Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2021

Қаланың қажеттілігі мегаполисті азық-түлікпен қамту маңызды міндет

344 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тұрғындар саны жылдан-жылға артып келе жатқан еліміздің үшінші мегаполисін азық-түлікпен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұрған мәселе. Қала тұрғындары көбіне іргелес аудандардан әкелінетін ағарғанды, көрші елмен шекаралас өңірлердің көкөнісі мен жеміс-жидегін, батысындағы аймақтың қымыранын, таудың қымызын тұтынады. Дегенмен қала аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де жыл сайын арта түсуде.

Қаланың қажеттілігі мегаполисті азық-түлікпен қамту маңызды міндет

Ауыл шаруашылығы жетекші салаға айналады

Мысалы, Шымкент қаласында сүт өнді­ру бағыты мен асыл тұқымды мал шар­уа­шылығын дамыту мақсатында үш та­уарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде. Онда 349 бас сауын сиыр бағылады. Мега­по­листе жүзеге асқан бұл жобаларға жалпы құны 0,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Шаруа қожалықтары «Симментал» мен «Гольштейн» тұқымды сауын сиыр­ларды Еуропа елдерінен әкелген. Сиыр­лардың бұл тұқымы сүтті бағытта бол­ған­дықтан тәулігіне орташа есеппен 24 литр сүт сауылады. Инвестициялық жо­ба­лардың бірі – «Корно-1» ӨК-і биыл отандық асыл тұқымды сүтті-етті бағыт­тағы 50 ірі қара мал сатып алған. Өнді­ріл­ген сүт қала аумағындағы қайта өң­деу цехтарына өткізілуде. Алдағы уа­қыт­та қуаттылығын кеңейтіп, қосымша қоражай құрылысын жүргізіп, мал басын көбейтпек. Шаруашылыққа «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, биыл сәуірде мемлекет тарапынан 9,8 млн теңге қолдау көрсетілген. Бүгінде сүт өндіру бағытын ұлғайту мақсатында «Эгам­на­заров» ЖК Еуропа елдерінен 138 бас асыл тұқымды ірі қараның ұрғашысын сатып алды. Жартысынан көбі төлдеген шаруашылықтағы мал басы бүгінде 173 басқа жетті. Өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-ына өткізілуде. Мемлекеттік қол­дауды тиімді пайдалану арқылы шаруа­шы­лықтың сүт өндірудегі жылдық қуат­ты­лығы 500-ден 900 тоннаға жетті. Алда­ғы уақытта аталған шаруашылық қоражай құры­лысын жаңартып, сүтті бағытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Ал «Зертас» шаруа қожалығы асыл тұқымды сүт ба­ғытындағы фермасын ұлғайтып, ірі қара санын 128-ден 342-ге жеткізген. Оның ішін­де сүтті бағыттағы сиыр саны – 161. Мұнда жылына өндірілетін сүттің көлемі 1 мың тоннадан асады. Жалпы аумағы 2,2 гектар болатын шаруа қожалығында заманауи сауу қондырғысы, инновациялық теxнологиялар және сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Бұдан бөлек шаруашылық мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауылшаруашылық техникаларымен қамтылған. Шаруа қожа­лы­ғының ертеңге жоспарлаған істері ауқымды, яғни сүт өнімін көбейтуді және халықты табиғи әрі сапалы сүтпен қам­тамасыз етуді мақсат етуде. Арна­йы бағдарламаға сәйкес жыл басынан бе­рі өндірілген сүтке 5 241 300 теңге мем­ле­кеттік қолдау көрсетілген. Сондай-ақ Шымкентте ет өнімдеріне деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-тең­дігін қалыптастыру мақсатында 7 мал бордақылау алаңы ашылды. Мұнда жалпы 3 400 ірі қара бордақыланады. Бұл жобаларға 2,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жеті айда 9,8 мың тонна ет өндірілсе, жыл соңына дейін 14,6 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Жалпы Шымкент қаласында 7 айда ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3 пайызға артып, 21,6 млрд теңге болып отыр. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 4,1 млрд теңгенің, мал шаруашылығында 17,1 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ақпара­ты бойынша, жалпы өнім көлемінің өсі­мі негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,2%-ға, оның ішінде тірі салмақтағы ет 3,2%-ға және сүт 2,6%-ға арту есебінен болған.

Тәуелсіздік табыстары

Тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашы­лы­ғы саласы да қарқынды дамыды. Оған қаланың республикадағы үшін­ші мегаполис статусын алуы да септі­гін ти­гізгенін айта кетелік. Қалаға қосыл­­ған елді мекендер есебінен ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер көлемі өсті. Рес­­публикалық қазы­на­дан бөлі­не­тін қар­жы көлемі де артты. Қомақты қа­ра­жат әлеуметтік мәселелермен бірге агро­өн­ді­ріс­тік кешенге қатысты мәсе­ле­лер­ді шешуге бағытталды. Мысалы, суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында соңғы жылдары қалада ескірген ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, арық-атыздар, каналдар ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілді. Осындай оң өзгерістер саланың дамуына ықпал етті. Басқарманың берген мәліметіне сәйкес, ірі қара ширек ға­сыр­дан астам уақыт ішінде 11 мыңнан 76,2 мыңға көбейген, яғни өсім 6,9 есе болып отыр. Тоқсаныншы жылдардың басында қалада 34,6 мың қой мен ешкі болса, бүгінде оның саны 91,5 мыңға жеткен. Уақ мал 2,6 есеге өскен. Шаруалардың қолында қазір 14,1 мың жылқы бар. Оның саны осыдан он жыл бұрын 1 400 болатын. Құс шаруашылығы қолға алына бастаған 1997 жылы 24 мың құс болса, қазір оның саны млн-нан асты. Яғни құс саны 47 есеге артқан. Тәуелсіздік кезеңінде ет өндірісі 30 есеге, ал сүт өндірісі 1991 жылы 2,1 мың тоннадан 47,2 мың тоннаға өскен. Жұ­мыртқа өндірісі 161,9 млн данаға ұл­ға­йып, 23 жыл ішінде 70 есеге артып отыр.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков өнімді терең өңдеу саласына және өндірістік жылыжайлар бағытына басымдық берілгенін айтады. Мысалы, қаладағы Karlskrona FD IC ЖШС зауытында көкөніс-бақша дақылдарының көшеттерін өңделген және ашық то­­пы­рақ­қа отырғызу бойынша аспалы екі қа­тар­лы көшет отырғызу машинасының конструкциясын енгізу және көбейту жо­басы іске асырылуда. Онда отандық «рпм-2kz» үлгісі қолданылып жатыр. Басқарманың мәліметіне сәйкес, «рпм-2kz» шағын сериялы өндірісі көкөніс-бақша кластерінің егіс егу және отырғызу бойынша ауылшаруашылық машиналарына сұранысты арттыруға, импорттауды алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жалдамалы жұмысшылар саны мен уақыт қысқарып, шығын көлемі азаятын болады. Көкөніс шаруашылығында көшет отырғызу машинасын енгізу және дамыту нәтижесінде көкөніс-бақша шар­уа­шылығында еңбек өнімділігі 2,5-3 есеге артады. Егіс алаңы екі есе ұлғайып, 4-5 мың гектарға жетеді деп күтілуде. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын жетекші салаға айналдыру керектігі жайлы тапсырма берді. Осыған байланысты бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы бағытындағы жұмыстар Жолдаудағы тапсырмаларды орындау мақсатында іске асырылуда. Сонымен қатар қалада екі бірдей агро-индустриалды аймақты іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның біріншісі көліктік-логистикалық орталық маңындағы 136 гектар аумақтағы заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені. Оны салуға арнайы жер бөлініп, І кезеңде жалпы құны 9,4 млрд теңге болатын 30 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенін салуға ниетті 8 инвесторға жер 12 жылға жалға берілді. Кешен құрылысының жұ­мы­сы биыл аяқталып, 450 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал ІІ кезеңде жалпы құны 21 млрд теңге болатын 20 жоба жүзеге асырылып, 60 гектарға жылыжай салынады. Екінші агро-индустриалды аймақ Қайнарбұлақ тұрғын алабы аумағында орналасқан. Онда ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделеді. Бұл кешен «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы деп аталады. Оны құру жұмыстары мемлекет тарапынан қолға алынуда. Келешекте онда 22 млрд теңгеге 21 жоба іске асырылады. Және 1,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Биыл І кезеңге сәйкес жалпы құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 6 жоба қолға алынбақ. Соның нәтижесінде 14,6 мың тонна ет, 47,4 мың тонна сүт, 165 млн дана жұмыртқа өндірісіне қол жеткіземіз. Ал егін шаруашылығы бо­­­йынша 70 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, жалпы өнім көлемі 37 млрд теңгені құрайтын болады», дейді басқарма басшысы.

Қаладағы агросаланың дамуы сауда нарығындағы белсенділіктің артуына оң әсерін тигізуде. Мысалы, Шымкент қаласында 1991 жылы бөлшек саудадағы тауар ай­налымының жалпы көлемі 2,3 млрд теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 414,6 млрд теңгеге жеткен. Бұдан бөлек кө­терме сауда айналымының жалпы көле­мі 1995 жылы 266,6 млрд теңге болса, өткен жылы ол 893,1 млрд теңгеге дейін өскен.

 

Күн тәртібінен түспеген мәселе

Қала халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келген және тұрғындардың орташа жасы 28-ді құрап отыр. Бұл дерек әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тәуелсіз Қазақ­стан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шымкент қаласының басты жетістіктері» тақы­рыбында өткен дөңгелек үстелде кел­тірілді.

Басқосуда сөз алған қала әкімінің бі­рінші орынбасары Шыңғыс Мұқан соң­ғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құ­рылыстағы тарихи серпілісінің, әртарап­тан­дырылған нарықтық экономиканы құруда үшінші мегаполистің алар орны ерекше екенін жеткізді. «Егемендік ал­ға­лы елімізде көптеген ауқымды жобалар атқарылып, соның жемісін көріп келеміз. Осы жетістіктердің ішінде Шым­кент қаласы мен жұртшылығының ала­ты­н үлесі едәуір. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Бұл ретте биыл бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 175 іс-шара өткізілді. Оның ішінде республикалық 74 ауқымды іс-шараға 45 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табатыны сөзсіз», деді Ш.Мұқан.

Дөңгелек үстел барысында қатысу­шы­лар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қалада атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді талқылады. Мысалы, қала тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі жылдар бойы басты міндет ретінде аталып, күн тәртібінен түскен емес. Яғни басты назардағы мәселе. Жұмыспен қамтуда алғашқы жылдардағы қиындық та жұрт жадында, 1990 жылдардағы елдегі экономикалық дағдарыс Шымкенттің де өндіріс орындарын тұралатқаны мә­лім. Жаппай өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық жайлап, халықтың күнкөрісі нашарлады. Ең қиын кезеңде халыққа кәсіппен айналысып, нәпақа табу тығырықтан шығатын жалғыз жол болды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Шым­кент қаласында жұмыссыздық мәсе­лесін шешуде мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Деректерге жүгінсек, 2011 жылы қалада 1 941 азаматқа жұмыс ұсынылған, ал 2020 жылы 39 623 азамат жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш 20,4 есеге көбейді. Жыл басынан бері қалада 16 768 адам мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, жұмыс тапқан. Сондай-ақ 2013 жылы 60 тұрақты жұмыс орны құрылса, биыл қаңтар айынан бүгінге дейін 3 599 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, 60 есеге көбейген.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, шағын несие беру арқылы ауыл және қала тұрғындарын өзін-өзі жұмыспен қамтуға ынталандыру мақсатындағы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы да оң ықпал етуде. Қалалық халықты жұ­мыспен қамту орталығы мамандарының мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам әлеуметтік шаралармен қамтылып, 5 177 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 2 мыңға жуық түлек жастар тәжірибесі бойынша, 2 832 адам қоғамдық жұмысқа жолдама алған. Ал 260 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарынан нәпақа табуда. Шаруасын дөңгелеткісі келген 41 шымкенттік шағын несие, 584 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 900 азамат оқуға жолданды. Аталған бағдарлама аясында былтыр 4 828 адам қайтарымсыз грант алған. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын жобаға 2 820 адамға жолдама берілді. Мемлекеттік қолдау шаралары биыл да қарқынды жалғасын тапты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға биыл 2 500 шымкенттікті бағыттау жоспарланған. Ол – арнайы білімі жоқ немесе біліктілігін жоғалтқан жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Осы орайда 30-дан астам мамандық тізбесі бекітілді. Олардың қатарында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және тағы басқалар бар. Оқуға тартылғандарға ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді. Мегаполис халқының 239 мыңнан астамы – жастар. Бұл орайда қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы бүгінде мыңнан астам бағдарлама қатысушысына жолдама берілген. Жыл соңына дейін 2 500 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл үшін тілек білдіруші enbek.kz порталында электронды цифрлы қолтаңба арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайындағы жұмыспен қамту орта­лығына бара алады. «Кейбір жастар диплом алған соң мамандығы бойынша жұмыс таппай, уақыт жоғалтады. Жұмыс тәжірибесін жинау үшін мемлекет 6 айлық «Жастар тәжірибесін» ұйымдастырады. Бұл бағдарлама мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітір­геніне 3 жыл толған және 29 жастан аспа­ған жұмыссыз түлектерге арналған. Биылғы жалақы мөлшері 25 айлық есеп­тік көрсеткіш шамасында. Бұл – 72 мың теңге», дейді қалалық жұмыспен қам­ту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаев.

Сондай-ақ Шымкентте жуырда «Ал­ғашқы жұмыс орны» жобасы бастау алды. Жоба шартына сәйкес жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жоғарғы оқу орны немесе колледж түлегін 2 жылға жұмысқа орналастыру туралы шарт жасасады. Экологиялық үстемеақы төлемін қоспағанда жергілікті бюджеттен субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке тең. Жұмыс беруші жұмыс көлемі мен күрделілігіне қарай қажетінше өз қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгілейді. Еңбек­ақы­ның алғашқы біржылдық бөлігін мемлекет субсидиялайды. Қазіргі таңда 50-ге жуық жас бағдарлама аясында қала аумағындағы мекемелер мен кәсіпо­рын­дарда жұмысқа орналастырылды. Жалпы «Еңбек» бағдарламасы төрт жылда ел игілігіне айналып үлгерді. Шым­кент қаласы бойынша жұмыс күші – 435,1 мың адам. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны – 412,9 мың. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша 2 500 адамды оқыту қарастырылады. Оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 8 мамандық бойынша 600 адам, еңбек нарығының сұранысына сәйкес 24 мамандық бойынша 1 900 адам бекітіліп, 3 ай мерзімге оқуға жолдануда. Бағдарлама шеңберінде арнайы курстарда оқып, 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп кәсіп ашқандар аз емес. Бір ғана мысал, биыл мемлекеттік грантқа қол жеткізген қала тұрғынының бірі – Севдиор Ихтиярұлы қалалық халықты жұмыспен қамту ор­та­лығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолдама алған. Оқу аяқталысымен, қолындағы сертификатымен биыл мемлекеттік грантқа өтінім беріп, «құймалы балмұздақ» ісі бойынша бизнес жоспарын әзірледі. Нәтижесінде, комиссия жобасын мақұлдаған ол 583 400 теңгелік грантқа қол жеткізіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бүгінде күніне 200-ден астам дана балмұздақ сатып, ісін дөңгелетіп отыр. Жалпы «Бастау бизнес» курсын бітіргендерге қолдау жеткілікті. Оларға негізінен үш бағытта – өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, агроөнеркәсіп кешені бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылуда. «Бастау бизнес­­­те» оқыған кәсіпкерлерге кіші индустриалды аймақтан орындар ұсынылуда. Басты артықшылықтары – дайын сауда орындары, жеңілдік шарттарымен жалға алу және инфрақұрылымның қолжетімділігі. Сондай-ақ өңірлік брендтерді дамыту аясында франшиза жобаларының тиімділігін арттыру көзделуде. Онда кәсіпті толық сүйемелдеу мүмкіндігі бар.

Айта кетелік, былтыр 4 828 адам мемлекеттік грант алды. Оның ішінде 407-сі көпбалалы отбасы мүшелеріне, 2 122-сі аз қамтамасыз етілген отбасыларға, 29-ы мүгедек азаматтарға, 1 075-сі жастарға және 1 195-і өзге санаттағыларға берілген. Биыл 600 азамат грантқа қол жеткізіп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруда.