Қоғам • 07 Қыркүйек, 2021

Оқырман неге өкпелі?

598 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ойлы мақала көрсе олжаға кенелгендей қуанатын оқырман үшін газет-журналдардың уақтылы жеткізіліп тұрғаны жақсы-ақ. Соңғы кездері басылымдардың дер кезінде таратылмауы төңірегінде сын-ескертпелер жиі айтылып жүр. Бұл жайт басқа-басқа, ұлт руханиятының орталығына баланатын Алматыда ақсап жатса, алыстағы ауылдар туралы айтудың өзі қиын...

Оқырман неге өкпелі?

Технократия салтанат құрған дәуірде дәстүрлі басылымдардың болашағы бұлыңғыр дейтін пікірге бой алдыра қоймайтын ойлы оқырман күнделікті тіршілік тынысын жылт етпе сайттардан гөрі мерзімді басылымдардан оқығанды тәуір көреді. Биылғы алғашқы тоқсанда «Қазпошта» акционерлік қоғамы жариялаған деректі ескерсек, елімізде газет-журналға жазылудың жалпы көлемі 55,6 млн дананы құраған. Бұл көп болмаса да, аз көрсеткіш емес. Ал басылымға жазылу үшін соңғы тиы­нын сарп еткендерді сарыла күттіріп, пошта жәшігіне телміртіп қою – санаға сыймайтын іс.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл мәселені қозғауға түрткі болған оқыр­ман хаттары. Солардың біріне назар салып көрейік.

 – Мен бас басылымның 47 жылдан бері оқырманымын. Бірақ кеңестік кезеңде де және осы жылға дейін газетті үйге алдыруда дәп осындай бассыздыққа тап болмаған едім. Үйге «Egemen Qazaqstan», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерін, «Абай», «Мағжан» журналдарын алдырып оқимын. Электронды нұсқадан гөрі қағаз арқылы оқыған мың есе әсерлі. Бұған дейін басқа да қазақша газеттерді алып келгенмін. Биылғы шілдеден бері ол ойымнан бас тарттым. Себебі наурыздан бастап бізге қызмет көрсететін 46-пош­та дұрыс жұмыс істемей, газеттерді кешіктіріп әкелді. Пошта тасушының тұрақтамайтынын айтты. Әсіресе, «Егеменнің» кешігуі шаршатты. Күнделікті жаңалықтан құр қаласың. Тамызда тіпті сорақы болды: газеттердің бір аптадан кейін келуі үрдіске айналды. Себебін білдім: 46, 57, 60-пошталар біріктіріліп, газеттер 57-пош­тада таратылатын болыпты. Бұған да көндім. Бір аптадай газеттер дұрыс келгендей болды.

Өткен аптада газеттер мүлдем келген жоқ. 6 қыркүйек күні сол 57-поштаға бардым. Пошта тасушының жалақының аздығына байланысты жұмыстан шығып кеткенін, бұдан былай газеттерді өзімнің алып тұруым қажеттігін айтты. Соның өзінде «Egemen Qazaqstan» газетінің 1, 3 қыркүйектегі сандары жоқ болып шықты. Кейін тауып берулерін өтініп, қызметкер әйелдердің ұялы телефондарын сұрап едім, мұндай телефон жоқ екенін сылтау етіп, шығарып салды. Жұмыстарынан айырылып қалу қаупінен болса керек. Қызмет телефондары істемейді екен, ақшасы төленбеген. Міне, оңтүстік астанадағы пошта тасымалы осындай масқара күйге жетіпті. Бұлай жалғаса берсе, ұлттық мәдениеттің маңызды бір ошағынан айырыламыз.

Бұл – қазақ баспасөзіне төн­ген үлкен қауіп. Ана тіліміз­дегі газет­тер мен журналдар­дың тара­­лы­­мы күрт төмендейді. Ал төл га­зет­­терді өз уақытында ал­мауың ауа жет­пегенімен бірдей. Бұл мәсе­ле­нің басын ашып, дер кезінде шара қолданбаса, ұлттық баспасөз­­дің болашағы бұлыңғыр болады. Газет тасымалын дұрыс жол­­ға қоймай, баспасөз де іл­гері бас­пай­ды, – деп ашынады Қазақ­­стан Жазу­шылар одағының мү­ше­­сі, про­фессор Серікқазы Қорабай.

1

Редакциямызға телефон шал­ған Бекен Нұрахмет пен зейнеткер Секер Айтбайқызы да осы мәселені қаузап, газет тасымалы ісіне көңілдері толмайтынын алға тартты. Әлбетте, аталған жайт Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де өзекті мәсе­леге айналғанына аймақ­тардағы әріптестеріміз арқылы хабардармыз.

Айталық, бұған дейін «Дәстүр» журналының бас редакторы, ақын Қасымхан Бегманов «Бас редакторлар клубы» бас қосып «Қазпошта» жұмысының кемшіліктерін талқылағанын желіге жазған болатын.

«...Біздің этнографиялық «Дәс­­түр» журналы жарық көр­гелі 12 жыл болыпты. Қазір жур­­нал­дың тұрақты оқырман­дары қал­ып­тасты. Нұр-Сұлтан­дағы Қазпоштаның №ОПС-13 бөлім­шесінен «Дәстүр» журналына 2021 жылға жазылған 98 оқыр­ман­ның ақшасын оператор қыз алып, олардың қолдарына заңды түбір­тектерін (квитанцияларын) бе­ріп жіберген. Сөйтіп сол оператор қыз 98 оқырманның бір жылдық ақшасын өз қалта­сына салып алғанын, оны жаратып қой­ғанын мойындады. «Мо­йын­дады» дегеніміз жай жеңіл сөз бол­ға­нымен, оны дәлел­деп шығу үшін ре­дакция мен оқыр­ман­дар­ға екі ай уақыт керек болды. Өз кінә­ларын біле тұра «редакция жур­нал­ды кем беріпті» деп, бізді кінәлады. Әйтеуір соңында мо­йындады.

Бірақ сол қыздың да, «Қазпошта» басшыларының да «біздің тарапымыздан осындай сорақы іс жасалды-ау» деп қысылғанын бай­қамадық. Кері­сінше өзімізге теп­сініп, қат­қыл сөйлеп, бізді кі­нәлі еткісі кел­­ген­дерін көрдік. Бұл көріп тұр­ған­дарыңыздай сот­қа бері­летін қылмыстық іс. Бі­рақ біз қазақылыққа салынып, «12 жылдан бері әрең жинаған оқыр­ман­дарымызға сол журналдарды қайта басып шығарып, жеткі­зіп берсеңіздер болды» деп, кешір­дік» дейді Қасымхан Бегманов.

«Saryarqa Aqparat» Медиа­хол­дингінің директоры Қамбар Ахметов те осы тұрғыдағы өз ойын ортаға салды: «Қазпошта» қызметінде күрмеуі қалың күр­делі мәселе көп. Газет оқитын оқырман азайды десек те, нағыз оқырмандар іріктелді. Өңір-өңір­де басылымды асыға күтетін ағайын аз емес. Солардың дені бізге телефон шалып, газеттің өз уақытында жет­пегені былай тұрсын, мүлдем жо­ғалып кете­тін жағдайлар да кез­де­сеті­нін жеткізіп жатады. Бұл ұят нәрсе. Басылымдар «Қаз­пош­­таның» жазылым үшін ал­ған қаржысы­нан бөлек, жет­кізіп берулері үшін тағы да қомақ­ты қаржы төлейтінін баса айта кеткім келіп отыр. Қазір оқырмандардың газетке, жалпы қазақ басылымдарына жазылатыны екіталай. Өйткені қай басы­лым­ға жазылса да, «Қазпошта» оны үй­­лері­не уақтылы жеткізіп бе­­ре­­­ті­ні­не үлкен күмәнмен қа­рай­­ды. Оны көз­дері көріп отыр. Әбден үміт­­тері үзілгенде редак­ция­ға ха­бар­­­ласып жатады. Біз не іс­тей ала­­мыз, шығарған басы­лым­дары­мыз­ды «Қазпоштаға» жет­кізіп бере­міз. Әрі қарай біз­дің мін­детімізге жат­пайды. «Қазпош­та» осы­лай кете берсе газеттер жа­бы­­лып тынады», деген әріптесі­міз жүйе жұмы­сын цифр­лы стандарттармен жетілдіре түсу керек деп есептейді.

«Көсеуі ұзынның қолы күй­мейді» дегендей, мұндай проб­лема айтыла қалғанда таяқ қара­пайым пошташыларға тиеді. Ми қайнатар ыстық пен ақ қар көк мұзда табанынан таусылып газет таситын жандардың да жанай­қайы жоқ емес екен. Мәселенің бір ұшы сонда жатыр. Оларға төленетін жалақы мардымсыз. 32 жыл Алматыда пошташы қызметін атқарған көп­балалы ана Сағыныш До­санова өз ойымен бөлісті. Пошта ісінің ыс­тығы мен суығын тегіс бі­ле­тін маманның пікірі төмендегідей.

«Пошташының жұмысы көп еленіп-ескеріле бермейтін еңбек қой. Біздің де «арқалағанымыз алтын, жегеніміз жантақ». 70-80 мың теңге жалақы алып, таң­нан кешке дейін тепеңдейміз. 60 мың теңге алатындар да бар. Бұл қызметкердің көңіл күйіне де әсер етпей қоймайды. Пош­та­шылардың жұмысына салғырт қарауының негізгі себебі осы ғана. Ал жуырда іске асқан «Біздің адамдар» жобасы мәселе­ні тіптен ушықтырды. Кей­бір қыз­мет­керлер өз еркімен жұмыс­тан кетіп жатыр. Солардың бірі ғұмырының 32 жылын осы салаға арнаған менмін. 37 жыл сонда жұмыс істеген әріптесім Гуля Әнуарбекова да негізсіз жұмыс­тан кетті. Өзім қала шетіндегі Боралдайда тұрамын. Таңғы 5-те көзімді тырнап ашып жұмысқа кетемін. Жаңадан енгізілген жоба біз үшін тиімсіз. Еңбегіңе сай ақша аласың дейді. Сонда зейнет демалысына санаулы жыл­дар қалған біз қайтпекпіз. Жастар­мен бәсекелесе аламыз ба? Енді қараптан-қарап далада қалдық», дейді Сағыныш Досанова.

Сағыныш ханым тілге тиек етіп отырған жоба туралы білмек үшін «Қазпошта» өкілдеріне хабар­ластық. Осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау мен Атырау облыстарында қанат қаққан жоба бүгінде басқа өңірлерге де ене бастаған.

– Ағымдағы жылдың 1 қыр­кү­й­е­гінен бастап «Біздің адамдар» жобасы іске қосылды. Бұл жобаның артықшылығы әр пош­та қызметкері өзінің атқарған қызметіне сай еңбекақы алады. Айталық, 20 газет апарған қыз­мет­кер мен 70 газетті дітте­ген межесіне жеткізген маман­ның жұмысы жер мен көктей. Осыны дұрыс бағалау, қызмет­кер­лерді ынталандыру – жобаның басты артықшылығы. Бұл – заман талабы. Қарапайым мамандардың кірісін көбейту, еңбек өнім­ділі­гін арттыру, қызмет сапа­сын жақсарту біздің басты мақ­саты­мыз. Десе де барлық қызмет­керлер бұл жүйеге ауыспайды, Алматы қаласы бойынша шамамен 160 пошташы «Біздің адам­дар» жобасы негізінде келі­сімшартпен жұмыс істей бас­тайды. Мәселен бұрын пошта қызметкері тек қана жалақыға иек артса, бүгінде газетті немесе хат-хабарды нақты жеткізу арқылы табысын еселей алады. Жеткізбеді ме, табысы да төмендейді. Мұның бәрі түптеп келгенде газет-журналдарды, хат-хабарларды оқырманға дер кезінде жеткізуге бағытталған қадам, – дейді «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы басшысының орынбасары Нұрдәулет Қабылов.

Басшылық жобаның артық­шы­лықтарын алға тартқаны­мен қа­тар­дағы қызметкерлер жүйе­нің кемшін тұстарын да жіпке тізіп берді. Айталық, қызметкер­лер бұрынғыдай заңды еңбек демалысына шыға алмайды, әлеумет­тік пакеттер алмайды, есесіне көп ауқымда тапсырыс орындап табысын еселеуіне мүмкіндік бар. Әлбетте, мұның денсаулығы мық­ты жас қызметкерлер үшін тиімді тұсы болғанымен, Сағы­ныш секіл­ді егде тартқан мамандар үшін оңай болмайтынын ескерген жөн секілді.

Әңгіменің ұшы газеттің өз уа­қы­­тында жеткізілмеуінен туын­д­а­ған болатын. Жауапты мамандар жаңа жүйе бұл олқылық­тың ор­­нын толтырады деп сен­дір­ді. Десе де бұл қап-қап газет-жур­нал ар­­­қалап жүрген қатар­да­ғы қыз­мет­­­керлерге салқынын тигіз­бесе игі еді. «Қазпошта» АҚ бас­пасөз қыз­­­метінің өкілі Венера Мұс­та­фи­­на: «Оқырмандар газет-жур­нал­­­дар­­дың уақтылы кел­меуіне бай­­ла­­ныс­ты қандай да бір нара­зы­­­лық туын­дап жатса, 1499 бай­ла­­ныс ор­­та­лығына немесе 7 7272 590 605 нө­міріне тегін хабарласып, то­­лық мән-жайды анықтай ала­ды. Әр оқырманның талап-тілегі біз үшін маңызды. Post.kz қосым­ша­сында және сайтында 89 қызмет қарас­тырылған, жыл соңына дейін қосымша 100-ге жуық қызмет іске қосылады» деп атап өтті.

Біржақты пікір айтудан аулақ­пыз. Қолымызға қалам ұстатқан – басылымды оқырманмен қауыш­тыратын басты көпір қыз­метіне серпін керек деген көптің тілеуі болатын. Сөз орайы келгенде, мемлекеттен мол қаржы алып отырған алып ұжымның шаруасы ширай түссе деген тілегіміз бар.

АЛМАТЫ