Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін өңдеушілер және қайта өңдеушілердің қатысуымен Мәскеу мен Қазақстан аймақтарының арасында ынтымақтастықты кеңейту аясында бизнес-форум өтті.
Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін өңдеушілер және қайта өңдеушілердің қатысуымен Мәскеу мен Қазақстан аймақтарының арасында ынтымақтастықты кеңейту аясында бизнес-форум өтті.
Басқосу аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық холдингі өкілдері мен кәсіпкерлерден тұратын еліміз делегациясы өз өнімін ұсынып, мәскеулік сауда-саттық алаңдарын, сондай-ақ әлеуетті серіктестердің өндіріс базаларын аралады.
Қазақстандық өндірушілер үшін Ресей, оның ішінде 20 миллион халқы бар Мәскеу перспективалы өткізу рыногы. Осыған байланысты форумның басты мақсаттарының бірі – кәсіпкерлер арасында тікелей ынтымақтастықты жолға қою және олардың ықпалдасуы үшін оңтайлы экономикалық режім құру. Форум тек сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтіп қана қоймай, ауылшаруашылық өнімдерін өткізу және өндіру саласында тәжірибе алмасуға ықпал етпек, дейді шараны ұйымдастырушылар.
Бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының тұрақты дамып жатқан секторларының бірі. Соңғы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау көлемі 3 есеге өскен. Бизнестің белсенді қатысуымен әзірленген салааралық «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығын қолдау көлемі 4,5 есеге ұлғаймақ және 2020 жылдарға қарай шамамен 3 трлн. теңгені құрамақ.
Өткен жылы АӨК жалпы өнім көлемі 2,5 триллион теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2001 жылы 535 млрд. теңге көлемінде болған. Сондай-ақ, экспорттың тұрақты өсуі байқалған. Соңғы 5 жыл ішінде 2 есеге ұлғайып, 2013 жылдың 10 айында 425 млн. АҚШ долларына жеткен.
«Егемен-ақпарат».