Қоғам • 03 Қыркүйек, 2021

Жеті айдағы жемқорлық

433 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, пандемия кезінде екпеге қатысты жемқорлық денсаулық сақтау саласында көбейіп кетті. Мысалы, Кентау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы кәсіпкерлерден Ashyq қосымшасын енгізу үшін оң санитарлық-эпидемиялық қорытынды берген және сол үшін 100 мыңнан 120 мың теңгеге дейін пара алған деген күдікке ілінді.

Жеті айдағы жемқорлық

Түркістан қалалық Полиция басқармасының оқшау­лағы­шына қамалған күдіктіге қатыс­ты түпкілікті үкімді оның кінәсі­нің дәрежесін анықтай отырып, сот шығарады.

Дегенмен Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық әрекетіне көбінесе тұрғын үй қатынасы саласының мамандары барады екен.

«Биыл 7 айдың ішінде облыста 57 жемқорлық қылмыс тіркелді. Олардың ішінде 21 парақорлық, 4 алаяқтық және 18 жымқыру әрекеті бар. Облыста сыбайлас жемқорлық әрекеті­нен көш бастап тұрған сала – тұрғын үй қатынасы. Ол бойынша 12 қылмыс, екінші орында полиция органдары – 9, одан әрі білім саласы – 8, әлеумет­тік қызмет – 7, жер қатынас­тары – 6 және құрылыс саласында 5 қылмыс тіркеліп отыр. Әрине, барлық жемқорлық әрекеттер бойынша соталды тергеу жұмыстары жүріп, әр істің ақ-қарасы қаралды. Соны­мен қатар жемқорлық әрекет орын алған ұжыммен түсін­ді­ру жұмысы өткізіледі. Ондағы мақсат – сыбайлас жемқор­лық әрекетін ендігі уақытта бол­дырмау», дейді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бо­йынша департаментінің бас­шысы Хәкім Көшқалиев.

Жемқорлықтың алдын алу мақ­сатында халық арасын­да түсіндіру жұмыстары жиі ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері департамент бас­шысы 43 азаматты түрлі сұрақ­тар бойынша қабылдаған. «Биылдың 7 айында мыңнан аса түрлі арыз-шағым келіп түсті. Күніне азаматтардан 6-7 шағым түсіп жатады. Әрине, өз кезегімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасына сай, тиісті жауапты шұғыл түрде беруге тырысамыз», дейді департамент басшысы.

Биыл жыл басынан бері 870 мыңнан астам адамды қамтыған 675 сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу шарасы ұйымдастырылған. Сонымен қатар 264 кездесу өткізіліп, 333 тікелей эфирден жемқорлық мәселесі талқыланған. Сол сияқты парақорлықтан аулақ болуға шақыратын 9 бейнеролик түсіріліп, насихатталған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда өңір азаматтары да белсенді. Мысалы, парақорлық әрекет туралы хабарлаған 8 тұл­ғаға 1,5 млн теңгенің сый­ақы­сы берілген. Сонымен қа­тар Call орталығына 71 адам хабарласыпты. Белсенді азамат­тардың хабары мен департамент қызметкерлерінің жедел әре­кетінің нәтижесінде 3 аза­маттың үстінен заңсыз әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалып, 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол берген түркістандық 17 мемлекеттік қызметші сотталған. «Биыл облыста сыбайлас жемқорлық әрекетіне барған 19 азаматқа қатысты 16 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Одан бөлек біз 70 қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдадық. Сонымен қатар жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлық әрекетін жасаған 22 адам сотталды. Оның 17-і мемлекеттік қызметші, қалған 5-уі құқық қорғау органы қызметкерлері. Биыл облыс бойынша 6 тұлға қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық әрекетіне барғаны үшін жауапқа тартылды», дейді Х.Көшқалиев. Бүгінде өңірде кәсіпкерлер мен инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан 100% қор­ғауды қамтамасыз ету мақ­сатында Protecting Business and Invesments жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Жоба аясында жалпы сомасы 665 млрд 565 млн теңге болатын 70 ірі инвестор мен кәсіпкерлер департамент тарапынан сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы сүйемелдеуге алын­­ған. Бизнесті қорғау шеңберін­­де кәсіптік субъект өкілдері­нен күні бүгінге дейін 70 шағым мен өтініш келіп түскен. Олар толық қанағаттандырылып, заңды құқықтары қалпына келтіріліпті.

Сондай-ақ департамент басшысы мемлекеттік орган­дар лауазымды тұлға­лары­ның шағын және орта кәсіп­керлік бизнесіне заңсыз араласу әрекеттерінің 11 дерегі анық­талғанын мәлім етті. Лауа­зымды адамдардың кәсiп­кер­лiк қызметке заңсыз араласуы бойынша 2 әкімшілік құ­қық бұзушылық ісі тіркеліп, бөлім басшыларына 100 АЕК көле­мінде айыппұл салын­ған. Ал «Мемлекеттік са­тып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізілген мони­торингтік жұмыстардың нәтижесінде, биылдың 7 айында 506 679 999 теңге үнемделген.

 

Түркістан облысы