Аймақтар • 23 Тамыз, 2021

Мозаика мың құбылды

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы орталық саябақтың сәні арта түсті. Белгілі кә­сіпкер Нұрлан Смағұлов қорының қаржылай қолдауымен мұндағы «Нептун патшалығы» мен «Отбасы» мозаикалық мүсіндері қалпына келтірілді.

Мозаика мың құбылды

Бұл жобаға бастамашы болған Урба­нистика орталығының мамандары іске кіріспес бұрын мүсін авторларының жазбаша келісімін алды. Тіпті мозаика авторларының бірі Виктор Аренттің өзі де бұл жұмысқа атсалысты.

Ұзақ уақыттан бері тұрған бұл мүсіндер әбден тоза бастаған-тұғын: жабынның бүтіндігі бұзылып, смальта бойымен жарықтар пайда болды, тұғырлары морып, блоктардың аражігінен шөп өсіп шыға бастаған еді.

Шеберлердің мүсіндерді қалпына келтіргені өз алдына, сонымен бірге мозаика орналасқан аумақ та ретке келтірілді. Қалалық әкімдіктің көмегімен шамдар орнатылып, қырлы тас төселді, жаяу жолдар салынды. Сондай-ақ мозаикалық мүсіндер маңына гүлзар жасалып, көшеттер отырғызылды, көгал шөп егілді. Автоматты суару жүйесі де орнатылды.

Қарағанды Урбанистика орталы­ғының суретшісі және жетекшісі Шыңғыс Қасымов бұл мозаикалық мүсіндердің қарағандылықтар үшін ерекше мұра, естелік ретінде өте ма­ңызды жәдігер екенін айтады.

– Қарағанды – монументалды өнер­дің саны мен сапасы жағынан ең бай облыстың бірі. Таяу арада Урбанистика орталығының сайтында облыстың бар­лық мозаикасы бойынша қысқаша сипаттамасы бар карта орналастырылатын болады, – дейді ол.

Орталық саябақтың ажарын аша түскен әрбір мозаикалық мүсіннің жа­нында QR-коды бар ақпараттық тақ­тайшалар орнатылды.

 

ҚАРАҒАНДЫ

 

Соңғы жаңалықтар