Биыл ауа райының ерекшелігіне байланысты, облыс судан біраз таршылық көрді. Жаз мезгілінде де мұнда жаңбыр жаумай, аймақта аптап ыстық болды. Бұл да суармалы алқаптардың қуаңшылыққа ұшырауына алып келді. Сондай-ақ, диқандардың да жұмысына кедергі келтірді. Ал біз айыр қалпақты ағайындардан келеді деп күтіп жүрген судың биыл да қарқыны бәсең. Себебі «Киров» су қоймасындағы жиналған су қоры ауыз толтырып айтарлықтай емес. Ол жақта судың жағдайы жақсы болмаса, бізде де ахуал ойдағыдай болмайды.
Жалпы, Жамбыл – ауыл шаруашылығына қолайлы өңірдің бірі. Аймақта шаруалар қара жердің мүмкіндігін мейлінше пайдаланып отыр. Егін салып, бау-бақша егетіндері де, түрлі өнім түрлерін өсірумен айналысатындары да бар. Бірақ бар мәселе тағы да суға келіп тіреледі. Шаруаңды шалқытып, тірлігіңді тіктеу үшін де су керек. Ал қырғыздардан келетін су болмаса, мұндағы елдің жағдайы тағы қиындай түседі. Қазіргі кезде облыста мәселені шешу үшін арнайы кесте құрып, бар суды мейлінше үнемдеп әрі кезекпен пайдалану керектігі де айтылуда. Сол сияқты, облыс аумағындағы жерасты суларын да зерделеп, оны кәдеге жарату мәселесі күн тәртібінде тұр. Зерделеу нәтижесінде, өңірде 1 млрд 715 мың текше метр жерасты суының бар екені анықталған.
Алайда жерасты суы анықталғанымен, оны пайдалану жағы сол күйі қалып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, аймақта 106 су қоймасы бар. Олардың жобалық сыйымдылығы 132 млн 447 мың текше метрді құрайды. Сондай-ақ өңірде 773 каналға 207,8 мың гектар алқап бекітілген. Алайда 306 канал қазіргі таңда жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар бүгінде облыста 392 млн текше метр су жетіспейтіні белгілі болып отыр. «Жетіспейтін су көлемін облысымызда орналасқан ішкі су көздері арқылы қамту жоспарлануда. Олардың 8,2 мың гектар алқапқа бекітілген 106 кіші су қоймалары бар. Бұл ретте кіші су қоймалары есебінен 64,9 млн текше метр сумен қамту көзделуде. Нәтижесінде, ішкі су көздерін пайдалану арқылы жетіспейтін 392 млн текше метр су көлемі 327 млн текше метрге дейін төмендемек. Жоғарыдағы су көздерімен қажетті су көлемінің 3,8 пайызын қамтитын болады. Бұдан бөлек, салынып жатқан жаңа су қоймалары есебінен де қажетті сумен қамту жоспарлануда», дейді басқарма басшысы.
Жалпы алғанда, өңірде тәулігіне қайта қалпына келетін 4 млн 464,49 мың текше метрді құрайтын су қоры бар. Бұл ретте 120 күндік вегетациялық кезеңде 535 млн текше метрді құрайтын су көлемімен қамтуға болады. Осы орайда аймақтағы жерүсті су тапшылығы бар аудандар жерасты суының мүмкіндігін толығымен пайдалануы қажет екені сезілуде.
«Облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында 1706 ұңғыма бар. Оның ішінде 1 458 ұңғыма мал шаруашылығы, 248 ұңғыма егін шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Ағымдағы жылы жалпы 146 ұңғымаға зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жерасты ұңғымалары есебінен қажетті су көлемінің 16,4 пайызын қамтиды. Нәтижесінде, жетіспейтін 275 млн текше метр су көлемін толығымен жерасты қорлары арқылы қамтамасыз ету ұсынылады», дейді Қайрат Аманов.
Бұл мәліметтерге қарап, жерасты суларын толық пайдалану арқылы өңірдегі күрделі мәселені шешуге болатынын көреміз. Алайда жерасты түгілі, жердің үстіндегі сулардың өзі толық кәдеге асып жатқан жоқ. Мәселен, облыста бүгінде иесіз 53 канал бар. Бірақ бұл каналдарды аудан әкімдіктерінің теңгеріміне «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы бермей отыр екен. Іске аспай тұрған каналдар осылайша қаңтарылған қалпы тұр. Ал «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, бұл мақсаттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Енді бұл жұмыс аяқтала ма, жоқ па, ол жағы тағы да белгісіз.
Өңірдегі суармалы жердегі су мәселесін шешу үшін тау өзендерін және бұлақ суларын да пайдалану маңызды. Дегенмен, оны пайдалану үшін 30 су қоймасы мен салынатын 8 кіші тоған анықталыпты. Мұның бәрі де қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Сондай-ақ қазіргі таңда аймақтағы 92 су қоймасы толық пайдалануда болса, 14 су қоймасы пайдаланылмай тұр. Облыстағы су қоймаларының, каналдардың тозығының жетуі де мұндағы су мәселесін одан әрі күрделендіре түсуде.
Ал «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің директоры Айдар Асамбеков өңірде 52 бұлақ бар екенін жеткізді. «Оның ішінде 4 бұлақ Қордай ауданының асуында болса, Шу ауданында 4 бұлақ бар. Қалған аудандарда да бұлақтар орналасқан. Бұл бұлақтар секундына 5-7 литрге дейін су береді. Бұлақтардың жанында отырған шаруалар пайдалануда», дейді ол.
Жалпы алғанда, Жамбыл жері қуаңшылық жайлаған құрғақ жер емес. Аймақта шаруалар егін салып, өзге де жұмыстарды атқарғанымен қоса, кейбір азаматтар табиғи өзен-көлдер мен су қоймаларында балық та өсіруде. Жердің үстіндегі және жердің астындағы ен байлықты көзін тауып пайдалану келер күннің еншісіндегі нәрсе. Ол үшін миллиардтаған қаражат керек. Дегенмен зерттеу нәтижесінен білгеніміздей, жерасты суларын толық пайдаланған жағдайда өңірдегі су мәселесі шешімін табады.
Бұл күнде күрделі мәселені шешу үшін облыс әкімдігі мен тиісті ғылыми орталықтар бірлесіп жұмыс атқаруда. Мәселен, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Нұрлан Балғабаевтың айтуынша, мекеме өңірдегі 26 ұңғыманы зерттеген. Нәтижесінде, аталған институт 10 ұңғыманы қалпына келтіруге ұсыныс жасапты. Егер бұл ұңғымалар жөнделетін болса, бірқатар жерді суаруға болады екен. Жаңбырдың жауғанына да, Қырғызстан тарапына да қарап отыра бермей, қолда бар байлықты тиімді пайдалану керектігін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та айтып отыр. Сондықтан да аймақтағы жерүсті және жерасты суларын толық пайдаланудың қажеттігі туындап тұр. Сонда ғана облыс қырғыз еліне суға тәуелділіктен құтылып, өзінің бар мүмкіндігін жан-жақты көрсететін болады.
Жамбыл облысы