– Өңірдегі кадр тапшылығын шешу үшін облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранттары бөлініп отыр. Биыл конкурсқа қатысуға 186 талапкер өтініш берді. Енді 52 түлек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде, екеуі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алады. Ал сегіз өрен «Нұр-Мүбарак» университетіне, 86 жас Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне оқуға түсті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде екі жас жоғары білім алады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.
Оның айтуынша, биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен білім сапасы 57,3%-ды құрап отыр. Өкінішке қарай, функционалдық сауаттылыққа байланысты халықаралық зерттеулер (PISA) бойынша оқушылар республикадағы төмен көрсеткішке ие болған.
– Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасының бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе жүзеге асырылуда. Жол картасы аясында 50 мектептің жұмысы зерделенді. Кешенді зерттеу нәтижесінде мектептердегі проблемалар толықтай анықталды, – дейді С.Есенғалиев.
Қазір 413 педагогтің жетіспеушілігі туындап отыр. Орыс сыныптары және орыс топтарына 331 маман қажет. Математика, орыс сыныптарына дәріс беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сұраныс артқан. Бастауыш сыныптарының өзіне 100-ге жуық педагогтің орны бос тұр. Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Аманбай Хұсыновтың мәліметінше, қазақ сыныбына 58, орыс сыныбына 28 мұғалімге сұраныс берілген. Биыл М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген 19 жас маман мектептерге жұмысқа орналасқан.
Тағы да дерекке жүгінер болсақ, өңірде төрт мектеп апаттық жағдайда тұр. Ал 11 мектеп сабақ үш ауысыммен оқытады. Бұл мәселені оң шешу үшін биыл 11 мектеп пайдалануға берілген. Енді 15 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Енді алты мектептің құрылысы басталады. Ерекше білімді қажет ететін 6 653 бала бар. Олардың қатарластарынан қалмай білім алуы үшін 159 мектепте қолайлы жағдай жасалыпты. Жалпы, өңірде 14 мың мұғалім дәріс беретін 197 мектепте 143 мыңнан астам оқушы сабаққа барады. Оның ішінде мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын 14 241 бала бар.
– Мектеп мұғалімдері толық вакцина алды. Барлық мектепке дезинфекциялық құралдар сатып алынды. Оқулықтарды сатып алуға 1 млрд 667 мың теңге қаржы бөлінді. Келісімшартқа сәйкес оқулықтарды 15 баспа жеткізіп береді, – дейді басқарма басшысы.
Атырау облысы