Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 3 газ жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Бірінші жоба – Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр шикі газды қайта өңдеу қуаты бар газ өңдеу зауытын салу. Қазіргі уақытта алаңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру 2041 жылға дейінгі кезеңде қосымша 10 млн тонна мұнай өндіруге, сондай-ақ жылына 800 млн текше метрге дейін тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар, бүгінгі таңда «Мақат – Солтүстік Кавказ» және «Окарем-Бейнеу» магистральдық газ құбырлары Қазақстанның батыс өңірлеріндегі тұтынушыларды газбен жабдықтауды қамтамасыз етуде. Бұл газ құбырлары кеңес заманында бір желілік бағытта салынған, өзінің пайдалану ресурсын өтеп болды және диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша олардың көптеген ақаулары бар. Осыған байланысты энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірлердің газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігі үшін газдың қосымша көлемін тасымалдау мақсатында «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін және «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу жоспарлануда. Жалпы, қазіргі уақытта барлық 3 газ жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді және іске асырудың практикалық бөлігі, оның ішінде жоғарыда көрсетілген жобаларды қаржыландыруға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді министр.