Қоғам • 12 Қыркүйек, 2021

Бізге атом электр стансасы қажет пе?

19731 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 3 қыркүйекте Ресейдің Владивосток қаласында өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында «Қазақстанға атом электр стансасы қажет» деп атап көрсетті. Бұл сөзді Президент осымен екінші мәрте қайталап айтты.

Бізге атом электр стансасы қажет пе?

 «Атом» десе, біздің халық ат тонын ала қашады. Міне, содан бері «Атомнан аулақ!» деп байбалам салған жұрт әлеуметтік желіні өртеп жіберуге шақ қалып тұр. Әрине, олардың «сау басымызға сақина тілемейік!» деген жақсы көңілін түсінуге болатын шығар. Бірақ біздің «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» демей, хайппен емес, байыппен бағамдап, алдымен бізге АЭС не үшін қажет болғанын ғы­лыми түрде зерттеп көргеніміз дұрыс. Сонда ғана Президенттің «Қазақстанға атом электр стансасы қажет» деген мәлімдемесінің мәнін толық түсінер едік.

«Атом» десе болды, біздің халық­тың есіне алдымен Екінші дүниежүзілік соғыс­та атом қаруынан қырылған жапон, одан қала берсе келмеске кеткен Кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс, Семей полигоны түседі. Біз көбіне оның қауіпті жағын ғана білеміз. Ал екінші жағы – энергия көзі тұр­ғы­сы­нан қарағанда, оның әлдеқайда қа­уіпсіз екенін, үш ұйықтасаңыз да тү­сіңізге кірмейтін өнімді энергия қай­нары екенін біле бермейтін көрі­не­міз.

Әлемде қазірге дейін 500-ге тарта атом электр стансасы бар. Оның көбі АҚШ пен Еуропада орналасқан. Одан кейін Жапония, Қытай, Ресейде де бар. Сонымен бірге басқа дамушы елдерді қосқанда, жалпы 50 мемлекетте ядролық реактор бар. Елімізбен одақтас Беларусь, Арменияда ядролық реактордың иелері. Төмендегі кесте әлемде ядролық реакторы бар елдер:

Атом электр стансасына қажетті шикізат – уран 235 (U235). Оның мөл­ше­рі табиғи уранның құрамында өте аз, 1%-дан төмен. Қалғаны – U238. Сондықтан U235 құрамын кө­бей­ту үшін байыту технологиясы қол­да­нылады. Оны әдетте шамамен 4%-ға дейін көбейту қажет. Қазіргі уа­қыт­та зерттелетін және әзірленетін жыл­дам реакторлық технология U238-ді тікелей қолданады. Бұл уранның (U-ның) пайдалану коэффициентін едә­уір арттырады. Атом бомбасында қол­данылатын отын концентрациясы 90%-дан жоғары U235 немесе PU239 (PU239 табиғатта жоқ және оны ядро­лық реакторда нейтронды бом­ба­лау арқылы өндіреді). 1 кило уран бө­лі­ну арқылы 1 мың тоннаға жуық жо­ғары сапалы көмір энергиясын шы­ғара алады. Ал синтезделсе тіпті жой­­қын энергия пайда болады. Елі­міз­­де Уранның сақталу мөлшері әлем бойынша бірінші орында тұр. Бұл біздің атом энергиясына қажетті ши­кі­заттың қайнарына кепілдік береді. Атап айтқанда, еліміздің АЭС салуда бас­қа елдерге қарағанда әлеуеті әлде­қай­да жоғары.

Cарапшылардың болжауынша, қа­зір елімізде электр энергиясының сұ­ра­нысы күннен-күнге артуда. Сұраныс 2030 жылға қарай 136 млрд кВт/сағ, ал 2050 жылы 172 млрд кВт/сағ-қа дейін өседі екен. Сондықтан сұранысты қа­на­ғаттандыру мен тозған электр стан­са­ларының жұмысын тоқтатып, қайта жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай 11-12 ГВт тоқ тарата алатын жаңа қон­дыр­ғылар қажет болса, ал 2050 жылға қарай 32-36 ГВт тоқ тарататын жаңа қон­­­­дырғылар керек екен.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, электр энергетикасы саласына зор өзгерістер жасады. Алайда  түбе­гей­лі өзгерістер жасай алған жоқ. Оның құ­рылғылары әлі 1960-1980 жылдары пай­далануға берілген энергетикалық құрылғылардың негізінде тұр.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша Қазақстанның жы­лу электр энергиясының қуаты – 18 935,7 МВт. Оның 53%-ы (10 052 МВт) құрылғысы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Гидроэнергетикалық қуаты 2 636,7 МВт болып, оның да 69% (1840 МВт) құрылғысы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Жалпы, 145 дана турбиналық қондырғының 26%-ның (38 дана, 2860 МВт) пайдалану мерзімі мүлдем өтіп кеткен. Ал оның 35 данасының (4280 МВт) пайдалану мерзімі алдағы бес жылда аяқталады.

Демек, еліміздің электр энергетика саласы алдағы жақын жылдары үлкен сын-қатерлерге дөп келіп тұр. Мұны Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агент­тігінің төрағасы Серік Жұ­ман­ға­рин биыл 12 ақпанда бұқа­ралық ақ­парат құралдары брифингінде «қа­зір­ше электр қуаты жеткілікті бол­ға­­нымен, алдағы 2-3 жылда Қазақстан электр қуатынан тапшылық көреді» деп растады.

Тағы бір мәселе, электр энергетика өн­дірісінің өңірлерге бөліну ахуалы мен тиімді электр энергетика көздерінің салыстырмасы қазіргі экономикалық дамумен кері мәнге ие. Яғни электр энергияны көп тұтынатын дамыған өңірлерде электр стансасы аз, даму процесі баяу жүріп жатқан солтүстік өңірде электр стансасы көп.

«ҚазАқпарат» ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы электр энергетика өнді­рі­сі негізінен солтүстік, батыс және оң­т­үстік өңірлерге бөлінген. Елдегі электр энергетика өндірісінің 79,2%-ы солтүстік аймаққа, 10,8%-ы батыс ай­маққа, 10%-ы оңтүстік аймаққа тие­сі­лі. Жылу электр энергиясы қазақ­стан­дық энергетикалық жүйеде басым орынды ұстап, оның ішінде көмір энер­гиясымен электр өндіру 75%, таби­ғи газбен өндіру 10,1%, мазутпен өндіру 4,9%, ал гидроэнергетиканың ұстайтын бөлігі 9%-ды құрайды.

Жасыл энергия көздері – жел, күн энергиясының энергетика көздеріндегі ұстайтын салыстырмасы елімізде өте аз.

Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік өңі­рінің экономикалық дамуы солтүс­тік өңірге қарағанда жылдам. Осыған байланысты, электр энергиясына сұраныс та күннен-күнге өсіп келеді. Еліміздің солтүстік өңірінде электр энергиясының бір бөлігін Ресейге экспорт жасаса, оңтүстік өңірінде к­е­рісінше импортқа сүйеніп отыр. Элек­тр энергиясының мұндай теңге­рім­сіз таралуы еліміздің электр энер­гия­­сының өзіндік құнын қымбатқа түсі­руде. Энергияның қымбатқа түсуі – та­уар өндірісінің қымбаттауы. Бұл отан­дық өнімді бәсекелестік қуаттан айырады.

Сонымен бірге тиімді электр энер­гетика көзі болып табылатын гидро­электр стансаларының еліміз­де­гі тапшылығы энергетикалық стра­тегиялық қауіпсіздік жүйесіне бола­шақта қауіп төндіруі мүмкін. Әлмисақтан бері бір елдің екінші елге тәуелді болмауы мен экономикалық кіріптарлыққа тап болмауының кілті оның энергетикалық қауіпсіздігінде. Еліміз мұнайға, көмірге, темірге және басқа қазба байлықтарға зәру бол­мағанымен электр энергиясын өндіретін су энергиясына зәру. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздік жағындағы әлсіз тұсымыз. Елімізде ағып жатқан өзендердің бастауының көбі көрші елдерден келеді. Біз бұл өзендерді электр энергиясына айналдыру емес, осы сулармен ауыз су мәселесі мен егіс алқаптарын су­л­ан­дырып алсақ, соның өзі шор-шор алтын болайын деп тұр. Ал эко­ло­гия­лық таза энергия болып та­бы­латын жел энергиясы мен күн энер­гиясын пайдаланып электр энер­ге­тика сұранысы мен қауіпсіздігін түбегейлі шешудің ауылы әлі де алыс. Оның себебі: бірінші, жел мен күн таза жасыл энергия болғанымен оның өзіндік құны су және көмір, газбен өндірілетін электрден әлдеқайда жоғары. Екінші, таза жасыл энергияның елімізде зор мөлшерде өндірілуіне және аумақтық қамту көлемін шексіз арттырудың мүмкіндігі жоқ немесе аз. Үшінші, жел энергиясы мен күн энергиясы жылу энергиясы мен атом энергиясына қарағанда тұрақсыз. Оның электр энергиясын аз беруі мен көп беруі бір құдайдың қолында. Сондықтан жел мен күннен алынатын электр энергиясы қазірше жылудан, судан, атомнан алатын энергияның орнын мүлдем баса алмайды. Ол тек біртіндеп дамитын энергия көзі. Ал жылу энер­гия­сын пайдалану арқылы электр энергиясын алу, оның экологияны бүлдіретін, энергия көзін барынша сарп ететін ерекшелігіне қарай, ендігі жерде ол өткен шақтың еншісінде қалады. Сол үшін адамзат тарихындағы жойқын энергия көзі – атом энергиясы ғана еліміз үшін экономикалық даму­дың қажетін қанағаттандыратын, со­ны­мен бірге энергетика қауіпсіздігін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін бірден-бір электр энергия көзі болып табылады. Қазіргі таңда еліміздің электр энергиясы қауіпсіздігін шешу биліктің алдында кезек күттірмейтін мәселе. Егер бұл мәселе оң шешім таппаса, онда билікке кім келсе де Қа­зақ­станның алдағы он жылдық да­муы туралы ауыз ашу қиын. Сон­дық­тан бізге атом электр стансасын салу қажет деп есептеймін.

Атом электр стансасы кейбіреулер ойлағандай атом қаруы емес! Екеуінің алыну әдісі ұқсағанымен, функциясы мүлдем басқаша. Атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана пайдаланып жатқан жоқ. Оны біз сияқты дамушы елдер өз игілігіне жаратып отыр. Сол үшін, «шегірткеден қорыққан егін екпестің» керін келтірмей, атом десе ат тонымызды ала қашпай, елдің ертеңін ойлап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдағанымыз дұрыс! Бізге атом электр стансасы қажет!

 

Ербосын НҰРМҰХАН,

экономист