Бағдарламалар • 06 Қыркүйек, 2021

Аграрлық салада ауқымды мәселе көп

2177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – мемлекет алдында тұрған маңызды мәселенің бірі. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығын тол­ған­дырып отырған көкейкесті жайттар салаға барынша кәсіби түрде назар аударуды қажет етеді. Парламентаризм институтының ұйымдастыруымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткен агроөнеркәсіптік кешеніндегі проблемалық мәселелерге арналған дөңгелек үстелде ауыл шаруашылығына қатысты заң­на­малық құжаттарды жетілдірумен қатар орын алған мәселелерді мем­лекеттік деңгейде шешудің қадамдары жан-жақты талқыланды.

Аграрлық салада  ауқымды мәселе көп

Дөңгелек үстел жұмысына Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы, Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нис­трлігі, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының, БҰҰ ДБ-ның, Дүние­жүзілік банктің, жоғары оқу орын­дары мен ғылыми-зерттеу меке­мелерінің және басқа да қоғам­дық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараны Парламентаризм инс­ти­тутының директоры Ман­сұр­хан Махамбетов ашып, қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құт­тық­тай келіп, агроөнеркәсіптік кешен­нің экономиканың ма­ңыз­ды секторларының бірі ре­тін­­дегі маңызына тоқталды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров бұл іс-шараның өндірістік кешені үшін аса қажеттілігін атап өтті.

Жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Б.Оспанов, Парламент Мәжілісінің де­путаты, Аграрлық мәселелер жө­ніндегі комитетінің мүшесі Б.Сартбаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ бас­қарма төрағасы А.Прашев, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҰАҚ бас­қар­ма төрағасы Г.Исаева, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­вер­ситетінің профессоры, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы, Мал шаруашылығы және биоресурстар ғылыми-зерттеу тех­но­­логиялық институтының ди­рек­торы Б.Махатов, БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары С.Байшоланов, Д.Ли баяндама жасады.

Қазақ ауыл шаруашылығы ғы­лым­дары академиясының прези­ден­ті Ғ.Қалиев АӨК-тің өзекті мәселелерін шешуде жұмысты күшейту қажеттігін қозғаса, Аграр­лық ғылым мен білімнің даму мәсе­ле­лері туралы сөйлеген ҰАҒБО бас­қарма төрайымы Г.Исаева Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының атқарып отыр­ған жұмыстары мен АӨК еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған негізгі жобаларға тоқталып, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізуге және еліміздегі экстеншннің даму барысын сөз етті.

Жетекші аграрлық оқу орнының ректоры Тілектес Есполов ауыл шаруа­шы­­лығында қор­да­лан­ған күрделі мәсе­лелерді ғылыми тұрғыда ше­­­шу­дің жолдарын арқау етіп, уни­­­вер­ситеттегі ғылыми іс-тә­жі­ри­­бе­лер нәти­же­ле­рімен бө­ліс­ті, соны­мен қатар агро­өнер­кә­сіп­тік кешенінің алдындағы ке­ле­сі мін­дет­терге тоқталды. Яғни әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік өнім­де­­рімен өзін-өзі қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табы­сы­ның тұрақты өсуі, еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің экспортын екі есе арттыру қажеттігін атап өтті.

«Қазақстанда тәуелсіздік ал­ға­­лы бері 10 бағдарламалық құ­жат әзірленіп, олардың негі­зін­­де агроөнеркәсіптік кешен са­ла­сын­да­ғы мемлекеттік сая­сат жүзеге асырылуда. Алай­да қа­был­дан­ған заңдарға, бағ­дар­ла­ма­ларға және басқа құжаттарға қа­рамастан, бұл салада тиімді нәтижелерге қол жеткізу мүмкін бол­май тұр», деп атап өтті Т.Есполов.

Бүгінде салада көтерме-тара­ту орталықтарының қызметін рет­тей­тін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу уақыт күттірмейді. Ал аг­ро­­өнеркәсіптік кешен нысанда­ры­на несие берудің тиімділігін арттыру, кредиттеудің нысаналы бағыттарының пысықталмауы, олардың АӨК нысандарының бі­рін­ші кезектегі мұқтаждықтарға бағ­дарланбауы, іске асып жатқан жобаларға жергілікті атқару орган­да­ры тарапынан мониторингтің бәсеңдігі жиын қатысушыларын тол­ғандырған мәселелер қатарында айтылды.

Аграршыларды қазіргі кезеңде елі­міздің агроөнеркәсіптік ке­ше­­нін­де техникалық жарақ­тан­ды­ру­дың жеткіліксіздігі мен оны өндіріске енгізудің баяулығы, агротехноло­гия­лар трансфертінің шағын және орта шаруашылықтар үшін қол­же­тімсіздігі, жер, су, еңбек ресурс­та­рын тиімсіз пайдалану, пайдаланылатын суармалы жер­лер­дің 2,5 млн гектардан 1,1 млн гек­тарға дейін қысқарып кеткендігі алаң­датады. Салада қордаланған мәселелер сонымен бірге өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің тө­мен­дігі, инвестициялық тұрғыдан тар­тымсыздығы, мемлекеттік қол­дау­­дың аздығы, өнімдерді сақтау мен өткізудің тиімсіздігі, заманауи инновациялық технологиялардың қолжетімсіздігі сияқты жайттармен жалғасын таба береді. Осы орайда кеңеске қатысушылар сала­дағы маңызды мәселелерді ег­жей-тегжей көрсетіп, тиісті мем­­лекеттік органдарға ұсыныс әзір­­леп, Парламентаризм институ­ты мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасында меморандумға қол қойылды.

 

АЛМАТЫ