Президент • 09 Қыркүйек, 2021

ІТ-нарықтың аяқ алысы жақсарады

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде цифрландыру саласында бәсекелестік жоғары. Сондықтан Қазақстан үшін заманауи цифрлы технологияларды енгізу әрі қолдану өте маңызды. Бұл үшін отандық ІТ-секторды дамыту керек. Президенттің биылғы Жолдауда бұған ерекше мән беруі де тегін емес.

ІТ-нарықтың аяқ алысы жақсарады

Дәлірек айтқанда, Мемлекет басшысы цифрландыру туралы ұлттық жоба аясында кем дегенде жоғары санатты 100 мың IT-маман әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте экспорттық және цифрлы сала бойынша тауар қызметі 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн долларға жетуі тиіс. Президент мемлекеттік секторды цифрландыруда осы және өзге де міндеттерді қайта қарастыруы қажет екенін алға тартты.

100 мың ІТ-маманды әзірлеу қиындық тудырмайды. Әрине, кадрларды даярлау Білім және ғылым министрлігінің құзы­ретіне жатады. Дегенмен Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі де игі іске атсалысатыны анық. Astana Hub технопаркі де қалыс қалмақ емес.

Мәселен, Цифрлық даму ми­нистрі Бағдат Мусиннің тапсырмасына сәйкес біздің технопарк­те Tech Orda жобасы жүзеге асы­ры­луда. Бұл – ақпараттық-ком­му­никациялық технологиялар сала­сындағы адами капиталды дамы­туға бағытталған бағдар­лама. Бағ­дарлама студенттердің ІТ-са­лада білім алуына қаржы бөледі.

Айталық, Білім және ғылым ми­нистрлігі жоғары оқу орын­дарына грант бөлсе, біз қысқа мер­зімді уақыт ішінде жеке­мен­шік мектептерде ІТ-дағды­лардың қалыптасуына күш саламыз. Оқу 6 айдан 2 жылға дейін­гі мерзімді құрайды. Атал­ған бағдарлама бойынша бес жылдың ішінде 20 мың заманауи ІТ-маманды даярлау жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, Қазақ­стан­дағы ІТ-нарықтың экономикадағы үлесі аса жоғары емес. Дегенмен сала дұрыс бағытта әрі жедел түрде дамып келеді. 2018 жы­лы Astana Hub технопаркі құрыл­ды. Технопарк ІТ-саладағы ком­панияларға толыққанды қол­д­ау көрсетеді. Оның ішінде са­лық­­тық жеңілдіктер де бар. Бү­гін­де Astana Hub-қа 520 ІТ-ком­­па­­­ния тіркелген. Үш жылдың ішін­­де олардың таза табысы 150 млрд теңгені құрады. Ал 2020 жыл­­ғы экспорттық табысы 14 млрд теңгеге тең.

Бұл көрсеткіштердің әлі де өзгеретіні анық. Өйткені біздің тарапымыздан үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бағдарламалық оқу курстары, бизнес-инкубаторлар, стартаптарды акселерациялау өз жемісін береді деп сенемін. Сондай-ақ технопарктің базасында Alem бағдарламалаудың инно­вациялық мектебі жұмыс істей­ді. Ол әлемге әйгілі француз мек­тептерінің моделіне негізделген.

Біздің саладағы негізгі проблема – адами капиталдың азды­ғы. Президенттің бұған назар аударуы өте орынды. Қазақстан ІТ-са­лада ірі табыстарға қол жет­кізуі үшін білікті кадрлардың санын көбейтуі керек. Сондықтан Пре­зи­денттің бұл бастамасын толық қолдаймыз және оның жүзеге асырылуына барын­ша үлес қосамыз. Ол үшін отан­дық ма­ман­дарды даярлауға басым­дық бермекпіз. Оның ішінде өңір­­­­лердегі жұмысты барынша жан­­дандыруға тиіспіз. Бұл – бір. Екін­­шіден, шетелдік ІТ-маман­дар­ды тартқан абзал. Олар үшін біз­де жеңілдетілген визалық ре­жім қа­рас­тырылған. Оның үстіне шет­ел­­дік стартаптар 20 млн тең­ге көле­міндегі қаржыны ала алады. Олар­ға бір ғана шарт қойы­лып отыр – Қазақстанға қоныс ауда­­руы керек. Қазірдің өзінде Astana Hub-қа 50-ге жуық шетел­дік ко­м­пания тіркелді. Демек, біз­дің нарық шетелдіктер үшін тартымды.

 

Мағжан МӘДИЕВ,

Astana Hub технопаркінің бас директоры