«Жобаға қосылғандар саны күннен-күнге артып келеді. Ауылда да сұраныс бар. Алғаш рет бірден 28 жеңімпазды тіркеп отырмыз. Олардың барлығы қосымша жеңілдіктерге ие болады. Яғни, олардың жұмыс уақыты ұзартылады», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлер. Осы жолы Ashyq бойынша үздік нәтиже көрсеткендердің 11-і – қоғамдық тамақтану орны, 8-і – білім беру мекемесі, 3-уі – демалыс нысаны, екеуі – фитнес орталық және бір-бірден монша кешені мен СПА-орталық.
«Қазіргі уақытта QR-код 2355 нысанға берілген, оның 2207-сі жобаның толыққанды мүшесі. 148-і тестілеу режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл жолы ешқайсысын жобадан шығарған жоқпыз. Өйткені, оның артықшылығын кәсіпкерлер түсініп жатыр. Олар қосымшаны қолдану арқылы қаупсіз жағдайда жұмыс істейді», дейді СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Қанат Шамсутдинов. Петропавлдағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірі екі аптаның ішінде 70 мың келушіні тіркеген.