«Біз соғыстан кейінгі Жапонияның экономикалық өркендеуге құмар болғанын және ұлттың негізгі қағидаларын ұмытып кеткенін көрдік. Азаматтар өздерінің ынтымақтастығын жоғалтты, іргелі мәселелерді шешпей алға ұмтылды, тоқтап қалу шаралары мен екіжүзділікке бой алдырды және өз жанын бос күйге түсірді. Саясат дегеніміз – қарама-қайшылықтардың, өзін өзі сақтаудың, билікке құмарлық пен екіжүзділіктің негізі. Жүз жылдан кейін ұлтқа арналған кез келген ұзақ мерзімді жоспарлар шетелдерге бағытталды. Біз жеңілген ұяттың жойылғанын емес, оның алдын алғанын және жапондардың өз тарихы мен дәстүрін бұзғанын өз көзімізбен көрдік» дейді ол соңғы сөзінде.
Мисима – масштабпен, анығырақ айтқанда үлкен қимылмен байланысты жазушы. Оның әр тақырыптағы романдары әр кезеңнің қағазға түскен естелігі сияқты. Шығармашылығы керемет нәзіктікке, ұстамдылыққа және өз стилін сақтай білген сұлулыққа толы жазушы қаншама қабілетті болса да, масаттану мен мақтанның соңынан жүгірмепті. Ол қырық бес жасында өзін мерт етпесе, оның әдеби кеңістігі қай деңгейге көтерілерін ешкім болжап үлгерген жоқ. Сол үшін де ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жазушылар арасында шетел оқырмандары тарапынан таңдаулы жазушының бірі санатына қосылды. Сол тұста оған өз туған елі де назар аударды.
Жазушы болу дейтін асқақ арманды ұстанған ол сонау 1941 жылы небәрі он алты жасында «Орман толық гүлденді» атты алғашқы туындысын жариялады. Мектепті енді ғана бітірген баланың бұл жаңалығына әдебиетшілер мен сыншылар қызығушылықпен қарады. Тіпті кейбірі «бұл мүмкін емес», деп мұрын шүйірді. Қалай айтсақ та, Мисиманың әдебиеттегі жоспары ерте кезден қалыптасқан. Жасөспірім Мисиманың аталған шығармасындағы стильдің жетілуі мен толық қалыптасуы оның тәлімгерлері мен құрдастарын бейжай қалдырмады. Бұл оқиға болашақ қаламгердің өмірін өзгеше бағытқа бұрып жіберді. Ол ендігі жерде жазу, тек қана жазу деген ұстанымды биік ұстады. Аңсау – сұлулыққа жетелейді деген сөзді осы тұста айтқымыз келіп отыр.
Мисима әлеміндегі сұлулық ең алдымен жапон халқына, сосын бүкіл әлемге ортақ сұлулық. Оның әр романы қазіргі әлем әдебиетінен лайықты орын алып үлгерді. Бүгінде АҚШ-та ең танымал жапон жазушысының бірі де осы талант. Бәрінен маңыздысы, ол – Батыс әлемін өзінің өмірі мен шығармашылығы арқылы Шығысқа жақындата білген мәңгілік автор.
Мисима жұрт білетін жақсы романдарын өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жазды. Көлемді романдармен қатар шағын әңгімелер де жазып, өз оқырманын таба білген талант иесі. Бір қызығы, оның көшпенділер тақырыбына, анығын айтқанда, ұлы Шыңғыс ханның әкесі Ясукей туралы әңгіме жазуы. Мисиманың әңгімелер жинағын парақтап отырып «Ясукей мерген» деген әңгімеге көзіміз түсті. Әңгімені оқи келе кезіндегі ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ Моңғол сахарасына сапар шегесіз.
«Бір күні түнде Ясукей өз садағының өздігінен тұрып, шатырдан шығып, сахараға қарай кетіп бара жатқанын көріп, орнынан қарғып тұрып: «Бартан ұлы Ясукейдің садағы қайда барасың?» деп ақырып қалғанда, садақ сылқ етіп жерге құлап түсті. Кенет шатыр да теңіздей теңселді. Тағы бір рет Ясукей бұрқандардың таулы ойпат аспанында сайысқандарын көріп, ат тұяғының тау даланы дүбірлетіп, жаңғырығы алыстарға кетіп жатқанын естиді. Ертесі ойпаттағы жасыл шөптердің қанға боялып, қарайып қалғанын көреді. Ясукей бұл фәниде патша ғана емес, қазірше басқаларға беймәлім, ешкімнің ойына кіріп те шықпаған болашақтың нағыз дарынды патшасы болатын. Ясукейдің әлем билеушісі болатындығы, өзінің ол несібесін бірте-бірте байқайтындығы туада маңдайына жазылған. Ясукей күллі әлем тізгінін қолыма алсам деп үміттенеді. Мүмкін, мұнысы күллі әлемді жаратып, тізгін-шылбырын мықты меңгерген жаратушы тәңірмен кеңескісі келгені шығар». Әңгіме осылай басталады. Дала билеушісінің дара қиялы, пайымы, парасаты толық ашылып тұр. Күлік мініп, күн астына жортқан тайпа әміршісінің үміті де шығарманың шырайын келтіріп тұр. Көшпенді халықтың баласы емес, Күншығыс елінің қаламгері жазған Ясукей бейнесі барған сайын өз қиял әлеміңізде биіктей береді.
«Ясукей аналық ақ мысық пен аталық ақ мысықтың орман арасында бір-біріне жабысып, адамның ақылы жетпейтін беймәлім қимыл жасағандарын көрді. Бұны барып тұрған әдепсіздік, жолдан тайғандық деп ашуланған ол екі мысықты қылышпен шауып тастады». Бұл сөйлемде жазушы дала сардарының ұлт мінезі арқылы көшпенді халықтарға тән ұяңдық пен биязылықты, қала берді батылдықты айтқысы келген сияқты. Әңгімеге кірістірген оқиғаларды құрастыру жағынан да Мисима біз мықты деп санайтын ешбір қаламгерлерден осал түспейді. Тіпті ол ойлы диалогтар арқылы шығармасын оқып отырған оқырманды жіпсіз «байлап» отырады. Сіздің сол сәтте «ары қарай не болар екен» деуіңіз бек мүмкін.
Міне, желік қуған Ясукей екеу болып сейілдеп жүрген Шилатудың қалыңдығын тартып алуға аттанды. Ағалы-інілі үшеуі Шилатуды өлтірмекші. «Шилатудың бұлдыр бейнесі алыстан сағымданады. Ясукей бір сәт көңілін орнықтырып алды да: – Әйел заты қаша алмайды, оны үшеулеп қуалық, – деді». Сол сәтте Ясукейдің ойына орман арасынан көрген екі мысықтың әрекеті оралады. Сол үшін де ол Шилатудың жас сұлуын екі бауырынан қызғанады. Мисиманың қаламы бізге ғадауат пен махаббаттың әрқашанда егіз екенін тағы бір рет есімізге салады. Тіл шұрайлылығы да Мисимада жетіп асады. «Бұлттардан қан тамбады», «айдынға құлаған ақ бұлттар», «Сылқылдай аққан бұлақ суының әсем сыңғыры» деген сияқты оқшау теңеулер осы әңгімеде молынан кездеседі.
Кейіпкердің жан дүниесі де шығарманы оқып отырған адам үшін аса маңызды. Бұл жағынан Мисима еш ұтылмайды. Ол Ясукейдің Шилатуды өлтіргеннен кейінгі алғашқы әрекетін тамаша суреттейді.
«...Беті нарттай қызарған Ясукей атына қарай жүгірді. – Несіне асығасың, әйел қашып кете алмайды, – деді Некүн қалжыңдап». Бұл оқыс қимыл тек Ясукейге ғана емес, сол сәтті басынан өткізген әрбір дала шонжарларының іс-әрекеті деуге болады. Себебі көшпелі дәуірде әйел жеңістің, кектің, батырлықтың символы болды. Өлген Шилатудың әйелін иемдену Ясукей үшін келесі жеңіс екенін Мисима осы туындысында толық ашып бере алған. Әңгіме Ясукейдің Олхонод тайпасының жас сұлуын әйелдікке алғанымен аяқталады. Мисиманың «Ясукей мергені» қарт тарихтың сансыз жұмбағының бір тарауын ашқандай күй кештіреді. Оның жетістігі – Ясукей сынды тарихи тұлғаның бейнесін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіре алғандығында. Қалам ұстаған әрбір қаламгердің өнер жолындағы мұраты да сол болса керек.