Есімі ел ұранына айналған «Домалақ ана» өмірде болған адам, шын есімі – Нұрилә Мизамбекқызы. Тарихи деректерде ол кісіні VI-VII ғасырлар тоғысында өмір сүрген деп айтады. Он тоғыз жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Жұртқа даналығымен, даралығымен және ерекше қасиетімен сыйлы болған әулие анадан тараған ұрпақтарының бәрі ел билеген. Сондықтан да жаңа шығармадағы ардақты ана бейнесі айшықты көркемделіп, терең сипатталған. Бас кейіпкер – Нұрилә партиясын әлемге танымал опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы жеріне жеткізе орындап, асқақ дауысымен ана махаббатының күшін сезіндіре білді. Айта кетейік, биылғы қаңтар айында талантты тұлға жоғарыда аталған өнер ұжымына басшы болып келгені мәлім.
Сондай-ақ Бәйдібек би рөліндегі Жұмабек Қаңтарбаевтың өнері де ешкімді бейжай қалдырмады. Хазірет партиясын Айбек Қанатбек пен Марат Оразметов көркем сомдады. Туындыдағы Марау ханым (бәйбіше) рөлін меццо-сопрано, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина орындаса, Зеріп ханымды (бәйбіше) Майгүл Микижанова келісті ойнады. Сонымен қатар операдағы хор және балет әртістерінің үйлесімділігін де айрықша айтуға болады, олар шығармадағы кішігірім кейіпкерлерді бейнелі жеткізді.
Жаңа премьераның либреттосын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дарынды режиссер Асхат Маемиров ақ параққа түсірсе, музыкасын белгілі композитор Тасқын Жармұқамет жазған. Сонымен бірге Шымкент симфониялық оркестрінің дирижері Мәди Өмірзақтың еңбегін де ерекше айтқан жөн. Әсіресе ұлттық нақышпен тігілген костюмдер мен декорациялар қойылым қаһармандарын өткен дәуірге жақындата түсті. Бір сөзбен айтқанда, Михаил Панджавидзе мен Қайрат Құлыншақовтың режиссерлік шеберлігі – көрермендерді жылы сезімге бөледі.