Қоғам • 07 Қыркүйек, 2021

Жүз мыңнан астам алматылыққа жәрдем көрсетті

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын қолдауға бюджеттен 30 млрд-тан астам теңге бөлініп, қазіргі кезде оның 14 млрд теңгесі игі мақсатқа жұмсалған. Жыл басынан бергі аралықта 132 мың алматылық әлеуметтік қолдауға ие болған.

Жүз мыңнан астам алматылыққа жәрдем көрсетті

Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат бас­қар­­масының басшысы Назира Тоғыз­баева Өңірлік коммуникациялар қыз­ме­тінің баспасөз конференциясында осы бағытта атқарылған жұмыстардың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрсетіліп жатқанын, осы орайда аз қамтылған азаматтарға, мүгедектерге қолдау көрсетілгенін атап өтті.

Ал жыл соңына дейін «Еңбек» бағ­дарламасы аясында 13,8 млрд бө­лі­ніп, бұл қаражат 24 мыңнан астам адамды қолдауға жұмсалатын болады. Н.Тоғызбаева атап өткендей, осы жылдың 7 айында 55 мың адам әлеуметтік төлемнің 17 түрімен қам­тыл­ды. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан (27 112 теңге) аспайтын отбасыларға төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отба­сы­ларға, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтарға, зейнеткерлерге, мүгедектерге және басқа да мұқтаж жан­дарға қарайтын отбасыларға беріледі. АӘК міндеті – жұмысқа орналасу және қиын өмірлік жағдайдан шығу. Сондықтан олар жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, бұл олардың материалдық жағдайын жақ­сартуға мүмкіндік береді. Осы жылдың 7 айында Алматы қаласының 22,7 мың аз қамтылған азаматтарына 1,1 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Ведомство басшысының дерегінше, өткен жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар АӘК алушыларға гигиеналық құралдар, тұрмыстық химия мен балалар тағамдары кіретін кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Жоба Magnum сауда желілері арқылы жүзеге асады. Келісімшарт сомасы 8 656 баланы қамтамасыз ету үшін 607 млн теңгені құрайды. Бүгінде 5,5 мың бала қамтамасыз етілген. Сонымен қатар АӘК алушыларына теледидар мен газ жабдықтары беріледі. Тағы 27 мың адамға 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемнің басқа түрлері ұсынылады.

Н.Тоғызбаеваның айтуынша, осы жылдың жеті айында Жұмыспен қамту орталығына 27 мың адамнан өтініш түскен. Қазіргі кезде жұмысқа орналастыру жоспарланған 19 700 адамның 17 900-і еңбекпен қамтылып отыр. Олардың қатарында 8 700 адам тұрақты жұмыспен қамтылғандар, 9 200-і уақытша орналасқан. Қазіргі кезде әлеуметтік жұмыс орындарында 1 100 адам жұмыс істесе, 1 500 үміткер жастар практикасына жіберілді. Білім беру ұйымдарының сұранысына орай тағы 800 түлекті жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Қоғамдық жұмыстарда 6 600 адам еңбек етуде.

Қала тұрғындарының жаңа маман­дық­тарды игеру мәселесін қозғаған Н.Тоғызбаева «Қысқа мерзімді курс­тар біліктілігін жоғалтқан немесе мамандығын өзгерткісі келетіндерге арналған. Алматының 34 оқу орнында 41 мамандық бойынша 1 мыңнан астам адам білім алуда», деді. Сонымен бірге еңбек нарығында жас түлектердің бәсекеге қабілеттілік деңгейі төмен екендігіне ерекше назар аударған басқарма басшысы қалада жастарға қажетті жұмыс дағдыларын алуға және жұмысқа бейім­делуге кө­мек­те­­с­уге бағытталған бірін­ші жұ­мыс жо­басы іске қосылғанын жет­кіз­ді. Жоба аясында жұмысқа орналас­ты­ру жоспарланған 212 адамның 116-сы жұмыспен қамтылған. Айта ке­тер­лігі, қала тұрғындары мен өтініш берушілер жұмысқа орналасу үшін Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласа алады. Сондай-ақ enbek.kz электронды еңбек биржасы порталындағы бос орындар тізімімен таныса алады. Н.Тоғызбаева сонымен бірге осы жылы 757 алматылықтың 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа, яғни өз бизнесін жүзеге асыруға 583 мың теңгеге ие болғанын жеткізді. Кәсіпкер болғысы келетіндер үшін негізінен тігін, аспаздық, маникюр, шаштараз және басқа да қызметтер бо­йын­ша жеке істерін ашу мүмкіндігі бар.

Ал жыл басынан бергі аралықта 127 867 отбасына қайырымдылық көмек көр­с­етілген. Оларға киім, аяқ киім, тұр­мыс­тық техника, ыстық тамақ, мү­ге­дек арбалары, спорт клубта­ры­на жазылу және тағы басқалар берілді. Басқарма басшысы осы орайда мұқтаж жандарға көмек көрсеткені үшін алматылық кәсіпорындар мен ұйымдарға алғысын білдірді.

 

АЛМАТЫ