Енді алдағы уақытта театр ұжымы кезекті өнер додасында бақ сынамақшы. Қазан айының 16-24 күндері аралығында Түркия елінің астанасында VII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрларының фестивалі өтеді. Осы фестивальға театр ұжымы «Макбет. Иллюзия» атты ересек көрерменге арналған спектакльмен қатысады. Ағылшын драматургі У.Шекспирдің пьесасы бойынша сахналанған бұл туынды ақпан айында көрермен назарына алғаш рет ұсынылған еді. Режиссері Дина Жұмабаева.
Сондай-ақ Қуыршақ театры Көкшетау қаласында қазан айының 4-8 аралығында өтетін «ТеART-Көкше» халықаралық театр фестиваліне өз репертуарындағы «Каштанка» атты спектакльмен қатысуды жоспарлап отыр. Аталған қойылым – орыстың әйгілі жазушысы А.Чеховтың әңгімесі бойынша сахналанған балдырғандар мен жасөспірім балаларға арналған экспрессивті спектакль. Режиссер Кубанычбек Адыловтың аталған қойылымды сахналау барысында диалогтарды мүмкіндігінше аз қолданып, көбіне мимика, іс-қимыл, дыбыс үшеуін пайдаланған. Осынысымен қойылым кішкентай көрерменді бірден еліктіріп әкетеді. Айта кетейік, аталған спектакль театр фестивалі аясында актерлерге қуыршақ жүргізудегі қабілеттерін көрсетуге толықтай мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек театр ұжымы Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» республикалық театрлар фестивалінде де өнер көрсетпек. Мәдени іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Қуыршақ театры оған «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысады. Бұл қойылым да Шекспир пьесасы бойынша режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанған.
Өнер ұжымы халықаралық һәм республикалық байқаулардан табысты оралады деп сенеміз.