Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Елбасы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттерге қатысты өз ұсыныстары мен ұстанымдары жөнінде «Қазақстан Республикасы Азаматтық альянсының» вице-президенті Салтанат Рахымбекова мәлімдеді.
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Елбасы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттерге қатысты өз ұсыныстары мен ұстанымдары жөнінде «Қазақстан Республикасы Азаматтық альянсының» вице-президенті Салтанат Рахымбекова мәлімдеді.
«Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деген атаумен жарияланған жаңа Жолдаудың ерекшелігі ретінде ол онда айтылған «Мәңгілік Ел» идеясына тоқталды. «Бұл Жолдаудың нақты бағыт-бағдары бар. Алдағы уақытта біз жан-жақты жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, инвестицияның, ғылыми-зерттеулердің, еңбек өнімділігінің, бизнесті дамытудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізуіміз керек», деді ол өз сөзінде.
Спикердің айтуынша, Қазақстанды дамытудың бірінші кезеңінде, яғни 2014-2030 жылдар аралығында XXI ғасырдың «мүмкіндіктер терезесін» қолдана білу керек. «Бұл дегеніміз, экономикамыздың дәстүрлі салаларының қарқынды дамуын қамтамасыз ету және мықты индустриялық сектор құру», деді С. Рахымбекова. Ал дамудың 2030 және 2050 жылдар аралығын қамтитын екінші кезеңінде елдің орнықты дамуын ғылымға негізделген экономика қағидалары негізінде қамтамасыз ету керек. Осылай деп өз ойын жеткізген азаматтық қоғамның өкілі Мемлекет басшысы айқындап көрсеткен жеті міндеттің әрқайсысын жүзеге асыруда үкіметтік емес сектор да көмекке келе алатынына назар аударды. Мәселен, оның пікірінше, индустрияландырудың басты басымдықтарын айқындауда, инвестицияларды тартуда, салаларды дамыту жобаларының жоспарларын әзірлеуде, заңнамаларды жетілдіруге қажетті ұсыныстарды дайындауда және отандық бизнесті дамытуға қолайлы жағдайларды қалыптастыруда салалық ассоциациялар мен бірлестіктердің орны ерекше.
Кездесу барысында Азаматтық альянстың өкілі, сондай-ақ, елдің ауыл шаруашылығы саласына да тоқталды. «Елбасы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өңірлік экспорттаушыларының біріне айналуы қажеттігін, аграрлық ғылымды дамыту керектігін, тәжірибе жүзіндегі аграрлық-инновациялық кластерлерді құрудың маңыздылығын, ол үшін аграрлық өнеркәсіптік кешенді дамыту жобасына өзгерістер енгізуге мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің бұл тапсырмасын жүзеге асыру үшін біз ауылшаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көрсету жүйесіне әлемдік тәжірибені ескере отырып, өзгерістер енгізу қажет деп есептейміз. Мен мысал ретінде Аргентина, Бразилия және Польша елдерінің тәжірибесін келтірер едім. Өткен ғасырдың орта тұсында олар импорттаушы елдер болатын, ал бүгінгі таңда бұл мемлекеттер азық-түлік өнімдерінің ірі экспорттаушыларына айналды. Кезінде олар субсидиялау жүйесін де өзгерткен-тұғын, ал қазір қолдаудың бұл түрін тек инновацияларды, жаңа технологияларды енгізуге бағыттап отыр. Ал бұл Бүкіләлемдік сауда ұйымының қағидаларына еш қайшы келмейді», деді ол.
С.Рахымбекова, сондай-ақ, аграрлық саланы дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ғылымды жобалық тұрғыда қаржыландыру түріне, мәселен, бұдан былай институттарды, ғалымдардың шығармашылық ұжымын қаржыландыруға көшу қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, қазақстандық жағдайға сәйкес келетін «жасыл экономиканың» негізінде энергия тиімділігі, ресурстарды үнемдеу, органикалық ауыл шаруашылығы жатыр. Осы орайда, ол осы салаға мүдделі ведомствоның «жасыл технологиялар» тізілімін енгізуіне, «жасыл кәсіпкерлікке», экологиялық туризмге қолдау көрсетуіне жағдай жасау қажеттігіне тоқталды. «Жасыл экономика» шағын және орта бизнесті, бірінші кезекте отбасылық бизнесті дамытуға мүмкіндік ашады. Бүгінде біз бұл бағытта жүзеге асқан жобалардың барына көз жеткізіп жүрміз. Сондай-ақ, стратегиялық құжатта айтылған тағы бір маңызды бағыттар – білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру жөніндегі мәселелерге де қолдау көрсеткіміз келеді», деді С.Рахымбекова.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».