Аймақтар • 20 Тамыз, 2021

100 адам қызыл паспортпен жүрген

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Естімеген елде көп. Куәлігінің мерзімі өтіп кетіп, айыппұл төлегендерді кездестіргенбіз. Ал отыз жыл бұрын құлаған КСРО-ның қызыл паспортымен жүрген азаматтарды көріп пе едіңіз? Шығыс Қазақстан облысында 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен тұрып жатқан 100 адам анықталды.

100 адам қызыл паспортпен жүрген

Жуықта көші-қон қыз­ме­тінің қызметкерлері жеке бас куәлігінсіз тұрып жат­қан тұл­ға­ларды анықтау жұ­мыс­та­рын жүр­гізген. Нәтижесінде, құ­жат­қа сал­ғырт­тық танытқан азаматтар аз емес екен. Олар жеке бас құжаттары болмауына байланысты жәрдемақы, зейнетақы рәсімдей алмай келген. Барлық дерлік халыққа қызмет көрсету қыз­метінен шеттетіліп келген. Заңды түрде еңбек етуге де мүм­кін­діктері болмаған.

Жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген 100 адам Қазақстан Республикасының азаматтары деп танылды. Мәселен, Абай ауданының полиция бөліміне 52 жастағы Семей қаласының тумасы хабарласқан. Ол 1980 жылдары Ресей Федерациясының Новосибирск қаласына тұрақты тұру үшін шығып кетіп, сол жерде КСРО паспортын рәсімдеген. 1990 жылдардың басында Қазақстанға оралып, отбасын құрған. Балалы-шағалы болған.

– Қазіргі уақытқа дейін әйел адам 1974 жылғы үлгідегі паспортпен тұрып келген. Аталған құжатты Ресейде алған. Ал Қа­зақ­стан Республикасы азама­ты­ның жеке куәлігін алу үшін Ресейдің құзыретті органдарынан паспорттың берілуі туралы қажеттілікті растауы қажет еді, – дейді облыстық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.

Бұдан кейін көші-қон қыз­ме­тінің қызметкерлері көрші мемлекеттен қажетті анықтамаға сұрау салған. Сөйтіп, 17 маусымда азаматша көптен күткен анықтама келіп, құжаттарын заңға сәйкес рәсімдеді. Өз кезе­гінде жеке бас құжатын ресім­деу­ге, қажетті қағаздарды жинауға көмек көрсеткен қызметкерлерге алғысын білдірді. Енді ол мемле­кет­тік қызметтерді ел қатарлы пай­далана алатын болады.

Кез келген азаматтың қандай да бір себеппен жеке бас құ­­жат­тары жоқ болса, оларды жаңадан рәсімдеу үшін тұр­ғы­лықты жеріндегі көші-қон қыз­ме­тіне хабарласуы керек. Осыны білмей, ескі паспортын ауыс­тырмаған 100 адамның жыл­дар бойы мемлекеттің көме­гіне қол жеткізе алмай жүр­ген­дігіне не айтарсыз?!.

 

Шығыс Қазақстан облысы