Тарих • 08 Қыркүйек, 2021

Күшілік ханның күміс теңгесі

780 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көне нумизматикалық бұйымдар өткен тарихты зерттеуге, әсіресе көмескі оқиғалардың уақытын нақтылауға табылмас дерек. Мысалы, 1979 жылы Алматы қаласының Ленин даңғылы бойында орналасқан Шекара училищесінің маңайынан табылған таңбалы нумизматикалық дирхамдар шаһардың жасын анықтауға бірден-бір дерек болды.

Күшілік ханның күміс теңгесі

Осындай нумизматикалық мәні бар заттың бірі – Күшілік ханның күміс теңгесі. Бұл жәді­герді өткен ғасырдың 90-шы жылдары дүние бүлініп, құнды бұйымдар талан-таражға түсіп жатқан тұста танымал нумизматор һәм шығыс эпиграфикасының білгірі, Алматы қаласының тумасы Владимир Настич азиялық қалта саудагерлердің бірінен сатып алған екен.

Қазіргі таңда Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану инсти­тутының бөлім меңгерушісі Вла­димир Нилович әуелі, күміспен ап­тап, қоламен қаптаған бұл жә­дігер 1213-1214 жылдары Эл-Узжанд (Үзген, Өзген, Үз­гент) қаласында құйылғанын анық­таған. Бұл шаһар қазір Қы­рғыз Республикасы Ош облысындағы аудан орталығы ретінде белгілі. Қаланың көне орны Қарадария өзеннің оң жағалауында орна­ласқан. Шаһар ХІ ғасырда Күшілік ханның ордасы болғанын тарихтан білеміз.

 Тарихты тарқатып айтар болсақ, 1204 жылдың жазында Шыңғыс хан әскері Найман елін шапты. Қадырғали Жалайырдың жазуына қарағанда, ұрыс кезінде Таян хан қайтыс болып, бүтін ұлысы жеңіліске ұшырайды. Таян ханның ұлы Күшілік аман қалған сарбаздарын бастап Бес­балық арқылы шегініп, Шу аңғарында билік құрып жатқан Ляо патшалығына келіп бас сау­ғалайды. Кешікпей Күшілік сұлтан билікті өзіне аударып алады. Тарихшылардың айтуына қарағанда, бұл оқиға 1212 жылы болған екен. Арада көп уақыт өтпей 1218 жылы Күшілік хан Жебе ноян бастаған моңғол қосынынан жеңіліп қаза тапқаны жайлы «Моңғолдың құпия шежі­ресінде» айтылады.

Шығыстанушы Владимир Настич 1998 жылы жоғарыдағы күміс теңгенің қос бетіне жазыл­ған жазуларды оқып, оның аудармасын ғылыми ортаға жариялапты. Күміс теңгенің сол жақтағы бөлігінің бетіне араб тілінде «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп жазылса, осы жазудың жиегін айналдыра қоршап «Алланың атымен бұл дирхам (теңге) хиж­раның 610 жылы Узжанб қа­ласында құйылды» деген жазу жазылған екен. Ал теңгенің ке­лесі бетіне (суретте оң жақта) «Аш-жалаңаш бұқараны бай, бағлан болдыратын Khānān-Khān мың жасасын» деп жазылып, осы жазуды айналдыра «Бұл дих­рам хижраның 610 жылы Уз­жанб қаласында құйылды» деген жазу жазылған (Настич В. Н.За­гадочный узгендский «голодный» дирхам 610 г. х. – чекан карахытайского гурхана? // 6-я Всерос. нумизмат. конф.: ТДС . – СПб . – 1998 . – С. 59-60).

Жоғарыда тиын бетіне бә­дізделген «Khānān-Khān» атауын В.Н.Настич: «Бұл сөз «Хан­дар­дың ханы» деген ұғымды біл­діреді. Яғни Ляо елінің би­лігін басып алған Күшілікті сол за­ман тарихшылары «Қара Ки­дан­ның Гүр ханы» немесе «Хандардың ханы» деген лақап атпен белгілеген», дейді.