Қостанай облысында ірі қараның асыл тұқымды әулиекөл және қазақтың ақ бас сиыры деген екі түрі бар. Олар жергілікті жердің ыстық-суығына, суы мен шөбіне көндіккен, көрсеткіштері ешқандай ангустерден кем емес. Қазақтың ақ бас сиыры халқымыздың төл малы саналады, оның тұқымы асылдандырылған. Ал көп жылғы ғылыми селекциялық жұмыстардың нәтижесінде 1992 жылы сиырдың әулиекөл тұқымы бекітілген болатын.
Қостанай облысында ірі қараның асыл тұқымды әулиекөл және қазақтың ақ бас сиыры деген екі түрі бар. Олар жергілікті жердің ыстық-суығына, суы мен шөбіне көндіккен, көрсеткіштері ешқандай ангустерден кем емес. Қазақтың ақ бас сиыры халқымыздың төл малы саналады, оның тұқымы асылдандырылған. Ал көп жылғы ғылыми селекциялық жұмыстардың нәтижесінде 1992 жылы сиырдың әулиекөл тұқымы бекітілген болатын.
Тәулігіне 1000-1200 грамға дейін салмақ қосатын, 1,5-2 тоннаға дейін салмақ тартатын бұл түлік Қостанай өңірінің мақтанышы десе болғандай. Сонау 90-шы жылдары ірі қараның әулиекөл асыл тұқымының саны 12 мың басқа жетіп жығылған екен. Ауыл шаруашылығы нарық қиындығына кез келген кезде малдың саны 1300-ге дейін құлдыраған болатын. Дегенмен, соңғы жылдары мемлекеттік көмектің арқасында мал басы 3500-ге дейін көбейді. Өткен жылдың аяғында Әулиекөл ауданынан өтетін ұлы жолдың бойында әулиекөл бұқасына биіктігі 3 метр болатын ескерткіш орнатылды.
– Асыл тұқымды мал өсірудің барлық ережелері сақталады. Шаруашылықтағы 100-200 бұзауға жемшөпті өлшеп береміз. Бұзаулардың қай бұқаның төлі екені де мұқият тіркеліп отырады. Ол тұқымның жақсарғанын, әлде төмендегенін білу үшін қажет. Әулиекөл тұқымы жергілікті жердің табиғатына төзімді. Жеңіл төлдейді, соның арқасында көп шығын болмайды, – дейді осы аудандағы «Москалев» асыл тұқымды мал зауытының директоры Зейнолла Жаңбыршинов.
Бүгінде шаруашылықта бағымда тұрған 160 қашар сәуір айында бұзаулайды. Мұндағы түлік мал тұқымын асылдандыру үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шағын шаруашылықтарға, шаруаларға сатылады. Өткен жылы әрқайсысы 392 мың теңгеге бағаланып, 300 бас мал сатылған. Алайда, шаруашылық шығынын өтеу үшін бұл аздық ететін көрінеді. Асыл тұқымды малды шаруашылық көп мөлшерде сата бере алмайды. Себебі, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруалар ең көп дегенде оншақты басқа дейін ала алады. Нарық жағдайында уақтылы өтпеген тауар кімге де болсын шығын әкелері белгілі. Асыл тұқымды малды кейде шаруашылық амалсыз етке өткізеді. Ондай жағдайда малдың құны 390 мыңнан 120 мыңға дейін төмендейді. Әрине, бұл шаруашылыққа тек зиян әкеледі. Мемлекеттік субсидия ғана шаруашылықтың кем-кетігін түгендеп тұр.
Әулиекөл ауданы орталығына бұрылар жерде орнатылған әулиекөл асыл тұқымды малдың мүсіні, алдымен сол малды өсіріп отырған адам еңбегіне құрмет екені сөзсіз. Сонымен қатар, ұлы жолдың бойынан өткендер осы ауданда асыл тұқымды мал өсірілетіні туралы білсін деген ойды да ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаның келісті мүсіні айтып тұрғандай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы.