершілікті сезінсек, қай қиын­дықтың да құрсауынан аман шы­ға­ры­мызға сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Аймақта маусым-шілде айла­рын­да инфекциялық төсек-орын саны 585-тен 2 340-қа дейін, ал реа­ни­мациялық төсек-орын 90-нан 172-ге дейін көбейтіліп, қазір жүктеме 55 пайызды құрап отыр. Резервтік төсек-орын санын қосқанда 3 200 төсек-орын әзір­ленді.

Облыс әкімі денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Сәбит Пазы­ловқа вирустың таралу дең­гейін тұрақты бақылауға алып, алго­ритмге сәйкес қажетті шаралар­ды дер кезінде қабылдауды тапсыр­ды. Осы жұмыстармен қатар, тұр­ғын­дарды вакцина алуға шақыру, індеттің таралуын тек екпе ғана тоқ­та­татынын насихаттау бір сәтке де бәсеңдемеуі керектігін атап айтты.

 

Қызылорда