Ғылым • 25 Тамыз, 2021

Қазақстандағы ғылым және ғарыш

11600 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан ғарышкерлік дамуының басынан бастап ғарыш кеңістігін игерумен тарихи байланысты болды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алғашқы жасанды Жер серігі 1957 жылы ұшырылғаны белгілі. Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин де 1961 жылы «Восток» ғарыш кемесімен қазақ даласынан ғарышқа аттанды.

Қазақстандағы ғылым және ғарыш

Бұл бірегей оқиғалар – ХХ ғасырдың ең үлкен жетістігі. Кейіннен АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Италия сияқты елдер де өз азаматтарын ғарышқа ұшыра бастады. 70-жылдардың басында бұл қатарға Жапония, Қытай, Нидерланд, Испания және басқа елдер қосылды. Қа­зіргі таң­да әлемнің 200-ден астам елі ғарыш қыз­метімен айналысады. Олар­дың көпші­лі­гінде өздерінің ғылыми және қолданбалы маңызға ие жасанды се­рік­тері бар.

Биыл – отандық ғарыш ғылымы және бүкіл Қазақстан үшін айтулы жыл. Нақ­ты айтқанда, 2021 жылғы 12 сәуірде әлем жұртшылығы адамзаттың ғарышқа ұшуына 60 жыл толғанын атап өтті. Бұл оқи­ға басқарылатын космонавтиканың әлем­дік символы болды.

Осы уақыт аралығында 570-ке жуық ғарышкер-зерттеуші ғарышта болған екен. Ал олардың 150-ден астамы ғарышқа қазақ жерінен ұшып, «Байқоңырда» ғарышкер мәртебесін алды.

Қазақстанда басқарылатын кешендер­дегі ғарыштық зерттеулер қазақтан шық­қан тұңғыш ғарышкер Т.Әубәкіровтің ұшуы­мен тікелей байланысты. Дәлірек айт­қанда, аталған зерттеулер 1991 жылы «Қазақстан-Ғарыш» нысаналы кешенді ғы­лыми бағдарламасы аясында серпінді дами бастады.

Академик Ө.М.Сұлтанғазиннің ғылы­ми жетекшілігімен Қазақстан Республикасының ҒЗИ мен ЖОО және Ресей Фе­дерациясының ғарыш саласы ұйым­да­рының ғалымдары мен мамандары «Мир» ОК бортында ғылыми зерттеулер мен эксперименттердің бағдарламаларын сәт­ті орындады. Бұл жұмыстарға қазақс­тан­дық ғарышкерлер де қатысты.

Әлемдік басқарылатын ғарышкер­лік­тің даму тәжірибесі және «Мир» ОК мен ХҒС бортында Қазақстан Рес­пуб­ликасының ғылыми ізденістері мен ға­рыштық эксперименттерінің бағ­дар­­­ламаларын іске асыру ұшу алдын­дағы кезеңде даярлықтан өтетін ғарыш­керлерге жаңа бірегей ғылыми нәти­желерді алуда айқындаушы рөл бері­ле­тінін көрсетті. Бұл өздерінің функцио­нал­дық міндеттерін орындау және ұлттық ғы­лыми бағдарламалар шеңберінде ға­рыш­тық зерттеулер мен эксперименттер жүргізу үшін ғана емес, штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде бірін-бірі өзара алмастыру мақсатымен басқа елдердің ғылыми бағдарламаларын іске асыру үшін қажет болды.

Біздің ғарышкерлер әлем­дік дең­гейде қазақстандық ғылым­ның жос­парланған ғарыштық экспери­мент­терін орындап қана қоймай, басқа мемле­кет­тердің ғарыш саласындағы ғылыми бағ­дарламаларын орындауда тең құқылы әріптестер болды.

Сонымен қатар ғарышкерлердің өздері басқарылатын кешендерде ұшу кезінде ғарыштық медицина және биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулердің объектілері болып саналады.

Қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы кезінде басқарылатын кешендердің бортында әлемдік ғарышкерліктің негізгі бағыттары бойынша ғарыштық экспери­мент­тер жүргізілді. Мәселен, 1991 жылы «Мир» ОК-де Т.Әубәкіровтің ұшуы кезінде бес ұйымның қатысуымен бес ға­рыштық эксперимент орындалды. Ал 1994 жылы Т.Мұсабаевтың ұшуы кезінде ҚР ҰҒА-ның оннан астам инсти­туты­ның қатысуымен 8 ғарыштық тәжірибе жүргізілді. Одан бөлек, 1998 жылы 20-дан астам ұйымның ғалымдары мен мамандарының қатысуымен 23 кешен­ді (жерүсті және ғарыштық) эксперимент орындалды. Қазақстан 2001 жылы ХҒС бортында ғылыми зерттеулер мен эксперименттер бағдарламасын алғаш­қы­лар­дың бірі болып іске асырды. 2015 жылы А.Айымбетовтің ХҒС-қа ұшуы кезінде Қазақстанның сегіз ҒЗИ мен ЖОО ғалымдарының қатысуымен 10 ғарыштық эксперимент жүргізілді.

Қазақстандық ғарышкерлердің «Мир» ОК мен ХҒС-тағы ғылыми бағдар­ла­ма­ларын орындау арқылы айтарлықтай ғылыми және қолданбалы маңызы бар нәтижелер алынды. Олар өз кезегінде Қазақстанда ғарыш ғылымының дамуында халықаралық деңгейге сәйкес келетін жаңа ғылыми бағыттар құруға негіз болды.

Ғарыш техникасы бұйымдарын жасау кезінде пайдаланылған қорытпалар, полимерлік және керамикалық материалдар бүгінде «Мир» ОК бортындағы көрмеде тұр. Кезінде осылардың кө­ме­гі­мен найзағай белсенділігі бар өңірлер бойынша әртүрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарында штаттан тыс жағдайлардың дамуы­мен жаңа оптикалық құбылыстардың корреляциясы да белгіленді.

Ғарыштық эксперименттерді орындау кезінде әзірленген әдістемелер мен технологиялар экологиялық картографиялауда және өсімдіктер мен табиғи экожүйелерді картографиялауда қолданылды. Сон­дай-ақ биоалуантүрлілікті бағалау, жайы­лымдардың антропогендік трансфор­ма­ция дәрежесін және мұнай-газ кен орындарының табиғи-аумақтық кешен­де­рінің де трансформация дәрежесін, төтенше жағдайларды, шөлейттену про­цес­терін бағалау үшін де пайдаланылды.

Ғарышта өсімдік жасушаларының селекциясын қолдана отырып, картоп, бидай сияқты өсімдіктердің экономикалық құнды формалары алынды. Аурулар мен қолайсыз экологиялық факторларға ерекше төзімді картоптың «Тоқтар» деп аталатын жаңа сортын алу жұмыстары аяқ­талды.

Гендік инженерия бойынша экспери­мент­тер жүргізілді. Ғарыштық ұшу жағ­да­йында бидай жасуша­ларына бөтен генді беру және трансгенді өсім­дік­терді алу мүмкін болды. Жүр­гізілген зерттеу­лер ғарыштық факторлардың әсерінен болатын өзгерістер жасуша мен организм өмірінің әртүрлі аспектілеріне, соның ішінде құнды белгілерге әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.

Ғарышкерлердің ұшуға дейінгі, ұшу кезіндегі және одан кейінгі ней­ро­психологиялық және психофи­зио­ло­гиялық жағдайын бағалау бойынша алынған нәтижелер олардың, сондай-ақ жер бетіндегі төтенше жағдайдағы адам­дардың жұмысқа қабілеттілігін бағалау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Әзірленген әдіс­тер мен критерийлер азаматтық авиа­ция ұшқыштарын даярлау кезінде, авиа­ция­лық және ғарыштық медицина практикасында пайдаланылады.

Ғарышкерлер ағзасының бейімделу мүмкіндіктерін арттыратын Қазақ­стан­ның флорасы мен фаунасынан таби­ғи био­логиялық белсенді заттар негі­зін­де жаңа мамандандырылған өнім­дер әзірленді. Республиканың жер бе­тін­дегі төтенше жағдайлардағы және шалғай өңірлеріндегі адамдар үшін ма­мандандырылған өнімдерді әзір­леудің жаңа технологиялары мен био­тех­нологиялық қағидаттары даярланды.

Қазақстандық ғарыш ғылымының елеулі практикалық жетістігі ретінде спутниктік геодезия мен радарлық интерферометрияны пайдалана отырып, ғарыштық мониторинг жүргізуді, жерүсті зерттеулер саласындағы бірегей зерттеулерді дамытуды және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Солтүстік Тянь-Шань аумағының жер қыртысында болып жатқан табиғи және техногендік апаттарды қалыптастыру үшін ғылыми негіз жасауды айтуымыз керек.

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы Мем­лекет­тік сыйлықты алуға ұсынылған «Қа­зақстандық ғарышкерлердің қатыс­уы­мен ғарыштық зерттеулер – Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамы­ту­дың негізі» жұмыстар топтамасын соң­ғы 30 жылдағы еліміздегі ғарыш ғылы­мының даму қорытындыларын жа­һандық қорыту деп қабылдаймыз.

Зерттеу тобының құрамында Қазақ­стан­дағы ғарыш ғылымы дамуының бастауында тұрған белгілі ғалымдар мен ғарышкерлер бар. Ұсынылған жұмыстар циклінде бүгінде Қазақстанда жаңа ғы­лы­ми бағыттарды іске асырып, оларды әлемдік ғарыш ғылымының талаптарына сәйкес дамытуды жалғастырып жүрген отандық ғалымдар мен ғарышкерлердің ғарыш ғылымы мен елдің ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі көрсетілген.

Қазақстан – қазақстандық ғарыш­кер­лердің ұшуы арқасында басқа­рылатын кешендерде әртүрлі бағыт бойынша ғарыштық эксперименттер жүргізу­дің, ғарыштық зерттеулерді дамытуда серпіліс жасаудың бірегей мүм­кін­ді­гі­не ие болған санаулы елдердің бірі. Дәл осы қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы, басқарылатын кешендерде ғылыми зерттеулер мен эксперименттердің орындалуы және алынған нәтижелер Қазақстанда ғарыш саласының табысты қалыптасуы мен дамуына ықпал етті. Сондай-ақ Қазақстанды ғарыштық зерттеулердің әлемдік деңгейіне шығарды және елі­міз­де­гі ғарыш саласының ғалымдары мен мамандарына өз жұмыстары мен технологиялары арқылы әлемдік ғылыми ғарыш қауымдастығына қосылуға мүмкіндік берді.

 

Төрегелді ШАРМАНОВ,

РҒА және ҚР ҰҒА академигі