Әдебиет • 09 Қыркүйек, 2021

Құбылыс

609 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Нағыз ақындардың өмірі өлгеннен кейін басталады» деген, ел арасында мәтелге айналып кеткен тәмсіл бар.

Құбылыс

Франция халқы Бальзакты соңғы сапарына шығарып салғанда, Парижді қылышының емес, қаламының құдіретімен бағындыруға серт берген суреткер қабірі басында Гюгоның дуалы аузынан шыққан аталы сөздің айтылғанына 170 жылдан асыпты. Содан бері сан ұрпақ ауысып, дүние-майданның қиян-кескі шайқасында тән қиналғанда, жан да қоса шыңғырып, талай-талай құндылықтарды ой елегінен өткізіп, қайта саралағанымызға қарамастан, әлі күнге дейін ұлы ақындардың шығармашылық ғұмырының баянды да, берекелі болуына өлген соң ғана жол ашылуы өмірдің жазылмаған заңдылығына айналғандай.

Әдетте, әлемнен үйлесім іздеген екі аяқты саналы тіршілік иесінің шеңберден шықпай, адалдық пен арамдықты таразы басында тең ұстағандай кейіпте жүретін жан­дарға бүйрегі бұрып тұратыны жасырын емес.

Жұмақтан қуылып, Жер бетінен ба­қыт іздеп адасқан адам табиғаты солай жа­ра­тылған, оның көңілі тұрақтылықты жақсы көреді, жаны әлеммен жарасымда болғанды қалайды. Ал найзағайлы қара бұлттай отты жырлары жүрегімізді жандырып жібере жаздайтын мінезі шатақ, шайқы шайырлардың көбісі өмірде де кең дүниеге симай аласұрып, ноқтаға басы маталып, асау тағдырымен арпалысып, фәниден өтеді. Ауыздықтауға көнбейтін мұндай тарпаңдардың дәм-тұзы таусылған күнге дейін жұртқа жағып, жақсы атты болуы екіталай. Шындығында да ресми билік қырын қарағаны үшін үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған Дантелер мен басынан дос түгіл дұшпан сөзін асырмай, ажалына асыққандай аласұрып, ақыры дуэльде қаза тапқан Пушкин мен Лермонтовтардың көзі тірісінде елдің сүйкімдісі болуы мүмкін бе еді?

Сыршыл суреткер қайтыс болған соң оның өмір сапарындағы әрекетінің бәрі тоқтап, артына мирас етіп кеткен рухани қазынасы, шығармалары ғана қалады. Уақыт өткен сайын күні кеше ғана соншалықты мән беріп, жағымыз талғанша талқылап келген пендешілік тақырыптардың маңызы жойылып, санадан сыпырылып, бірте-бірте оқырман талантты тұлғаны саяси көзқарасы, істеген қызметі, дүниені дүрліктірген даңқына қарап емес, шығармалары арқылы ғана бағалай бастайтын болады. Егер суреткер оқырман сезіміне әсер ететін кемел туын­дылар жаза алмаса, мына қу тір­ші­лік­те қол жеткізген табыстары – іс­те­ген қызметі, алған атағы, марапаты мен сыйлықтарының бәрі әдірам қа­ла­д­ы. Ен­ді­гі жерде шығармаңнан алатын ләззат­тан басқа әңгіменің оқырманға керегі ша­малы.

«Ат басы алтын берсе табылмаған, Сы­ба­ғам қайда менің алынбаған?» деп ақын­дық құдіретінің бағаланбағанына назаланып, жүрегін жаралаған жан қайғысын өлеңімен емдеген Мұқағали Мақатаевқа жер басып жүргенде мемлекеттік дең­гей­дегі сыйлықтар түгіл, кіші-гірім ма­ра­пат­тардың бірі де бұйырмапты. Шы­ғар­ма­шы­лық кеші де өтпепті. Бүгінде биліктің шү­лен таратқандай болып елдің бәріне үлес­тіріп жатқан орден, медальдерінің бі­рін де ол алмапты.

Өлген соң өмірінде беруге қимаған атақ-даңқтың бәрі оны өзі іздеп тапты. Том-том кітаптары шықты. Жыр-мұ­ра­сы ең көп оқылатын тұлғаға айналды. Өкпе­лет­кендер аруағынан кешірім сұ­ра­ды. Көзі тірісінде қадірін білмеген жұрт, енді онымен бір заманда өмір сүр­ге­ні­мен мақтанып, естеліктер жазып кетті.

«Аманат» атты кітабының Мемлекеттік сый­лықты иеленуі де еліміздің рухани өмі­рін­дегі айтулы оқиға болды. 1999 жылы халық қалауымен оған Қазақстанның ең жоғары сыйлығы берілгенде, марапат Мақатаевтың емес, Мақатаев марапаттың мәр­тебесін көтеріп жібергендей бір әсер кө­ңі­лімізде нық орнығып қалған. Найзағай жырлары Рух аспанының биігінде ақ алмастай жарқылдап, әсерлі әндері қазақ да­ласын тербеген сыршыл лирикке елі­міз­дің ең беделді сыйлығы берілгенде жұрт мәз болып, талантының еш те болса кеш бағаланғанына қатты қуанды. Тірі­лер­ді өлгендердің аруағымен жарыстырып қоюдың дұрыс емес екенін іштей мойындағаныңмен:

Тамұққа барады алып, мына құрғыр,

Құлауға пәс-ақ қалып тұрағым тұр.

Қуанып өтем бе деп келіп едім,

Түн сайын оңашада жыладым кіл.

 

Жұртым-ау, жылаудың да себебі бар,

Неге сонша алдымнан келеді жар?

Сен келіп селбеспесең,

қайран жұртым,

Сенделіп екі ортада өледі жан, – деп дәрменсіздіктен күйзеліп, халықтан қайран күтіп, жал­ғаннан жақсылық дәмет­кен ақынға, неге ел-жұртының өлгеннен ке­йін осы сыйлықты әперуге соншалықты ыс­тық ықылас танытқанын түсінуге де бо­л­ады.

 Ақынның ең ұлы сыншысы – халық. Жыр алы­бының аңыздық бейнесіне табынып, өз қиялдарында онымен күнде сырла­сып, өлеңдерін өліп-өшіп оқып, аруағын разы еткісі келген халық талабының бәрі дұ­рыс, бәрі орынды, бәрі заңды. Қалың қа­зақтың көңіл-кесесіне симай ақтарылған рия­сыз махаббаты ризашылық сезіміңді туғызып, шын сүйсіндіргенімен, «шіркін-ай, осыншама көл-көсір құрметтің бір ұшығын ол көзі тірісінде көргенде ғой» деген сыңайдағы бір өкініш отының тұтанып, өзегіңді өртейтін кездері де бар.

Амал нешік, әлдекімдердің алдында құл­дық ұрып ақталғысы, аяқтарының ас­тын­да тапталғысы келмей, басын тауға да, тасқа да соққан мінезді ақынның өмірі өлең-отына өртеніп өлді. Қазақ поэ­зия­сы­ның жарық күніндей болып жар­қы­раған Мұқағали Мақатаев 1976 жылы бар-жоғы 45 жасында көз жұмып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым

елеңдестің.

Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, – деп егіліп сыр толғаған біртуар ақынның әде­­би ортаға танылып, бұрқыратып өлең жаз­ған шығармашылық ғұмыры қам­­­­шы­ның сабындай келте өмірінен де қыс­қа болды. Бар-жоғы он бір жылдай уақыт. Міне, осы азғантай мерзім ішін­де тілінен бал мен у тамған сыршыл ли­рик­тің «Ильич» (1964), «Армысыңдар дос­тар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Ақ­қулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым ме­нің» (1975) кітаптары шығып, жырсүйер қауымның жүрек төрінен орын алды. «Өмірдастан» таңдамалысы 1976 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көргенімен, аурухана төсегіне таңылып, дерті асқынып, ауыр хәлде жатқан ақын, жанары жәудіреп, сыртқы мұқабасын ғана қолымен ұстап, кітап болып шыққаннан кейінгі қызығын көре алмай дүние салды. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали мил­лион­даған адамдардың аузын ашып, көзін жұмғызған кемел туындыларын 34 пен 45 жас аралығында жазып, азғантай уақыт ішінде жүрек қойнауынан тапқан құн­ды қазы­насының бағасын беруді келер ұр­пақ­қа, яғни, мына бізге аманаттап кетті.

Қазынам бар.

Біреуге берсем бе екен?!

Өкпелейді-ау бермесем,

Берсем, бөтен.

Бар байлықты қойныма тығып алып,

Әлде мына қүмдардай өлсем бе екен!?

 

Қазынам бар,

Біреуге қисам ба екен!?

Ренжиді-ау қимасам,

Қисам, бөтен.

Әлде мына даладай бар байлықты

Бір өзім иемденіп, жисам ба екен!?

 

Қазынам бар.

Тәуекел, сатсам ба екен?!

Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен.

Әлде мына таулардай бүркеніп ап,

Бүк түсіп, теріс қарап жатсам

ба екен?

 

Қазынам бар.

Қисапсыз шектеледі.

Қызғанады біреулер, жек көреді.

Бермеймін де, сатпаймын,

көрсетпеймін!

Алам десең,

Алдымен зертте мені...

Он бір жылдай уақытта ақындық жү­рек­тен туған рухани байлықтың қанша­лық­ты құнды екенін осы жолдар айқын аңғартып тұрғандай.

Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қас-қағым мезгіл ішінде түрлі баспалардан Мұ­қа­ғалидың сегіз кітабы жарық көріп үлге­ріпті. Бір қарағанда мұндай кеңшілік кез-келген ақынның маңдайына бұйыра бер­мейтін сирек бақыт сияқты болып та көрі­н­еді. Әйткенмен, осыған орай айтылып жатқан пікірлер бір-біріне қайшы келіп, елді екіұдай сезімнің құшағында қал­дырып жүр.

Замандастарының бірі Мұқағалидың өмірден көп жақсылық көрмегенін, сыба­ға­­сынан айырылып, шөміштен қағыл­ға­нын айтса, екіншілері, керісінше, қо­ғам­нан шеттетіліп, бейнет тартқанын жоққа шы­ғарып, оны дәлелдеп жанталасуда. Мұндай кезде шындықтың шылбырынан ұстай алмай, кімнің сөзіне сеніп, кімнің жа­ғына шығарыңды білмей басың қатып, дағ­дарып қалатының рас.

Біз Мұқаға­лидың заман­дасы­ емес­­піз. Ақын­­мен дәмдес болған қа­ламгерлердің естеліктерін оқып, сол дәуірдің тынысын сезіп, картинасын көз алдымызға елес­теткенімізбен, дәл олар­дай шын­дық­тың теңізіне терең бой­лай алмаймыз. Соған қарамастан, әдебие­тім­іздегі Мұ­қағалидай сом алтынды жете таны­ма­ған, лайықты бағасын бере алмаған құр­дастары мен замандастарының шын­ды­ғына күмәндануға біздің де хақымыз бар. Сондықтан да біз көп жағдайда елдің сөзінен гөрі, жүрегінің түбіне кір сақ­тамаған сыршыл лириктің жырла­ры­на жүгініп, ақиқатты бытырадай шашылып жатқан шындықтардан емес, ақынның тағ­дырлы туындыларынан іздейміз. Мұ­қа­ғалидың күнделігін оқып шық­қа­ны­мызда, осы таңдаған жолы­мыз­дың дұрыстығына көзіміз жете түсті. «Егер бір кездерде менің өмі­рім, шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем».

Расында да, өзі туралы ақыннан асы­рып кім айта алады? Жүрек сырын, нәзік жанын кім одан артық түсінеді? Те­рең­де тұнып жатқан дауыл күйді, тер­бетіп, тула­тып қозғайтын ақын туындылары тұр­­ғанда шындықты басқа жақтан із­деу­де қандай қисын бар? Біз үшін көзі тірі­сінде біреуісі талантын мойындап мақ­та­ған, екіншісі беймәлім себептермен сы­наған, үшіншісі қадірін біліп аяған, төр­тіншісі тасадан тас атқан, бесіншісі қо­лы­нан келгенше көмектесіп, алтыншысы аяқ­тан шалған – аға, іні, құрдастарының шын­дығынан гөрі, өз өмірін өлеңмен өр­­нектеген ақын ақиқаты бәрінен де ма­ңыз­ды, қымбат болуы тиіс қой. Ал біз­дің оқыған өлеңдеріміз Мұқағалидың жа­­ғасы жайлауда жүрмегенін дәлелдеп, қайта керісінше, өмірінің ауыр болғанын ай­ғай­лап жеткізіп, көкірегі қарс айырыла жаз­дап жылап тұр.

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

...Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем

мұнша халім...

 Үміттің соңғы жібі үзіліп, бір бітеу, меңіреу қабырғаға тірелгендей болып шара­сыздықтан айтылған, не деген мұңлы сөздер! Досқа жарымай, өмірдің думан­ды базарынан жылап қайтқаннан асқан қандай қасірет бар, мына дүниеде. Пана­сыз, сорлы жетімдей еңіретіп, нәзік жанын ойран еткен мұндай қайғының шаң­дақ дауылы жалғаннан жұбаныш іздеп жа­быр­қап, амалының жоқтығынан ажал ар­қа­нына мойнын созып құлазыған ақын жү­ре­гінде ғана соғады.

Ақын болып несіне жаратылдым,

Арасында қап қоймай қара түннің.

Қасиетін сезем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Қу тірлікке құл болып, аяң басып,

Құлашымды жая алмай баратырмын.

 

Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,

Аттап өттім олардың қия белін.

Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,

Жия бергім келеді, жия бергім.

Маңдайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

Тағдырының аянышты да, ауыр бол­ға­нына қаламын қасіретінің қанына малып отырып жазған, сүйектен өтетін ақын сөз­дері­нен артық сізге қандай дәлел керек? Ақыр­ғы аманатын айтқандай болып жыр­ла­ған, өмір шырағы сөніп бара жатқан ақын шындығына неге құлақ асқымыз кел­мейді?

Не күйде жүргенімді көресің бе?

Мен сөніп баратырмын, сенесің бе?

Қай майданнан оралған жауынгермін,

Жарадан сау-тамтық жоқ денесінде.

Мұқағали сөздің киесі барына сеніп, бойтұмарындай қастерлеген, қадірін жақсы біліп оны қалай болса солай оңды-солды шашып қолдана бермеген, Құ­дайсыз қоғамда өмір сүре отырып, Ал­ланы аузынан тастамаған, жүрегіне иман қарлығашы ұя салған – текті талант. Маймылдан жаратылғанына күмән­данып, қазақ ақындарының ішінен Адам Ата мен Хауа Ана тақырыбын алғаш­қы болып жырлаған – сезімтал лирик. Және жаратылысқа жан бітірген періш­те сұлулықты көзімен көргендей сурет­теп, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын қай­та­лан­бас екі құбылыс – әйел мен еркектің оңа­ша қалғандағы сәтін кестелі тілмен көр­кемдеп, қалай әсерлі, әдемі жеткізген де­сейші.

Не керемет бізді мұнда тастаған?!

Ол да менен, мен де одан жасқанам.

Айналайын Адам Ата, Хауа Ана,

Алдыменен қайсың едің бастаған?

 

Әлде, сен бе, айналайын Хауа Ана,

Қауызын ашқан гүлге ұсап қараған?

Адам Ата, әлде сен бе ақ гүлден,

Нәр алғанды тіршілікке балаған.

 

(Айтарым бар сендерге

мен мақтанып),

Сендер батқан күнәға біз батпадық,

Тұрған болар, әйтеуір, бір от жанып,

Жанып барып, жанып

барып тоқтадық.

 Алпысыншы жылдары өлең өлкесіне дүбірлетіп келіп, қолтаңбасын қалдырып, киелі шаңыраққа бір-бір уық болып қадал­ған Мұқағали замандастарының қай-қай­сы­сы да осал емес. Бірақ әдебиеттің алып мұхитына өз арнасымен келіп қосылған ақын­дардың ішінен дінін сатпайтынын жұрт­қа жария етіп, пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (ғ.с.) үмбеті екенін Мұқағали ғана жама­ғатқа батыл айта алды.

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды

қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім?

 

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным,

түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

 

Мұхаммедтің үмметі мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын тағалам ант етем, ант етемін,

Алла есімін жүректен ұшырған күн»

Ендеше мына біздің, жауһар жырлары еркімізді билеп, ет-жүрегімізді елжіретіп, сезі­мімізді жаулап алған Мұқағалидың мил­лиондаған оқырмандары тар кезеңде де Ал­ласына сиынып, асыл дінін ұмытпаған әулиенің:

Достыққа жүрмін,

Достыққа жүрмін құмартып!

Өлгелі жүрмін,

Өзіме-өзім мін артып...

Жауыздың барып, жанына

уәзір болғаннан,

Достардың барып, ауласында

өлген мың артық,

– деп өзегін өртеп, өмірін өк­сіт­­кен өкінішті өлеңімен жеткізген жа­най­қайына қалай күмән келтіреміз? Дү­ние­­ден дос таппай, сең соққандай сенделгенде жалғыз серігі жүрегімен ғана сырласып, қи­налып, қапаланып, құсалықтан қай­ғы­рып өлген мұңлықтың сөзіне сенбеуге бола ма?

Жүрегіңіз бар болса, Мұқағалидың­ ин­тим­­дік лирикасын айтпағанда, табиғатқа тіл бітірген жауһар жырлары­нан да ақын жа­­н­ын жегідей жеген өкінішті сезбеу, та­лай­­сыз тағдырының басын шалған қайғы-қасіреттің мұнарын байқамау мүмкін емес қой.

Күз секілді биылғы көктем маған,

Күреңітіп тұрады...

Неткен жаман?!

Кеше ғана

Керемет кешкен ғұмыр

Бүгін маған секілді өткен заман.

Немесе:

Жас терексің жапырақ жая алмаған,

Біз – жолаушы саяңда аялдаған.

Біз кетеміз, қаласың, тұлдыр терек,

Салқын бола алмады саяң жаман.

Сондай-ақ:

Мына келген жазым ба –

ақ таңым ба?!

Қайта оралған құсым ба бақтарыма?

Қарғыс айтып отыр ма қарлығаштар,

Менің жүдеу кешегі шақтарыма?!

Мұқағали поэзиясының лирикалық «мені» жарыққа үйір көбелектей өздігінен отқа түскенімен, екінші жағынан, кез-келген ақынның ең ұлы байлығы – рухани қазынасы, өлеңдері емес пе деген ой да келеді кейде басыңа. Көңілі көбе­лектей алып-ұшқан ақындардың жиі-жиі отқа қанатын күйдіріп алып жа­т­атыны қалыпты құбылыс емес пе, тәйірі. Шығармаларының тасқа басылып, кітап болып шығып, халық игілігіне айналғанынан артық ақынға қандай мәртебе, қандай бақыт керек? Ендеше сегіз жыр жинағын оқырманға ұсынып үлгерген Мұқағалиды мүсіркеуге біздің моральдық қақымыз бар ма?

Әрине, Құдай берген қабілетін құр­мет­теп Мұқағалиға бір сыйлық немесе атақ әпере алмағанымыз ақынның емес, біздің арымызға сын боларлық ұятты іс. Бірақ айтыңызшы, билікке көрсеткен қызметін бұлдап, қос-қостан сыйлық алып, атаққа тоймаған қаламгерлердің қайсысы тарихта қалды? Ақынды өнер шыңына шығаратын шығармалары ғой. Көзі тірісінде даңқтары дүниені дүрліктіріп мемлекетіміздікін айт­па­ғанда, одақтық, халықаралық дең­гей­­дегі сыйлықтардың бірінен соң бірін қалдырмай алған, атағынан ат үріккен ақын­дардың пендешілік табыстары есім­дерінің ұмытылмауына себептесе ал­ды ма? Неге жұрт олардың емес, атақ пен сый­лықты дәметпек түгіл, жат жұрт­та қал­ғандай болып, басына бақ құсы қонбай оңашада жалғызсырап жылаған Мұқа­ға­ли­дың жырларын құмартып оқиды? Күн­де­лікті күйбең тіршілік, күйкі өмірдің құлына айналып кетпей, мәңгілікпен ғана сыр­ласып, ұлы адам болып өмір сүрудің қиын тағдыр екенін ақынның өзі де мо­йын­­дапты.

Тағдыр дейміз,

 Тағдыр дейміз ашына,

Талақ тағдыр, күйбең тірлік алдайды.

Ақымақтың бақ боп қонып басына,

Ақылдыдан аулақ кетер, бармайды.

 

Көзден ақса жүректегі қан-жылға,

Табына кеп тағдыр дейміз

жаншылып.

Біле тұра ұры арбекеш – тағдырға,

Уайымды ұстатамыз қамшы ғып.

 

Тағдыр дейтін бос сөз, бос сөз,

жарандар,

Өтірікке санаңдар!

Тағдырыңды жасайтын да адамдар.

Тағдырыңды бүлдіретін адамдар!

Әйткенмен, тұрмыс-тіршілігі қиын болғанымен, сегіз кітабы шыққан ақынның шығармашылық тағдыры ауыр болды дегенді айтуға аузың бармайтыны да рас.

Сегіз кітап сырт көзге аз олжа емес­тей кө­рін­генімен, көлемі сәбидің ала­қа­­нындай ғана шағын, пышақтың қы­рын­дай жыр жинақтарын көріп, қолыңа ұстағанда көңілің қоңылтақсып, алғаш­қ­ы ойыңнан айнып, ақын талантын құр­мет­теген қошеметтің біз ойлағандай зор бол­ма­ғанына көзің жете түседі. Жыр сү­лейі­мен бір заманда өмір сүрген өзге елдің көрнекті шайырлары Расул Ғам­затов, Қайсын Кулиев, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлерді халқының қалай төбесіне көтергені елдің бәріне аян. Ал арды жанынан да биік қойып, ақындарымен мақтанғанда өзге ұлттарды шаң қаптырып кететін мына біздің, шығар­ма­шылық қабілеті олардан артық болмаса, бір мысқалдай да кем емес Мұқағалидай тау тұлғаның жібі түзу бір жыр жинағын дұ­рыстап шығарып бере алмағанымыз ел­дігімізді айтпағанда, азаматтығымызға сын емес пе?

Көрнекті ақын, әрі ғалым Әбділдә Тәжі­баев жыр сүлейінің қайтыс болғанына бір жыл толғанда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің 1977 жылғы 26 нау­ры­зындағы санында үлкен мақала жазып Мұқағали өлеңдеріне шолу жасай келіп «...оқырман қауым ақынның жарық көрмеген тамаша өлеңдері өте көп екенін біле бермейді» деген-тұғын. Поэзияға төрелік айтып, өкшесін басқан іні­сінің талантын бірінші бағалаған Әб­діл­­да ақсақалдың сөзіне қарағанда, Мұ­қа­ғалидың түрлі себептермен кітап­та­ры­на енбей қалған туындылары өте көп бол­ғанға ұқсайды. Өнімді еңбек еткеніне қара­мастан, айрықша талант иесі екенін тап басып, тани алмағанымызды академик сыншы Мұхамеджан Қаратаев та 1981 жылы Мұқағалидың 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баян­дамасында айтып кетіпті. Осыған орай, артына соншама мол мұра қалдырған ақынның кітаптары неге жұпыны болып шықты деген заңды сұрақтың жауабын іздеудің реті де, жөні де келіп тұр.

 

Амангелді Кеңшілікұлы

(Жалғасы бар)