Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы орын алған жарылыс зардаптарын жою, келтірілген шығындарды анықтау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз жедел штаб құрдық. Оған барлық тиісті органдардың өкілдері енді. ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдай министрі, Ішкі істер министрінің орынбасарымен бірге тәулік бойы оқиға орнында жұмыс жасап жатырмыз. Зардаптарды жою, келген шығындарды анықтау бойынша шаралар атқарылуда. Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елдімекен бар. Оның ең жақыны 1 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылы. Қалған екеуі 5 шақырым қашықтықта. Осы елді мекендегі азаматтардың барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектеп, 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. Қазіргі таңда 227 адам сонда қалып отыр десек, басым бөлігі өздерінің ағайын-туыстарына кетті. Болған жағдайларды қалпына келтіру үшін 1000-нан астам адам, 120-ға жуық техника тартылды», деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, 30-дан аса жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, жеңіл жарақат алған 60 адам үйлеріне қайтарылды. Қазіргі таңда №1 Тараз қалалық ауруханасында 28 адам ем алуда. Олардың 6-ның жағдайы орташа ауыр. Өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ.
«Бүгін таңертең науқастарменен кездестік, жағдайларын сұрадық. Дәрі-дәрмек жөнінде ешқандай мәселе жоқ. Жағдайлары тұрақты. Эвокуацияланған тұрғындармен де кездестік. Олар керек-жарақпен, ыстық тамақпен қамтылуда. Қазір жарылыс тоқтады. Тұрғындар үйлеріне орала алады», деді Б. Сапарбаев.