Биыл қаңтар-шілде аралығында ауыл, орман және балық шаруашылығы секторында негізгі капиталға салынған инвестиция 386,1 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 47,8 пайызға жоғары.
Finprom-ның жазуынша, былтыр секторға 261,2 млрд теңге қаржы құйылып, бір жылдық өсім 15,3 пайызды құраған. Инвестиция негізінен өсімдік және мал шаруашылығына беріліпті. Биыл балық аулау және балық өсіру шаруашылығына 2,2 млрд теңге бөлінген. Орман және ағаш кесуге 77,3 млн теңге аударылыпты.
Өңірлік бөліністе инвестицияны ең көп алған аймақ ретінде Солтүстік Қазақстан облысы көш бастайды: 91,9 млрд теңге. Былтырғыдан 48,6 пайызға көп алған. Екінші орында – 60,2 млрд теңгемен Ақмола облысы. Өсім – екі есе. Үштікті 47 млрд теңгемен Павлодар облысы түйіндеген. Бұл облысқа биыл келген қаржы былтырғыдан 95,3 пайызға көп екен. Барлық инвестицияның үштен екісін, нақтырақ айтқанда, 265,1 млрд теңгені сектордағы кәсіпорындардың жеке қаражаты қамтамасыз еткен. Ал 103,7 млрд теңге банктік емес заемдар есебінен келген. Банк берген несие көлемі – 17,3 млрд теңге. Бұл ретте несие қаражаты 2020 жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда 19,1 пайызға аз.
Дегенмен осыншама қыруар қаражат бөлінгеніне қарамастан, саладағы көптеген мәселе әлі күрмеулі қалпында, шешімін таппай отыр. Әсіресе биылғы қуаңшылық салдарынан көп өңірде егіннің жайы мардымсыз. Мамандар биылғы астық түсімі былтырғыдан 20 пайызға кем болуы мүмкін деп болжайды. Мұндай табиғи катаклизмнің болуы алдын ала ескеріледі, соған қарамастан сала күтпеген жағдайға дайын болмай шықты дейді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев. Ол сондай-ақ мал шаруашылығын дамытудың негізгі принциптерінің бұзылғанын, анықтап айтар болсақ, мал басын көбейту шарасы алдын ала жемшөп базасын дайындалмай іске асырылғанын атап өтті. Ведомство өкілінің айтуынша, ахуал былтырғыдай болмаса да статистика тым көңіл түсірердей емес.
«Қазір 1,5 млн гектар аумақтан дәнді және бұршақ дақылдары жиналып алынды. Бұл – жалпы егіс алқабының 9,9 пайызы. Былтыр 1,6 млн гектар жерден өнім жиналып, бұл бүкіл алқаптың 11 пайызын құраған еді. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерден болған жағдайда 1,5 млн тонна жиналады. 2020 жылы орташа өнімділік 14,9 центнер болды және 2,4 млн тонна алынды. Қазақстанның негізгі астық егетін аймақтары осы айдың үшінші онкүндігінен жаппай егін жинауға кіріседі. 13,24 млн гектардан астам алқаптағы дәнді дақылдар жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 2,12 млн гектар – нашар, тағы 78,3 мың гектардағы өнім жарамсыз болып қалды», деген еді Е.Қарашөкеев.
Ол мұндай ахуал бізде ғана емес, әлем елдерін де сарсаңға салып жатыр дегенді алға тартады: «Канадада өткен жылмен салыстырғанда бидайдың жалпы түсімі 31,6 пайызға төмендейді деп күтілуде. АҚШ-та бидай түсімі өткен жылмен салыстырғанда 4,4%-ға төмендеуі мүмкін».
Е.Қарашөкеевтің айтуынша, биыл Қазақстанда 15,3 млн тонна астық жиналады деп болжанып отыр. Сондай-ақ былтырдан қалған 3,5 млн тонна астық бар. Оның 2,8 млн тоннасы бидай екен. «Бұл республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа шығаруға да жетеді» деді ол.
Министрлік әзірге бәрі де оң, бәрі де дұрыс деп отыр. Бірақ негізгі сөзді айтатын – егін жиналатын күз мезгілі. Қазгидромет дерегіне сүйенсек, күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты деңгейде болады, бірақ солтүстік-шығыста нормадан артық жаууы ықтимал.