28 Қаңтар, 2014

Маңғыстау межесі биік

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

p8kiwsp22hc8o4wgw4wcМемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына үн қосу, онда айтылған міндеттер мен бағыттарды зерделеу, соған орай өңірлерде жасалатын жұмыстарды бағамдап, пысықтап алу үшін түрлі жиындар өтуде. Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен актив жиналысының өзегі мен өрбітері де Жолдау болды.

p8kiwsp22hc8o4wgw4wc

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына үн қосу, онда айтылған міндеттер мен бағыттарды зерделеу, соған орай өңірлерде жасалатын жұмыстарды бағамдап, пысықтап алу үшін түрлі жиындар өтуде. Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен актив жиналысының өзегі мен өрбітері де Жолдау болды.

– Жолдаудың басымдықтары Елбасының тұрақты дамушы мемлекет құруға деген саяси бағытының бірізділігін көрсетті. Жолдау – жоспарлау саясаты, ұзақмерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен «Мәңгілік Еліміздің» тағы бір стратегиялық жоспары. Онда ұзақмерзімді бағыт-бағдарлар, ел дамуының алдағы қысқа мерзімді кезеңге арналған басым бағыттары айқындалған. Бұл жоспар біздің дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы істерімізге жаңа серпін берері сөзсіз, – деді облыс әкімі А.Айдарбаев.

Жолдауда нақты міндеттер қойылды. Міндеттерді орындауға және жүзеге асыруға болады. Ол үшін барлық алғышарттар бар. Сол себепті, оны мүлтіксіз, сапалы және толық іске асыру мақсатында депутаттық корпуспен, барлық деңгейдегі әкімдермен, үкіметтік емес сектормен, қоғамдық ұйымдармен бірге айқын іс-қимыл жоспарын жасап шығару, басымдықтарды анықтау, Жолдаудың әр тармағы бойынша нақты индикаторлар белгілеу қажет. Осылай деп ойын сабақтаған облыс басшысы аудан, қала әкімдері, салалық басқармалар басшылары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, жастар және БАҚ өкілдері қатысқан ауқымды жиынның бағыт-бағдарын айқындап берді. Одан әрі Жолдауда көрсетілген басым және басты бағыттарға жеке тоқталып, олардың Маңғыстау өңірінде жүзеге асу мүмкіндіктерін тарқата сөйлеген А.Айдарбаев Елбасы тапсырмаларын орындаудың аймақтағы нақты тетіктерін ортаға салды.

Жолдаудағы геологиялық барлау жүргізу тапсырмасы Маңғыстаудың сайын даласына соқпай кетпейді. Геологиялық болжам бойынша, еліміздегі жалпы мұнай қорының 25 пайызы, яғни 2,6 млрд. тоннасы Маңғыстау жерінде. Жаңаөзен қаласы маңындағы Қансу жеріндегі көгілдір отын қоры 20 млрд. текше метр деп есептеледі. Жолдауда айтылған көмірсутегі шикізатына қатысты тапсырмаға орай биыл Қансуда геологиялық барлау жұмыстары басталмақ. Сондай-ақ, елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де маңызды. «Әсіресе, жаңа зауытты мұнай-газ саласына маманданған Маңғыстауда салудың мүмкіндігі мол деп есептеймін. Сол себепті, осы жобаға қатысты жұмыс тобын құруға тапсырма бердім. Қазіргі таңда ғалымдар, тәжірибелі мұнайшылар, экономистер мұрағат құжаттарын зерделеп, мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты зерттеулермен айналысуда», деді А.Айдарбаев.

Актив жиналысында Жолдаудағы логистика саласы бойынша Ақтау портының қуатын арттыру тапсырмасына сай аталған портты солтүстік бағытқа кеңейту жұмыстарының жалғаса беретіндігін білдік. Сонымен қатар, «Ақтау арнайы экономикалық аймағын» жетілдіру, кәсіпкерлік, әлеуметтік салаларды өркендету, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамыту бағытындағы атқарылар шаруалар тізбектелді. Олардың бірі – Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласынан ет өңдеу зауытын және құс фермасын салу.

– Қазақ тілінің біздің өңірімізде қолдану аясы өте ауқымды. Алайда, мекемелерде, әсіресе, шетелдік компанияларда мемлекеттік тілде іс жүргізу жұмыстарының мардымсыз екенін білемін, – деген облыс әкімі барлық мекемелердің, шетелдік компаниялардың басшыларына ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіруді, өз қызметкерлеріне тұрақты түрде қазақ тілі курстарын өткізуді тапсырды.

Жолдаудың жүгі – елдің жүгі, жолы – елдің жолы. Сондықтан, оны бірлесе көтеріп, жұмыла әрекет ету шарт. Жиында сөз алған әр буын, әр ұлт өкілдерінің сөзі осыған сайды.      

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар