Десе де белуардан өсетін өлеңшөп биыл бәсең көрінді. Сақарамызға су тамызбаған биылғы қуаңшылық көшкен бұлт кідірмей өтпейтін таудың сай-саласына да әсер еткен сықылды. Әрине, таудың апайтөсін жып-жылмағай шауып алғанымен, қойын-қолатта шөп бар. Бірақ батыстағы түбекте малы жұтап жатқан ағайынға жіберу үшін бұл шөпті ору техника күшіне де, адам қолына да оңайға соқпайды. Жер аяғы да алыс.
Алғаш көргендер аузын ашып, көзін жұматын биік шыңға қабырғалай өрлеп, төмен құлдилайтын серпантиндегі жолдың тұсы тамаша. Қаныңды тасытатын қауіпті де қызықты нағыз тау жолы. Алтайдың асқарлары да осы арадан басталады. Бұл серпантинге соқпай өтетін соны соқпақ салынып жатқанына біраз болғанымен, әлі пайдалануға берілмеген екен. Көлік жүргізушілерімен әңгімелессеңіз, таудың екі шыңының арасын жалғайтын көпір құрылысының салынатынынан тіпті үміт күтпейтінін байқайсыз. Жол құрылысшыларының мимырт тірлігіне берілген әділ қорытынды. Расында, кең даладағы түзу жолды ширек ғасыр салатын шабандық пен таудың жақпар тастарын қопарып тірек орнатып, көпір салудың арасы жер мен көктей ғой...
Қош, Алтай ауданына енгенде оң жақта көкжиекпен астасып кететін Бұқтырма теңізі де, сол жағыңыздан мойнын иіп тағзым еткен сап-сары күнбағыс алқабы да әсте жолаушыны жалықтырмай асқар Алтайдың төріне ұзатып салады. Біз Катонқарағай ауданына жеткенде тау ішінде тез қоштасатын жарық күн жүзін жасырып, қою қараңғы түскен еді. Таулар түнде түнеріп, төбеңнен төніп, сұсты кейіпке енеді.
Қарағайдан қиып салған қонақ-үйдің шайыр иісіне балқып, ұйқымыз қанып-ақ қалған екен. Біз тоқтаған «Топқайың» шипажайы – Топқайың ауылының дәл іргесінде орналасқан. Желкесіндегі Бүркіт шыңы бұлтқа оранып бірде көрінсе, бірде көрінбейді. Бұл – қазақтың қара сөзінен маржан терген классик жазушы Қалихан Ысқақтың ауылы. Осы арада ілгеріде салынған «Екі дос» шипажайы да қанаттас тұр. Оның атауы кейін «Нұрбұлақ» болып өзгерген-ді. Біз келгенде Resort деген сәнді атауды тағы таңыпты. Аудан «Баян», «Жанат», «Маралды» сияқты басқа да панты шипажайлары қызмет көрсетеді. Жалпы, Катонқарағай ауданы еліміздегі туристік тартымды өңірлердің бірі екені белгілі. Төр Алтайға ең әуелі Мұзтауды, Рахман қайнарын көргісі келетін табиғатқа құштар туристер көп келеді. Сондай-ақ аңшылыққа әуес жандар да жиі ат басын бұрып тұрады. Өйткені тауда аюдан бастап, арқар, таутеке, ілбіс, ұлар сынды аң-құстар жетерлік. Кейбірі «Қызыл кітапқа» енген. Ал көпшілігінің түу алыстан іздеп келетін негізгі дүниесі – бұғы бұлауы. Себебі Алтайдың альпілік белдеуі – дәрілік шөптерге ерекше бай. Атап айтқанда, марал оты, алтын тамыр, жұпаршөп, киік оты, жалбыз, шайқурай, итмұрын, түймедақ, сасықшөп, андыз, бозарша, таңқурай, балқурай, мыңжапырақ, қарақат сияқты тау шөптерінің әрқайсысының емдік қасиеті мол. Ақбас шыңдардағы мұздықтардан ағып келетін тау өзендерінің минералға қанық суын да сіміре бергіңіз келеді. Міне, осындай отты жерде жайылған төрт түлігіңіздің еті де, сүті де дәру болғанда, қия шыңның бөктерінде өскен өсімдікті ғана қорек ететін бұғы-маралдардың мүйізі алтынға бағаланады десе де болғандай. Бір кездері шет мемлекетерден келіп жинап алып кететін бұл шаңырақтай мүйіздерді бүгінде катонқарағайлықтардың өздері де өңдеп, кәдеге жаратуды меңгеріп алған. Мәселен, ауданда «Ақсу-Дэен», «Баян» сияқты бұғы мүйізінен дайын өнім өндіретін кәсіпорындар бар. Олардың өнімдері астана мен Алматының сауда сөрелерінде толып тұр.
Катонқарағайдың ең негізгі шаруашылықтарының бірі – марал шаруашылықтары. Жыл он екі ай өсіретін бұғыңыздың еті емес, мүйізі бағалы. Оның құрамында адамның иммундық жүйесін нығайтатын түрлі пайдалы дәрумендер, липидтер, фосфолипидтер, амин қышқылы бар. Баланың білегіндей жұп-жұмсақ болған кезінде аралап кесіп алатын бұл мүйіздің пайдасы ұшан-теңіз. Шипажайда ем алушылар «срезка» деп айтатын бұл науқан шілде айына тура келеді. Ал тамыздан бастап бұғы мүйізі қата бастайды. Міне, осы мүйіз кесу сәті катонқарағайлықтар үшін күнделікті қара жұмыстың бірі болса, туристер үшін шоу бағдарламасы десе де болғандай. Өйткені таңсәріден мүйіз кесуге жиналатын ем алушылардың бәрі мүйіз кесетін станокқа кіргізген бұғыға төнеді. Амал қайсы, станок қысқан тарпаң жануар оқшырайып баданадай көздерін аударып, төңкергені болмаса тырп ете алмайды. Міне, әп-сәтте шаңырақтай айбынды мүйізін кесіп алған соң шаруашылық қызметкерлері тұқылынан аққан қанды спиртті ішімдік құйған ыдысқа жинап, келушілерге ұсынады. Әлгі белге қуат беретін «пантокриніңіздің» ең негізгісі осы. Ал кәсіпорындар мөрлеп, құтыға құйып шығаратын өнімге қосымша дәрілік шөптер, тағы басқа қоспалар қосылады. Кесілген мүйізді әуелі консервациялау үшін қайнатады. Қайнаған мүйіздің сорпасы қосылған бұлауға (ваннаға) шипажайға келушілер шомылады. Күнделікті екі мәрте қабылдайтын осы сеанс адам денсаулығына өте пайдалы. Ағзаның иммундық жүйесін нығайтады. Бұлшық етті нәрлендіретін, теріні жасартатын қасиеті де бар. Яғни ең сапалы косметиканың да сипатына ие. Сондай-ақ қыстыгүні тиетін тұмау мен суықтың алдын алады. Шорбуын, құяң, остеохондроз, артресклероз, асқазан жарасы, қаны аздық, белсіздік ауруларына жақсы ем болады. Ақыл-ой күйзелісі мен дененің шаршауын басады. +38+43 градуста дайындалатын астаудағы бұлауға түскен соң Алтайдың дәрілік шөптерінен дайындалған фитошайды Алтай балымен бірге береді. Дел-салыңыз шығып терлегенде, денедегі зиянды заттар да термен бірге шығып, адам ағзасы тазара түседі. Зат алмасуды, ас қорытуды жақсартып, ұйқыны реттейді. Сондықтан беймаза тірлікке бейім қалалықтар үшін бұғы бұлауымен емдейтін шипажайлар мың да бір ем десе де болады.
Соңғы екі жылда әлемді шарпыған індеттің дауасы да осы жерде секілді. Себебі мұнда Алтайдың аты алысқа кеткен балқымызы бар. Әр ауылдың төңірегінде дерлік бие сауушылар қоныстанған, ақшаңқан киіз үйлерін тігіп, қымызханаларын ашқан. Жол бойы тоқтап, тіл үйірген саумал мен қымыздан шөл басуға болады.
Топқайың шипажайының иесі Дәурен Қалибеков те туризмнің кластерлік жүйесін қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсап жатыр екен. Әлбетте, алыс ауылда қызмет көрсету нысанын ашу қиынға соқса да туған ауылын түлетуді жеке кәсіпкерлікпен ұштастыруды ойлаған шаруақор азаматқа отбасы да, туған-туыстары да болысып жатқанына риза боласыз. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызметте болған Дәурен Тоқтасынұлының өзі шипажай жұмысына басшылық жасап, керек-жарағын қамдаса, зайыбы Гүлвира әкімшілік, ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіреді. Ұлдары Жандос пен Ислам бұғы мен жылқының, төрт түліктің бағымына жауапты. Әжесі Гүлжамал биелердің күнделікті бес сауымын қамтамасыз етеді. Майын шайқап, сүзбесін сүзіп, аппақ құрттарын сөреге жаяды. Қыздары Назерке мен Жанерке шипажайдың ас-суын қамдап, тазалығын, басқа да қат-қабат жұмысын тап-тұйнақтай реттеп отырады. Ауылда көзін тапқан азаматқа жұмыс жеткілікті. Содан да болар, жаздың ұзақ күнінде төрт түлікке жемшөп, бұғы-маралға сүрлем даярлауға де уақыт тауып, үйде құс та, бал арасын да өсіріп отырған отбасының еңбек үлгісі үйренетін үрдіс.
«Топқайыңның» сәнмен сап түзеген демалыс үйлерінің қатары алдағы жылдары арта түспек. Қарағайдан қиып салған үйлердің сапасы да жоғары болады. Іргеден салып жатқан құрылыс басындағы шеберлер қазір Катонқарағайда үй бағасы арзан екенін, жарты ғасыр бұрын ағаштан салынған үйлердің материалдарын әлі де пайдалануға болатынын айтады. Иә, уылжыған уыз табиғаты қандай көрікті болса да, ауданда адам азайып барады. Көшіп кетушілер көп. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп Оралхан Бөкей жазғандай, Алтайдың алты ай қысы да шаруа адамын қажытып жіберетіні рас. Десе де осы бір Қазақстанның Швейцариядай шұрайлы жеріндегі атақонысын сақтап, шаруасын дөңгелетіп отырған адамдардың ерік-жігеріне риза боласыз.