Спорт • 26 Тамыз, 2021

Заманауи үстел теннисі орталығы салынуда

152 рет көрсетілді

Жақында аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан­ның спорт кластеріндегі бірегей нысан – төрт қабатты үстел теннисі орталығының құрылысында болып, ғимараттың жағ­дайымен танысты.

Ескерте кету керек, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын аймақтағы ірі кәсіпорын – «Казцинк» өз қар­жысына алты бірдей ірі нысан, жаз­да да, қыста да жаттығатын үлкен теннис орталығын салып берген болатын.

Халықаралық стандарттар бо­йынша бой көтеріп жатқан ны­санның жалпы аумағы – 9 мың 600 шаршы метр. Облыс әкімі күн суытқанша орталық ғи­мараты толық салынып бітуі керек­тігін айтты. Мұнда екі спорт­зал болады. Бір уақытта 250 спорт­шы жаттығады. Жарыс өте­тін жерде 18 теннис үстелі қойы­лады. Мүмкіндігі шектеулі жан­дар да осы жерде жаттығып, ден­саулықтарын түзей алады.

– Бұқаралық спорт Кенді Алтайда жақсы даму үстінде. Бұл күн­дері облыста бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 30 пайызға жуық. Дәл қазір өңірдің 15 елді мекенінде дене шынықтыру-спорт кешендері салынып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұ­қара­лық спортты дамытуға қа­тыс­ты тапсырмасы әркез басты назарда. Жақын арада осы мақсатта келелі кеңес өтпек. Теннис соңғы жылдары еліміз­дің кез келген өңірінде дами бас­­тады. Оның нақты дәлелі – Ры­­бакинаның Токиодағы та­бысы. Бірақ оның финалға шы­ғуға шебер­лі­гі жеткенімен, пси­хологиялық жағынан да­йын болмады. Келешекте осы орталық­тан Олимпиада жүлдегерлері шығатыны сөзсіз, – деді өңір бас­шысы.

Кешенді аралап болған соң, облыс әкімі жаттықтырушылар­дың біліктілігі мен ше­бер­лік дең­гейін арттыру қажеттігіне тоқ­талып өтті. Қазірдің өзінде үш деңгейлі арнайы бағдарлама жасалды. Жақын және алыс ше­телдердің жетекші мамандарымен келісім­шарт жасасу да ойда бар.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері

 

ӨСКЕМЕН

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар арзандады

Қаржы • Бүгін, 17:01

Ұқсас жаңалықтар