Білім • 23 Тамыз, 2021

Жалақы өсті, мұғалім біліктілігі арта ма?

1594 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бас басылымға базынасын айтып, араша сұрайтындар болады. Қайбір жылы редакциямызға сондай ниеттегі бір педагог іздеп келіпті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жазған айыптауға толы арызды оқығанда оның оқушыларын аяп кеттік. Себебі 2,5 беттік жазбада лексикалық жағын былай қойғанда, грамматикалық, пунктуациялық қателері көзге ұрып тұрған еді.

Жалақы өсті, мұғалім біліктілігі арта ма?

Өз пәнінен төмен балл жинаған мұғалімдер болды

Иә, мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін жалақы жоғары болуы керек, дедік. Педагогтердің еңбекақысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын 25 пайызға артып отыр. Бұған қоса әртүрлі санат бойынша үстемеақы алу мүмкіндіктері тағы бар. Алайда пандемия бізге көп нәрсенің бетін ашып берді, білім саласында біраз «ауруды» жасырып келіппіз. Карантин кезіндегі қашықтан оқытуда ата-аналар немесе үйде жұмыс істеп отырған ересектер мұғалімдердің сабағына балалармен бірдей қатысты. Көзімен көрді. Өзіміз де үйдегі кішкентайлардың сабағына әрі бақылап, әрі еске түсірейік деп қатыстық. Жиеніміздің ағылшын тілі сабағында мұғалімнің құлаққа түрпідей тиетін акцентін айтпағанда, кей сөздерді қате аударғанына куә болдық. Ішіміз ашыды. Міне, осыдан келіп «мұғалімнің мәртебесі» деген мәселенің мәнісі, түп-тамыры тереңде екенін түсіндік. Сөз жоқ, еңбекақыны көтеру бәсекені арттырады, салаға мықты мамандардың келуіне жол ашады. Бірақ жалақыны арттырып қою жеткіліксіз екен. Қайтпек керек?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы мамырда халыққа берген есебінде мұғалімдердің мектепке бұдан былай конкурс арқылы қабылданатынын айтқан еді.

«Мұғалімдерді қызметке қабылдау тәртібі өзгереді. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа алу директорлардың құзырында болса, енді бұл конкурстық негізде жүзеге асырылады. Сонымен қатар педагогикалық мамандықта оқып бітірген жас мамандар да ұлттық біліктілік тестін тапсырып, шекті балды жинап, сертификаттаудан өтуі тиіс. Сол арқылы ғана жұмысқа қабылданады», деді министр.

Әлбетте, жаңадан келген маман­дар­дың тек біліктісі, сауаттысы, кәсібиі қыз­мет­­ке кіріседі делік. Сонда бір кездері түр­лі жолмен жұмысқа тұрып алып, жөні түзу сабақ бере алмай жүрген мұ­ға­­лімдерді қайтпекпіз?

Дәл осы сұраққа жауап табу мақса­тын­да мұғалімдердің арасында сауалда­ма жүргіздік. Атыраулық зейнеттегі педагог Нұрлы Қабдешқызы әңгімені әріден бас­тады.

2000 жылдары Аты­­рау облыстық білім жетілдіру инс­­ти­­тутында қызмет атқардым. Сол ұлт­тық бірыңғай тестілеу енгізілген уа­қытта көрсеткіштерді жақсарту бойын­ша жұмыс жүргізуді қолға алдық. Бұл үшін әлбетте әуелі мұғалімдердің дең­ге­йін көтеру керек. Сөйтіп, біздің инс­титут педагогтерді тестпен жұмыс іс­теу­ге шыңдау, тест құрастыру, сауат­ты­­лығын арттыру бағытында курстар ұйымдастырып, іріктеп, мұғалімдерден оқу бағдарламасы бойынша тест алуды бастаған болатын. Сол кезде өз пәнінен төмен балл жинаған мұғалімдер шыға бас­тады. Артынша тестілеуге, курсқа келе­тін­дер қатары кеміді. Кейін олар жи­на­лып, кәсіподаққа арызданды. Кә­сіподақ: «Дипломды сендер берген жоқ­сың­дар, тестілеуді доғарыңдар!», деп Білім басқармасына шағымданды. Біздің институт басқармаға тікелей бағынышты бол­ғандықтан, жоғарыдағының айтқан сөзіне тоқтадық. Осылайша басталған іс аяғы­на жетпеді», дейді Н.Қабдешқызы.

Қарапайым логикаға салсақ, бұл білім сала­сын біліксіздерден тазартудың ең жақсы бастамасы секілді. Атырау об­лы­сын­да өз нәтижесін берсе, өзге өңір­лер­ге де енгізуге жарар ма, үлгі болар ма дер­сіз. Жарайды, 2000 жылдардағы аума­лы-төкпелі кезеңде сала мамандарын сақтап қалудың өзі оңай болған жоқ. Бол­машы жалақыға жұмыс істеп жүрген мұ­ға­лімдер де сол уақыттағы ғалымдар секілді ала дорба арқалап кетпес үшін көп нәрсеге түсіністікпен қарап, «маңдайдан си­пауға» тура келді. Ал қазір жағдай әлдеқайда жақсарды ғой. Ешкімнің жеке әмиянын ақтарғандай болмайық, дегенмен бұрынғымен салыстырғанда соңғы жыл­дары мұғалімдердің өз аузынан 350-400 мың теңге еңбекақы алатынын естіп жүрміз. Министрлік те өз тарапы­нан жылдан-жылға педагогтерді қа­ғаз­бастылықтан арылту бойынша жұ­мыс жүргізіп келеді. Демек, талапты кү­шейтіп, басқасы басқа, өз пәнінен төмен нәтиже көрсеткен мұғалімдерге шара қолдануды бастауға болады ғой. Бірақ еңбек жолын осы салаға арнаған Н.Қабдеш­қызы олай ойламайтындай. Мұның себебін зейнеткер-педагог:

«Иә, сауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін білім саласын біліксіздерден тазарту керек-ақ. Алайда оған әлі де кедергі бар. Өзге өңірлерді білмеймін, Атырау облысында бүгінге дейін білім сала­сында кадр тапшылығы жойылған жоқ. Қазір еңбек етіп жүрген мамандарды тестілеуден өткізіп, емтихан алып, өз пәнінің бағ­дар­ламасын толық мең­гермегендерді жұмыстан шеттетсек, тағы резонанс туады. Өңірдегі оқушылар мұғалімсіз қалады. Жыл сайын министрлік қарастыратын мемлекеттік білім беру грантынан бөлек, әкімдік бөлетін грант бар ғой. Соған өңірде тапшы мамандықтарға грант тағайындалады. Мысалы, сондай грантты алатын, педагог болғысы келетін талапкер таппайсыз. Өйткені біздің өңірде көп ата-ана мұнайшы болғандықтан табысты, отбасылық кәсіпке баласын да үгіт­тейтіні анық. Бәсеке болмаған соң педа­гогикалық мамандықтарға үлге­рі­мі нашар оқушылар барады. Зейнетке шығар алдында бірнеше жыл мектеп директоры болып істедім. Сонда жұ­мыс­қа кіру туралы өтініш жаза алмайтындарды көрдім. Араға танысын салса да мектебіміздің гимназия екенін не­гіз­ге алып, ұстанымыма берік болып, мұндай мамандарды жұмысқа алмадым. Ал кейбір қарапайым мектептер амалсыз қабылдайды. Неге? Өйткені басқа педагог жоқ. Бұған сауатсыз маман даярлап, оған жоғары білім туралы диплом беріп отырған жоғары оқу орындары кінәлі. Сол себепті бақы­лау­ды сол жақтан күшейту керек. Оқушыларды сауат­сыз етіп жүргендерді мектептен аластату жұ­мыстарын бір орынға бірне­ше­уі та­ла­­сатын, кадр тапшылығы жоқ оңтүс­тік өңірден бастауға болады», деп тү­сін­дірді.

 

Университетте жауапкершілік болуы керек

Расымен де дипломды университет береді, демек жауапкершілік сол жоғары оқу орнында болуы тиіс. Е.Букетов атын­дағы Қарағанды мемлекеттік универ­си­те­тінің оқытушысы, студенттерге, соның ішінде болашақ мұғалімдерге дәріс оқып жүр­ген педагог Болат Қабдолда осындай пікірде.

«Қазіргі жоғары оқу орындары қан­дай мамандыққа көп грант бөлінгенін, та­лап­кер­лердің қай салаға көп түсетінін біліп алады да, сондай мамандықтарды университеттің бағытына келсін-кел­месін оқыта береді. Байқасаңыз, көп ЖОО көпбейінді, көпсалалы, көп­ба­ғыт­ты болып кеткен. Экономика немесе заң университеті деген атауына қа­ра­мастан ішінен педагогика кафедрасын аша салып, санаулы профессорларды тіркеп, маман даярлап шығады. Бұдан қандай маман даярланады? Мен ондай «мамандардан» қорқамын. Сол себепті профильдік бағытына жатпайтын университеттерден педагогикалық маман­ды­қ­тарды алып тастау керек. Екіншіден, қазіргі талап жақсы ғой, жас түлек педагог болып шыққаннан кейін тест тапсырады. Өзінің мамандығы, сабақ беретін пәні бойынша шекті балл жинай алмай қалса, қайтпек? Сол студентті 4 жыл бойы мемлекеттен немесе жеке тұлғадан қар­жы алып оқытқан университетке қандай да бір жауапкершілік артыла ма? Қайта даярлауды жүктей алатындай құзырет тестілеуден өткізетін орталықта бар ма? Жоқ! Сол секілді қазіргі таңда мұ­ға­лімдер біліктілік алу мақсатында тесті­леуден өтеді. Соның ішінде өз ма­ман­дығы бойынша тестіні бір емес, бірнеше рет тапсыра алмай жатқан пе­дагогтер бар. Ал сол мұғалімдерге қан­­дай да бір жауапкершілік жүктеле ме? Тапсыра алмаса, категориясын ал­майды, бірақ сабағын беріп жүре береді. Сондықтан педагог қауымның білік­тілігін анықтайтын, тестілеуден өткізетін Ұлттық тестілеу орталығына өз ма­мандығы бо­йынша төмен көрсеткіш көр­сеткендерге, болмаса сондай маманды даярлаған университетке бір шара қолдана алатындай құзыр берілуі тиіс», дейді Б.Қабдолда.

 

«Өрлеу» сертификат таратумен айналыспайды

Біліктілік дегеннен шығады. 2012 жылға дейін Білім жетілдіру институттары жұмыс істеді. Толық мемлекеттік мекеме саналатын ұйым педагогтерді кәсіби түрде шыңдап отыруға міндетті болды. Ал содан кейін институт жүйесі жойылып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ құрылды. Ак­цио­нерлік қоғам болғандықтан өзін өзі қаржыландыру мүмкіндігіне ие. Осы мүм­кіндіктің нәтижесінде аталған орта­лық мұғалімдердің біліктілігін арт­ты­ру­ға арналған курстарды ақылы ете бас­тады. Әрине мемлекеттен тапсырыс алып курс әзірлейтіндіктен «Өрлеу» орталығы барлық курс түрлерін бірдей сата алмайды. Қайткенде де сатылатын курстар бар. Міне, осы жағдай мұға­лімдердің біліктілігін шынайы арт­тыруға кедергі болып тұрған жоқ па? Себе­бі педагогтер қауымының арасында жүр­гіз­ген сауалдамадағы жауаптардан көп­шілігінің курстарға көңілі толмайтыны көрінді. Алайда «Өрлеу» орталығындағы «Оқу-әдістемелік жұмыстар» департаментінің директоры Ержан Болсынбекұлы курс­тарды әзірлеу бірнеше кезеңнен тұ­ра­тынын, сапалы екенін жеткізді.

«Орталығымызда 300-ден аса ғылы­ми дәрежелі мамандардан құралған профессорлық-оқытушылық құрам бар. Сол қызметкерлеріміздің дерлігінде білім беру саласындағы еңбек өтілі 5 жылдан кем емес. Бұл курс­тар­ды зерттеу жүргізе алатын және соның негі­зінде жасалған бағдарламаны іс жү­зінде қолдануды білетін, теория мен практиканы ұштастырудан хабардар ма­мандардың әзірлейтінін білдіреді. Курстарды дайындау бірнеше кезеңнен тұрады және әр деңгейде сапаға ерекше мән береміз. Бізде әзірленген курс­тарды Білім және ғылым министрлігіне жолдаймыз. Онда тағы қаралады. Содан кейін барып өз тренерлеріміз арасында сол курсты жүргізуге ең үздігін таңдап іріктейміз. Ал курсты бастамас бұрын оған қатысушылардың қажеттіліктері, не күтетіні жайлы сауал­дама алып, оның нәтижесін тренерге бе­ре­міз. Қазір көп курс онлайн өткі­зі­леді, біз осы мүм­кіндікті пайдаланып тренерлердің саба­ғына қатысамыз. Курс біткенде олардан курстың күткендей болған-болмағаны, қажетін қаншалықты қанағаттандырғаны туралы сауалдама аламыз. Курсты аяқта­ған тыңдармандарға пост-курстық қолдау жұ­­мыстарын жүргіземіз. Курстан үй­рен­генін практикада қолдануға кеңес беріледі. «Өрлеу» құрылған 2012 жыл­дан бері 600 мыңнан аса маманды оқыттық. Олардың сауалдамасын талдадық, сонда қатысушылардың 95 пайызы курс­тар­дың жақсы екенін айтады», дейді Е.Болсынбекұлы.

«Өрлеу» өкілінің айтуынша, қалған 5 пайызының орталық курстарына көңілі толмайды. Олардың ұсыныс-пікірлері курсты қайта өңдеп жазуға, қайта қарауға себеп болады.

Басы ашық сұрақ

Ал енді қараңыз, 600 мыңның 5 пайызы – 30 мың маман. Аз ба, көп пе – бәрібір, бірақ осыншама мұғалім курсқа көңілі толмаса да, біліктілігін арттырғаны жөнінде сертификат алып, соның кө­ме­гімен жұмысын жалғастырады. Деген­мен Е.Болсынбекұлының жауабына қарағанда, «Өрлеу» сертификат та­ра­­тумен айналыспайды, оны оқып, еңбек­те­ніп алу керек. Өйткені белгілі бір нә­ти­же көрсете алмай, сертификаттан қа­ғылғандар да бар.

Шыны керек, мемлекеттік тапсырыс­ты орындап, мұғалімдердің біліктілігін арт­­тырумен «Өрлеуден» өзге жеке орта­­лықтар, ұйымдар да айналысады. Де­сек те негізгісін осы орталық алатыны белгілі. Мемлекеттің тапсырысымен әзір­­ленген курстар негізінен мұға­лім­дер­­ге тегін. Бірақ мұның барлығы бірдей педагогтердің кәсіби сауатын арттыра ала ма?

«Дәл осы мәселені курстардың сапасын талдағанда, әзірлегенде күнделікті талқылаймыз. Ұстаз деген ұлы атты алып жүріп, өзінің кәсібіне, сабақ беретін пәніне қатысты қарапайым дүниені білмейтін немесе қате жазатын, ойын дұрыс жеткізе алмайтын тыңдармандарды курстарымыздан кездестіріп жүрміз, бұл мәселе бізді де ойландырады. Алайда оларды кеудеден итермейміз, деңгейіне қарай барынша көмектесуге тырысамыз», дейді Е.Болсынбекұлы.

Мақаламыздың басында мысалға кел­тір­ген кейіпкерімізге қайта оралсақ, арызын айтып келген жас шамасы елу­лер­де­гі мұғалімнің бетін қайтармай директорына хабарластық. Мектеп басшысы оны жұмыстан себепсіз шығармағанын, шешім қабылдау кәсібилігіне қатысты болғанын жеткізді. «Білім туралы» заңға сәйкес педагог әр 5 жыл сайын кем дегенде 1 рет біліктілігін арттыру курсынан өтуі тиіс. Ал директорының үс­ті­нен шағым жасап редакциямызға кел­ген сол мұғалім осыған дейін кемі 5 рет бі­лік­ті­лігін арттыру курсынан өтті, оның алдында 4 жыл кәсіби тұрғыдан ЖОО-да даярланды. Сол сауаттың бәрі, сол білімнің нәрі қайда?.. Бұл – кешенді зерт­теу мен жүйелі жұмысты қажет ететін басы ашық сұрақ.