Аймақтар • 20 Тамыз, 2021

Өңірде 78 мектеп салынып жатыр

316 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінің тұрғындары жаңа оқу жылында білім беру процесі дәстүрлі форматта жүргізілгенін қалап отыр. Оған облыстағы эпидемиялық ахуал да, мектептердегі дайындық та мүмкіндік беретіні айтылуда. Жаңа 2021-2022 оқу жылында Түркістан облысы бойынша 927 күндізгі орта білім беру ұйымында 516 740 оқушы оқиды деп күтілуде. Барлық білім ошағында сани­тарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Өңірде 78 мектеп салынып жатыр

Бүгінде білім беретін 83 897 педагогтің 71 809-ына (85,6%), техникалық персоналдардың 27 560-ына (96,6%) вакцина егілген. Бұл көрсеткіш 100%-ды құрайды. Биыл ата-аналардың өтініштерімен 47 266 бала бірін­ші сыныпқа қабылданды. Жаңа оқу жылына жалпы саны 2 млн 250 мың дана оқулық сатып алуға 4,8 млрд теңге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар тамыз айы­ның басында оқулықтардың тасы­малынан үнемделген қар­жыға, оқушылар санының өсі­мі­не байланысты барлық сынып­қа жетіс­пейтін және ескі оқулық­тарды жаңарту үшін 826,1 мың дана оқулық алынуда. Бұл орайда 17 баспамен оқулықтарды са­тып алу және тасымал бойынша келісімшарт жасалған. Оқу­лық­тардың тасымалы 25 тамызда толығымен аяқталады.

Табиғи өсімі жоғары өңірде мектеп құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, биыл облыс бойынша жалпы 78 мектеп, оның 70-і облыстық бюджеттен, 8-і «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатыр. Бұдан бөлек Түркістан қала­сында 720 орындық Назарбаев Зият­керлік мектебі салынуда. Об­лыстық адами әлеуетті дамы­ту басқармасының басшы­сы Рақым­бек Жолаевтың мәлім­деуін­ше, құрылысы жүргізіліп жатқан 78 мектептің 15-ін бірінші қыркүйекте, 44-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Өңірде 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар. Биыл 2 апатты және 1 үш ауысым­ды мектептің мәселесі шеші­леді. Айта кетелік, Nur Otan пар­тия­сының «Өзгерістер жолы: Әр аза­матқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай өңірде 130 мектеп салу жоспарланған. Биыл бағдарлама аясында жалпы 47 мектеп құрылысы жос­пар­ланған. Оның 17-сі 1 қыр­күйекке пайда­ла­нуға беріліп, қал­ғаны жыл соңы­на дейін ашылады деп жос­пар­лануда. Сондай-ақ облыс бо­йын­ша 12 мектептің күрделі жөн­деу жұмыстарына 2,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бес мектепте жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталса, қал­ған алтауы жыл соңына де­йін пай­далануға беріледі. Бір мек­теп­тің жұмысы келесі жылы бітеді. Сонымен қатар жер­гі­лік­ті бюджет есебінен 18 мек­тепке 86 млн теңгеге ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүр­гі­зіл­ді. Ал 100-ге жуық мектептің асха­наларын жөндеу, 108 мек­тептің кітапханаларын жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 900 мемлекеттік мектеп то­лы­ғымен бейнебақылау жүйесі­мен қамтамасыз етілген. Об­лыс­тағы білім ордаларын маман­дандырылған күзет пен «Дабыл батырмаларымен» қамтуды ке­зең-кезеңімен шешу жоспар­лануда. Былтыр 756 мектепті іш­кі әжетханалармен қамта­ма­­сыз ету жоспарланған. Өткен жы­л­ы – 679, биыл 20 мектептің іш­­кі әжетханалары ретке келтіріл­­­ді. Қалған 57 мектептің мәселе­сі 1 қыр­­күйекке дейін толығы­­­мен ше­­шілмек. Жылу маусымы­на да­­йын­дық та белгіленген кес­те бо­йын­ша жүргізілуде. Өңір­дегі жылу маусымына дайындық жұ­мыс­тарына сәйкес 1 279 бі­лім ны­санын гидравликалық сығым­дау­дан өткізу жұмыстары 88%-ға орын­далған. Білім беру мекеме­лерін 107 мың тонна көмір және 3,5 мың тонна сұйық отын­­мен қамтамасыз ету жос­пар­лан­ған. Облыс әкімдігінің хабар­лауынша, қазіргі таңда тасы­мал­дау жұмыстары 40%-ға орындалған.

Орта білім беру ордалары да жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын пысықтауда. Жаңа 2021-2022 оқу жылына орта білімді кадрларды даярлауға 52 мамандық бойынша 6 мыңнан аса орынға мемлекеттік грант берілді. Оның жартысынан астамы білікті жұмысшы кадрларды, қалғаны орта буын мамандары мен қолданбалы бакалавриат мамандарын даярлауға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың колледж­дердің техникалық және кәсіптік білімге көшу мәселелеріндегі стра­тегиялық бағдарларды ай­қын­дай отырып, дамытуды кешен­ді қарау жөніндегі тапсыр­масына сәйкес өткен жылдың басынан бастап Түркістан облысында 10 жылға сатып алу құқы­ғынсыз 3 мемлекеттік колледжді сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдан­ған болатын. Байқау нәтижесі бо­йынша 3 басқарушы компания анықталды. Жаңа басқарушы компаниялар студенттерді сапалы біліммен және жұмысқа орналастырумен қамтамасыз ету бойынша өздеріне міндеттемелер алды. Сенімгерлікке берген колледждерде нәтиже байқалуда. Бүгінде дуалды оқыту форматы қолданылып, оқытудың 40%-ы теория, 60%-ы тәжірибе түрін­де жүргізілуде. Студенттер шәкірт­ақыдан басқа, нақты өндірісте тәжірибеден өтіп, жалақы алуда. Сала мамандары студенттердің сабаққа қатысуы 95%-ға дейін артып, заңсыз төлемдер қыс­қар­ғанын, оқытушыларға өндіріс­тік тәжірибеге қатысқаны үшін қосым­ша төлемдер ұлғайтылға­нын айтуда. Жұмысқа орналас­қан түлектердің үлесі 90%-ға дейін өскен. Білім және ғылым министрлігі тарапынан келісім берілген жағдайда, биыл тағы да 10 мемлекеттік колледжді сенім­гер­лік басқаруға беру қарас­ты­рыл­­ғ­ан. Сондай-ақ сенімгер­лік бас­­қа­­руға ұсынылған техника­лық және кәсіптік білім беру кол­ледж­­дері «Жас маман» жобасына енбек.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар