«Мәңгілік Ел» ұғымы ұлттық идеяға айналуы керек деген қуатты ой, құтты лебіз менің ақын жүрегіме үміттің шалқар шұғыласын құйды.
Қазақ деген елдің жойылып кетпеуі үшін жан берісіп,жан алысқан батырлар мен күңіреніп өткен абыздардың, ақ тілеулі аналардың арманы да ұлан-ғайыр даланың бейбіт халқымызға мәңгілік қоныс болуы еді ғой!


«Мәңгілік Ел» ұғымы ұлттық идеяға айналуы керек деген қуатты ой, құтты лебіз менің ақын жүрегіме үміттің шалқар шұғыласын құйды.
Қазақ деген елдің жойылып кетпеуі үшін жан берісіп,жан алысқан батырлар мен күңіреніп өткен абыздардың, ақ тілеулі аналардың арманы да ұлан-ғайыр даланың бейбіт халқымызға мәңгілік қоныс болуы еді ғой!
Азаттықтың кемесінде мезгілдің шексіз мұхитына ұлы шеру тартқан мемлекетіміз үшін жаңа тарихи кезең басталған сияқты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан осындай шешімді ой түйдік.
Мәңгілік Ел. Мәңгілік Тіл.
Ендігі жерде миллиондаған адамның аузынан Мәңгілік Ел боламыз деген аталы сөз айтылып, өскелең ұрпақ осы идеологиямен өмір сүретін болады. «Жақсы ойла. Жақсы сөйле. Жақсы орында. Жақсы өмір сүр», делінеді ақылды кітаптарда. Бұл қағиданы ұстанған адам – жақсы адам. Жақсы адамдар мемлекетіміздің мерейі емес пе? «Жақсы сөз – жарым ырыс». «Сөздің жаны бар», дейді дана халқымыз.
Иә, тілектер қабыл болады – ізгі ниетімізге әрекетіміз сай келіп, ішіміздегі қасиетті күшіміздің игілігін ісімізде көрсетуге ынта-жігеріміз жетсе! «Адамзаттың баратын ғасырына аман-есен жетсе екен исі қазақ», деп жырлап едік біз де Тәуелсіздіктің алғашқы таңында. Шүкір, солай боларына шүбәсіз сенетін кез келген сияқты.
Ілгері үміттің мәңгілігінен өмірдің ұзақ жолдары басталады. Көп дүние қамтылған биылғы Жолдаудағы қазақстандықтардың патриоттық, гуманистік сезімдеріне тамызық тастайтын тұжырымдарды қалың көпшілік қызу қолдады. Құрып бара жатқан құндылықтардың бірі – адамның адамға жанашырлық көрсетуі еді. Жолдауда бұл да ескертілді.
Осы жолы да миымызды ғылым-білімге, білегімізді жұмысқа жегудің аса маңыздылығы баса айтылды.
2050 Стратегиясы алыс келешекті ақылмен шолып, ғарыштық кеңістікті қиялмен шарлаған өр рухты халқымыз үшін сонша сағым дүние емес.
Өлшемдері әйдік, теңеулері де бойшаң, нән.
Құдаларын-дағы «мың жылдық құда» дей салған.
Өрелі халқым, өркениетке ой салған,
Аман бол, көп бол, даңқынан дұшпан тайсалған.
Әрбір отандасымыз жауапкершілік тізгінін тартып ұстап, уақыт деген ғаламатты ұтымды игеріп, өзі үшін, жақындары үшін, отбасы, Отаны үшін құлшынып білім іздеп, еңсеріп еңбек етсе, тәртібіміз кетпесе, табиғатымыз азбаса, 30 елдің арасынан қара көрсетуімізге кім кедергі бола алар?!
Елбасының нақты ұсыныстары мен тапсырмалары елім деген ерлерге, мемлекеттік қызметтегілерге орасан үлкен міндет жүктейді. Оның орындалу мүмкіндіктері мен жолдарын Президент жеріне жеткізіп айтты. Мәңгілік Ел болу үшін қуатымыз артып, мәдениетіміз көтерілуі керектігін саралап, дамудың барлық саласында әділеттілік пен сапалылықтың қадағалануын тиісті орындарға тапсырды. Арғы жағы әркімнің ар, намысына аманат!
Осы жолғы рухымызды көтерген ұлттық идея – Мәңгілік Ел болу – қазақстандықтар үшін жасампаз арман, жарқын жол.
Таңғы ауаның таусылмай таза лебі,
Жан даланың ашылып ажар, өңі,
Шаңырағына төгіліп рахман нұры,
Жер бетінде мәңгі тұр, Қазақ Елі!
Күләш АХМЕТОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты.
Тараз.