Спорт • 13 Қыркүйек, 2021

Медведевтің мерейі үстем болды

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен АҚШ-тың ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Ерлер сайысында Ресейдің сайыпқыраны Даниил Медведевке тең келер ешкім табылмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Медведевтің мерейі үстем болды

Ақтық сында ол Новак Джоковичпен күш сынасты. Әлемдік рейтингте Новак көш бастап тұрса, Даниил екінші орынды иеленуде. Десек те 34 жастағы сербиялық саңлақтың қарсыласына қарағанда атағы әлдеқайда зор. Джокович «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді бақандай 20 рет ұтқан. Әрине, 25 жастағы Медведев ондай толағай табысымен мақтана алмайды. Осындай ірі доданың бас жүлдесі бірде-бір рет оған бұйырған жоқ. Осы жолы Даниил сол олқылықтың орнын толтырды. 2 сағат 15 минутке созылған бәсекеде ол әйгілі қарсыласын 6:4, 6:4, 6:4 есебімен қапы қалдырды.

Осылайша, біраз уақыттан бері Монте-Карлода тұрып жатқан Мәскеудің тумасы спорттық мансабындағы ең зор табысына қол жеткізді. Бұған дейін ол АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктерінде финалға дейін жеткен еді.