25 Қаңтар, 2014

Ұлт тағдырынан туған туындылар

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 8 кітапты жарыққа шығарды

Біз осыған дейін де шетелдердегі қандастарымыздың шекара асып келген шығармалары атажұртта кезегімен кітап болып басылып жүргендігі туралы талай қалам тербегенбіз. Бұл күнде барша қазақтың басын бір жерге тоғыстыруда тынбай тірлік атқарып келе жатқан қауымдастықтың кітапханасы қомақтыланып келеді.

DSC 5138

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 8 кітапты жарыққа шығарды

Біз осыған дейін де шетелдердегі қандастарымыздың шекара асып келген шығармалары атажұртта кезегімен кітап болып басылып жүргендігі туралы талай қалам тербегенбіз. Бұл күнде барша қазақтың басын бір жерге тоғыстыруда тынбай тірлік атқарып келе жатқан қауымдастықтың кітапханасы қомақтыланып келеді.

DSC 5138

Сонымен сәрсенбінің сәтінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тұсауын кескен туындылар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр. «Атажұрт» баспа орталығынан жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесер рәсіміне кітап авторлары мен елдегі зиялы қауымның көрнекті өкілдері қатысып, біткен іске баяндылық тілеп, пікірлерін ортаға салды.

Жыл сайын жүзеге асырылатын дәстүрлі шарада алыс-жақын шетелдердегі қазақтардың поэзия, проза жанрындағы көркем шығармалары мен әр елдегі қазақтардың тарихы туралы ғылыми-танымдық сипаттағы тарихи зерттеулер шығарылады. Биыл да қауымдастық бұл игі дәстүрден жаңылмай, «Шетелдегі қазақтар» сериясымен Қытай мен Моңғолия қазақтарының әдеби жинақтарын және Моңғолия мен Ресей қазақтары туралы жаңа кітаптарды жарыққа шығарып отыр.

Бұл шығармалардың бірқатары қалың қазақ назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Шетелдегі қазақтар арасында есімдері біршама әйгілі бұл азаматтардың кейбірі өздері тұрып жатқан мемлекеттердің құзырлы органдары тарапынан мойындалып, шығармалары білім беру бағдарламаларындағы оқулықтарға да енгізілген көрінеді. Соның бірі – Қаусылхан Қозыбайұлы. Әртүрлі жанрда қалам тербеген оның «Ісләмнің құрдасы» атты әңгімесі және «Шағылған төсек» атты пьесасы Қытайдағы қазақ мектептерінің әдебиет пәні оқулықтарына кірген. Қаламгердің таңдамалы шығармалар жинағы Меллат Рәметтің құрастыруымен шығарылып отыр. Онда жоғарыда аталған 2 туындысынан бөлек, «Жаңа жайлау» повесі мен 6 әңгімесі, 1 пьесасы және 30-ға жуық өлеңдері топтастырылған. Ал Ботагөз Уатқанның «Атажұртқа жеткен көш» кітабында ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Моңғолияда атажұртқа бет алған алғашқы көш сөз болады. Жалпы, 20 жылдан астам уақыттың ішінде бұл елден 100 мыңдай қазақ елге оралған болатын.

Бұдан бөлек Арғынбай Жұмажанұлының «Балапан қаз», Арғынбек Апашбайұлының «Жыр-ғұмыр» өлеңдер жинақтары, Абданбай Бажаевтың «Күн өз кеудеңнен туады» және Өнерхан Өгізбайұлының «Тағдыр талқысында» повестер мен әңгімелер жинақтары шығып отыр. Сондай-ақ, Моңғол қазақтарының азапқа толы көші туралы Сұлтан Тәукейдің «Арыстардың арманы» деректі романы мен Серікқали Байменшенің Ресей қазақтары туралы «Дәнекер» эссе-әңгімелер кітабы бар.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар