Оқиға • 24 Тамыз, 2021

Павлодарда қару тасымалдаған тұрғын ұсталды

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарда мылтық пен патрондарды тасымалдаған ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда қару тасымалдаған тұрғын ұсталды

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті полицейлердің кезекті рейді кезінде қолға түскен.

Таңғы сағат 08.45 шамасында жаңа қала ауылының маңында, «Омбы-Майқапшағай» автожолының 358 шақырымында рота инспекторы Абай Тыныбаев «ГАЗ 3110»автокөлігін тоқтатқан.

Құжаттарды тексеру кезінде 52 жастағы жүргізуші өзін біртүрлі ұстаған. Тексеру барысында автокөлік салонында жүргізуші орындығының астынан «ТОЗ» мылтығы мен 16 калибрлі 17 патрон табылды. Бұл заттардың тиісті құжаттары болмаған. Мылтықты қандай мақсатпен алып жүргенін және оның қайдан шыққанын жүргізуші түсіндіре алмады.

Деректер базасында мылтық басқа адамға тиесілі екені анықталды. Мылтық пен патрондар тәркіленіп, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

«Тек бір тәулік ішінде 143 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 45 жүргізуші жылдамдықты шектен тыс асырса, 19 жүргізуші техникалық ақаулы жағдайда көлік құралын басқарған. Ал 3 жүргізуші көлікті мас күйінде айдаған. Мысалы, сағат 03.10 – да «Павлодар-Шарбақты» автожолының 8 км-де жүргізушісі мас күйінде болған «Ауди 80» автокөлігі тоқтатылды.

Оған қатысты ҚР ӘҚБК 608 бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды, автокөлік айып тұрағына қамалды»,  деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы командирінің міндетін атқарушы Әділет Мерғазин.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері өңірде қару мен оның патрондарын сатып алу, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін 480 азаматты жауапкершілікке тартылды.