Президент іс басқармасының медициналық орталығының мәліметіне сәйкес, сенбі күні Тоқтар Әубәкіров медициналық орталық ауруханасына хабарласып, жөтел, әлсіздік пен тершеңдік бар екенін айтқан.
– Жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді. Тексеріс кезінде жағдай тұрақты болған. Сатурация 95%, ал температурасы 36.6. ПТР-сынама алынды, – дейді мамандар.
Тест вирус жұқтырғанын көрсетті. Әубәкіров 6 күннен бері ауырып жүргенін жеткізді. Үйде «Сумамед» деген дәрі ішкен. Бірақ аурухананың көмегіне жүгінбеген.
– 23 тамызда аурухананың мобильді тобы үйіне барып, анализ алды. Кеуде тұсының компьютерлік томографиясы да жасалды. Зертханалық зерттеудің нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтан қалалық инфекциялық орталығына жіберілді. Бірақ пациент ауруханаға жатудан бас тартты, – деді аурухана қызметкерлері.
Бүгін таңертең мамандар ғарышкермен тағы сөйлесіп, инфекциялық орталыққа жатуға көндірді. Диагнозы – COVID-19. Жағдайы орташа ауыр. Екіжақты полисегментарлық пневмония анықталды.
Тоқтар Әубәкіров коронавирусқа қарсы вакцина алған. Екінші дозасы 17 сәуірде салынған болатын.